Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
149-бап. Сайлау құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергi жасау 1. Сайлаушының өзiнiң сайлау құқығын немесе референдумға қатысу құқығын еркiн жүзеге асыруына кедергi жасау, сондай-ақ сайлау комиссияларының немесе референдум жүргiзу жөнiндегi комиссияның жұмысына заңсыз араласу және дауыс беруге, кандидатты, партиялық тiзiмдердi тiркеуге, дауыстарды санауға және сайлаудағы немесе референдумдағы дауыс беру нәтижелерiн анықтауға байланысты мiндеттерiн атқаруына кедергi жасау, - жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады. 2. Дәл сол әрекеттер: а) пара берiп сатып алумен, алдаумен, күш қолданып не оны қолданамын деп қорқытумен сабақтасса; б) адам өзiнiң лауазымын немесе қызмет бабын пайдалана отырып жасаса; в) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе қылмыстық топпен жасалса; г) электрондық сайлау жүйесiнiң жұмыс iстеуiнiң белгiленген тәртiбiн бұзу жолымен жасалса, - төрт мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 150-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң қызметiне кедергi жасау Қоғамдық бiрлестiктердiң заңды қызметiне лауазымды адамның қызмет бабын пайдаланып кедергi жасауы, сол сияқты лауазымды адамның өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып, осы бiрлестiктердiң заңды қызметiне олардың құқықтары мен заңды мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соғатын араласуы - үш жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екi жүз қырық сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не төрт айға дейінгі мерзімге қамауға алуға жазаланады.