Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
147-бап. Хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф хабарларының немесе өзге хабарлар құпиясын заңсыз бұзу 1. Жеке адамдардың хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф немесе өзге хабарларының құпиясын заңсыз бұзу - екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Адам өзiнiң қызмет бабын немесе ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды пайдаланып, не электрондық ақпарат ресурстарына, ақпараттық жүйелерге заңсыз кіру немесе ақпараттық-коммуникациялық желілер бойынша берілетін ақпаратты заңсыз ұстап алу арқылы жасаған дәл сол әрекет, - екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға, мүлкін тәркілеп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 148-бап. Тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу 1. Тұрғын үйге онда тұратын адамның еркiнен тыс басып кiру - үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Күш қолданып не күш қолданамын деп қорқытумен немесе адамдар тобы жасаған, немесе түнгi уақытта, немесе заңсыз тiнтуге ұласа жасалған әрекет, сол сияқты тұрғын үйден заңсыз шығарып тастау - екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып жасаған әрекеттер - бес жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.