Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
56-бап. Осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңiл жаза қолдану 1. Егер осы Кодекстің Ерекше бөлімінің адамды кінәлі деп тануға негіз болған бабында немесе бабының бөлігінде бас бостандығынан айырудан гөрі, қатаң емес жаза көзделсе, а) адамды кiшiгiрiм немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасағаны үшін соттау кезінде, ол қылмыспен келтірілген моральдық және өзге зиянның орнын өз еркiмен толтырған жағдайда; б) осы Кодекстің 225, 254-баптарында, 255-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделгендерді қоспағанда, адамды экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін соттау кезінде, қылмыспен келтірілген мүліктік залалды адам өз еркімен өтеген жағдайда, жазаның негізгі түрлері, бас бостандығынан айыру тағайындалмайды. 2. Қылмыс құрамының белгісі ретінде көзделмеген жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда, жаза мерзімі немесе мөлшері осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында көзделген жазаның неғұрлым қатаң түрінің ең жоғары мерзiмiнiң немесе мөлшерiнiң: а) кiшiгiрiм ауырлықтағы немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған кезде - жартысынан; б) ауыр қылмыс жасаған кезде - үштен екiсiнен; в) аса ауыр қылмыс жасаған кезде төрттен үшiнен аспауға тиiс. 3. Жеделдетілген сотқа дейінгі тергеу істері, сондай-ақ iс жүргiзу келісімінің барлық шарттары орындалған істер бойынша жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жазаның мерзімі немесе мөлшері осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген жазаның неғұрлым қатаң түрінің ең жоғарғы мерзімінің немесе мөлшерінің жартысынан аспауға тиіс. 4. Әрекеттiң мақсаттары мен себептерiне, айыпкердiң рөлiне, оның қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезiндегi немесе одан кейiнгi мiнез-құлқына байланысты ерекше мән-жайлар және әрекеттiң қоғамдық қауiптiлiгi дәрежесiн едәуiр азайтатын басқа да мән-жайлар болған кезде, сол сияқты топтық қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушы топ жасаған әрекеттерді ашуға белсене жәрдемдескен кезде жаза осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында көзделген ең төменгiсінен төмені тағайындалуы мүмкiн, не сот жазаның осы бапта көзделгеннен неғұрлым жеңiл түрiн тағайындауы не мiндеттi жаза ретiнде көзделген қосымша жаза түрiн қолданбауы мүмкiн. 5. Жазаны жеңiлдететiн жекелеген мән-жайлар да, осындай мән-жайлар жиынтығы да ерекше мән-жайлар деп танылуы мүмкiн.