Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
5-бөлім. Қылмыстық жауаптылықтан және жазалаудан босату 66-бап. Шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату 1. Қылмыстық теріс қылық жасаған, не алғаш рет қылмыс жасаған адамды, кінәлінің жеке басын, айыбын мойындап келуін, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, тергеуге жәрдемдескенін, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтiрген зиянның орнын толтыруын ескере отырып қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн. 2. Осы баптың бірінші бөлігінің ережелері осы Кодекстің Ерекше бөлімінің тиісті баптарында арнайы көзделген жағдайларды қоспағанда, террористік қылмысты, экстремистік қылмысты, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмысты, жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмысты, жеке басқа қарсы ауыр немесе аса ауыр қылмысты жасаған адамдарға қолданылмайды. 67-бап. Қажеттi қорғану шегiнен асқан кезде қылмыстық жауаптылықтан босату Қоғамдық қауiптi қылмыстан болған үрейлену, қорқу немесе сасқалақтау салдарынан, сондай-ақ тұтқиылдан шабуылдау салдарынан қажеттi қорғану шегiнен асқан адамды сот iстiң мән-жайын ескере отырып, қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн. 68-бап. Іс жүргізу келісімінің талаптары орындалған кезде қылмыстық жауаптылықтан босату Іс жүргізу келісімінің барлық талаптарын орындаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. 69-бап. Татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату 1. Теріс қылық немесе өлім келтірумен байланысты емес кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған адам, егер ол зардап шегушiмен, арыз иесімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянның есесiн толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады. 2. Өлім келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты бiрiншi рет жасаған кәмелетке толмаған, жүкті әйел, жас балалары бар әйел, жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркек, елу сегіз жастан асқан әйел мен алпыс үш жастан асқан еркек, егер олар зардап шегушiмен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянның есесiн толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. Қылмыстық жаупатылықтан босату кезінде кәмелетке толмаған адамға тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары қолданылады. 3. Қылмыстық құқық бұзушылықпен қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне зиян келтірілген жағдайларда, осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көрсетілген адам, егер ол шын өкінсе және заңмен қорғалатын қоғамның немесе мемлекеттің мүддесіне келтірілген зиянның орнын толтырса, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін. 4. Осы баптың ережелері, егер қылмыстық жаупатылықтан босату талаптары әрекеттердің әрқайсысына қатысты сақталған жағдайда, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша да қолданылады. Осы баптың ережелері сыбайлас жемқорлық қылмысын, террористік қылмысты, экстремистік қылмысты, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмысты, жас балаларға жыныстық тиіспеуге қарсы қылмысты жасаған адамдарға қолданылмайды.