Құс қайтты Күз. Аспанға көз жіберші. Қаптаған құсты көресің. Тіпті көк аспан көшіп бара жатқандай. Мұның ішінде неше алуан құстар бар.
Олардың бірі – солтүстіктен оңтүстікке қайтқандар. Олар біздің жерде дем алады. Бірер күн аялдайды. Күш жинайды. Басқалары - өз жеріміздің қонақтары. Ең алдымен, шыбын-шіркей жейтін құстар кетеді. Олардың мұнан әрі қалуына мүмкіндік жоқ. Өйткені шыбын-шіркей тығылып қалады. Ең соңынан су құстары көтеріледі. Күздің аяқ кезінде үйректер өтеді. (66 сөз)
Жазылуы қиын сөздер: солтүстіктен, басқалары.
Соңғы сөйлемнен зат есімді табыңдар. Астын сызыңдар.
Үйрек деген сөзді тәуелдеңдер.
Құлын Азамат қалада тұрады. Күндіз балабақшада болады. Қалған уақытта әжесінің қасынан шықпайды.Әжесі оған қызық ертегілер айтады. Өлең үйретеді. Бәрін құмарта тыңдайды. Әжесінің кейбір кейбір сөздерінің мәнін ұға бермейді.
Өткен жазда Азамат әжесімен бірге ауылға барды. Ауылда бәрі қызық сияқты. Үйдің сыртында бие байлаулы тұр. Қасында құлыны бар. Тұлымшағы желпілдеген құлынды жақсы көрмеу мүмкін емес. Азамат әжесінің ылғи «құлыным» дей беретінінің мәнін ұғынғандай болды. (62 сөз)
Жазылуы қиын сөздер: балабақшада, беретінінің.
Бірінші сөйлемді сөз таптарына талдаңдар.
Әже деген сөзді жіктеңдер.
Құлын деген сөзді тәуелдеңдер.
Сауыншы Ауыл ұйқы құшағында. Елең-алаң уақыт. Мүлгіген тыныштық. Кенет бірнеше терезеден бір мезгілде жарық көрінді. Есіктер сықырлап ашылды. Көшеден дауыстар естіле бастады. Бұлар – сиыр саууға асыққан сауыншылар. Ауылда елден бұрын тұратын осылар.
Сауыншылар атқаратын іс көп. Сиырларды күтеді. Жем-шөп береді. Әр сиырдың мінезі әрқалай. Сауар алдында желінін жуады. Сондықтан сауыншы сезімтал және байқағыш болуы керек. (64 сөз)
Жазылуы қиын сөздер: мүлгіген, сезімтал.
Алтыншы сөйлемнен зат есімді табыңдар. Олардың түбірі мен жалғауын ажыратыңдар.
Мәтіннен қос сөздерді табыңдар.
Сауыншы деген сөзді көпше түрінде жіктеңдер.
Тамыржемістілер Қантқызылшасы қоректі затын тамырына жинайды. Күзде оның тамыры жуандайды. Тамыры жеміске айналады.Қантты осыдан алады.
Қызылша бірінші жылы тұқым бермейді. Өйткені ол – екі жылдық өсімдік. Алғашқы жылы қызылшаның тамыр жемісі мен жапырағы ғана өсіп үлгереді. Тамыржемісті келесі жылы тағы отырғызады. Одан ұзын сабақ шығады. Өсімдік қызғылт жапырақтарға бөленеді. Гүл шашады. Гүлден тұқым өнеді. Қызылшаның жемісі тамырында болады. Сондықтан оны тамыржемістілер дейді. (61 сөз)
Жазылуы қиын сөздер: жапырақтарға, тамыржемістілер.
Мәтіннен сын есімдіктерді табыңдар. Астын сызыңдар.
Ұзын, қызыл деген сын есімдіктерді қос сөз етіп жазыңдар.
Тоғызқұмалақ Тоғызқұмалақ – қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық ойыны. Бұл өзі кілең есепке құрылған қызық ойын. Бұл ойынды шопандар ойлап шығарса керек. Бұрын оны қойдың құмалақтарымен ойнайтын. Ойынға екі адам қатысады. олар тоғыздан шағын шұңқыр қазып алады. Бұл отау деп аталады. Сонан соң екеуі де ұтқан құмалақтарын жинайтын ұя жасайды. Ол қазан деп аталады. Әр ойыншыға сексен бір құмалақтан болады. (60 сөз)
Жазылуы қиын сөздер: құмалақтарымен, шұңқыр.
Мәтіннен сан есімді табыңдар. Оларды теріп жазыңдар. Дара сан есімді бір, күрделі сан есімді екі рет сызыңдар.
Біріккен сөзді табыңдар. Ол қандай сөз табы екенін ажыратыңдар.