52-бап. Шетелдікті және азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жіберу 1. Шетелдікті және азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жіберу бес жылға дейінгі мерзімге Қазақстан Республикасының аумағына осы адамның кіруіне тыйым салу белгіленіп орындалады. 2. Шетелдікті және азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен шығарып жіберу осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті баптарында көзделген жағдайларда ғана қосымша жаза түрі ретінде тағайындалуы мүмкін және жазаның негізгі түрі өтелгеннен кейін орындалады. 4-бөлім. Жаза тағайындау 53-бап. Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi 1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға айыпты деп танылған адамға осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында белгiленген шекте және осы Кодекстiң Жалпы бөлiмiнiң ережелерi ескерiле отырып, әдiл жаза тағайындалады. 2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға оның түзелуi және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшiн қажеттi және жеткiлiктi жаза тағайындалуға тиiс. Егер жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн көзделген жазаның онша қатаң емес түрi жазаның мақсатына жетудi қамтамасыз ете алмайтын болса ғана ол үшiн көзделгендерi арасынан неғұрлым қатаң жаза тағайындалады. Жасалған әрекет үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiндегi тиiстi баптарда көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза осы Кодекстiң 59 және 61-баптарына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Жасалған әрекет үшiн неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, оның ішінде осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiндегi тиiстi баптарда көзделгеннен қатаңдығы төменiрек жаза тағайындау үшiн негiз осы Кодекстiң 56-бабында белгiленедi. 3. Жаза тағайындау кезiнде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауiптiлiк дәрежесi, айыпкердiң жеке басы, сонымен бiрге оның осы құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаны сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi.