(гр. 'metonymіa' – ауыстыру, қайтадан атау) – троптың (құбылтудың) бір түрі. Өзара байланысты балама ұғымдарды қолдану, құбылыс орнына оның ерекше қасиетін көрсету. Метафорада ауыспалы, астарлы мағына екі нәрсенің ұқсастығы негізінде туындаса, метонимияда олардың жалғастығы, айрықша белгісі арқылы пайда болады.
Метонимияның эллипсистік түрлері тілімізде жиі кездеседі. Бұлар көп жағдайда ауызекі сөйлеу барысында немесе көркем әдебиеттегі кейіпкерлердің сөздерінде ұшырасып отырады. Сондай-ақ эллипсистік метонимия көрші сөйлемдердің мазмұнынан түсінікті болып отырады: бастың дәрісі - бас аурудың дәрісі. Саған не болды? - Басым (басым ауырып тұр). Ол жүректен (жүрек ауруынан) қиналып жүр т.с.
Метонимия мынадай іргелістік, шектестіктер негізінде тууы мүмкін:
а) қимыл, әрекет пен оның нәтижесінің шектестігі: Мысалы, бояу, егеу, сайлау, жайлау, жабу, ою сияқты сөздер әрі қимыл атаулары, әрі зат атаулары болып, екі жақты қызмет атқарады. Бұлар алдымен іс- әрекет атауы болып қолданылған да, кейін соның нәтижесі ретінде заттық сипат алған. Мысалы: Өз үйінде ою оюламаған адам кісі үйінде кесте тігеді (мақал) дегендегі ою сөзінің заттық ұғымы сол сөз білдіретін іс- әрекеттің нәтижесінде туғаны сөзсіз.
ә) зат пен оның ішкі мазмұнының шектестігі. Мысалы: Қазан піскенше бәрі машина көруге кетті (Ғ. Мустафин) дегендегі қазан тамақ (ет) орнына жүмсалып жүр. Мектеп сөзі бастауыш, орталау, орта дәрежелі білім беретін оқу орнын да, сонымен бірге со л оқу орны орналасқан үйде де білдіреді. Мысалы, Штаб қыстақ шетіндегі бұзылған мектепке орналасқан еді. (Б. Момышүлы);
б) материал мен одан жасалған заттың шектестігі. Мысалы: алмас сөзі қатты асыл металл ұғымын да, содан жасалған "өткір қару» - қылыш дегенді білдіреді. Құндыз деп өзен- көлде тіршілік ететін кішкентай анды да, сонымен бірге осы анның бағалы терісін де айтамыз. Құлан қырда, құндыз суда (мақал);
в)жалқы есімдердің оларға қатысты қимыл-әрекет атауларымен байланыстылығы. Қазақ тілінде кейбір кісі аттары мен жер-су атаулары жалпы есімге айналып, белгілі сөздердің контекстік синонимі ретінде жұмсалады. Белгілі бір контексте Алдар Көсе-айлакер, қу дегеннің, Қожанасыр-аңқау, аңғырт дегеннің синонимі ретінде жұмсалады.
г) сапалық сын есімдер мен олардың заттанған мағыналарының байланыстылығы. Мұны түсті білдіретін қызыл, ақ, көк, қара сияқты сапалық сын есімдердің заттанған мағыналарымен шектестігін айқын көреміз. Мысалы: «қара» сын есімінің заттанған мағыналары мынадай: 1) қарайып көрінген нәрсе, зат. Ұрғызбаған соң алыста көрінген бір қараны қайыра қуды (Ғ. Мустафин); 2) тірек, сүйеу мәнінде. Алды- артында қара жоқ. Бұл кедей бізден көп пе еді (Қамбар батыр); 3) арамдық, зұлымдық мәнінде. Көңілінде қара жоқ, ақ ниетпен, Тым жақсы дос болуға ыңғайласты (Абай);
д) автормен оның шығармасының, болмаса шығарма аты мен оның ішкі мазмұнының байланыстылығы. Мысалы: Абайды ұнатамын.
ж) іргелес заттық ұғымдардың шектестігі. Мысалы: Бір Абай емес, биылғы жылы отырған бар ағайын, көп ауыл тегіс қаралы (М. Әуезов)
з) жалқы есімдердің бір- бірімен шектестігі. Мысалы: Шоқанда оқимын.
Мысалы, әйелді – “ақ жаулық”, әскерді – “қол”, бүркітті – “ақиық, мұзбалақ”, қылышты – “наркескен” деп айту метонимияға жатады.
Метонимия сөз образдылығы мен ойды ықшамдау мақсатында қолданылады. Мысалы, Абай “Үйі мәз боп қой сойды, Сүйіншіге шапқанға” дегенде сүйінші сұраған жандардың баспанасын емес, адамдарын айтады.