Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
145-бап. Қинау 1. Тергеушiнiң, анықтауды жүргiзушi адамның, немесе өзге лауазымды адамның не олардың айдап салуымен немесе үнсіз келісімімен басқа адамның, не олардың білуімен қиналушыдан немесе үшiншi адамнан мәлiметтер алу немесе мойындату, не ол жасаған немесе жасады деп күдiк келтiрiлген iс-әрекет үшiн оны жазалау, сондай-ақ оны немесе үшiншi адамды кез келген сипаттағы кемсiтуге негiзделген кез келген себеп бойынша қорқыту немесе мәжбүр ету мақсатымен қасақана тән зардабын және (немесе) психикалық зардап шектiруi, - үш жылға дейінгі мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметтермен айналысу құқығынан айыра отырып бес мың айлық есептік көрсеткішке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Дәл сол әрекет: а) адамдар тобымен немесе алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен; б) бiрнеше рет; в) денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтiре отырып; г) кiнәлi адам жүктi әйелге қатысты көрiнеу жасаса немесе кәмелетке толмаған адамға қатысты жасалса, - үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Жәбiрленушiнiң денсаулығына ауыр зиян келтiруге немесе абайсызда оның өлiмiне әкеп соқтырған дәл сол әрекет, -
үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып бес жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Лауазымды адамдардың заңды iс-әрекетi нәтижесiнде келтiрiлген тән азабы және психикалық зардап қинау деп танылмайды.
146-бап. Жеке өмiрге қол сұғылмаушылықты бұзу 1. Адамның жеке өмiрi туралы оның жеке, отбасы құпиясын құрайтын мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз заңсыз жинау, - екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Адам өзiнiң қызмет бабын немесе ақпаратты жасырын алуға арналған арнайы техникалық құралдарды пайдаланып, не электрондық ақпарат ресурстарына, ақпараттық жүйелерге заңсыз кіру немесе ақпараттық-коммуникациялық желілер бойынша берілетін ақпаратты заңсыз ұстап алу арқылы жасаған дәл сол әрекет, сол сияқты осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған мәлiметтердi көпшiлiк алдында сөйлеген сөзде, көпшiлiкке көрсетiлетiн шығармаларда немесе бұқаралық ақпарат құралдарында немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдаланып тарату - екі жылдан бес жылға дейінгі мерзімге белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыруға немесе онсыз, мүлкін тәркілеп немесе онсыз бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.