Кальмар, сегізаяқ, каракатица сияқты теңізде тіршілік ететін былқылдақденелілер
реактивті тәсілмен қозғалады (3-сурет). Шапанша саңылауы арқылы шапанша қуысына су
толады да, одан соң «аяқтың» алдыңғы бөлігінен пайда болған шұқырақ (воронка) арқылы
сыртқа үлкен күшпен айдап шығарылады. Осы су ағыны денені алға қарай серпінді
итеріп, екпінмен жылдам қозғалтады.
Өзен шаянының денесі екі бөлімнен баскөкірек және құрсақтан тұрады. Баскөкірек
бөлімінде (3-сурет) сипап сезу, иіс сезу қызметін атқаратын бірі қысқа, екіншісі ұзын екі
жұп мұртшалары бар. Одан соң 1 жұбы үстіңгі жақ, 2 жұбы астыңғы жақ, 3 жұбы
жақаяқтар деп аталатын түрі өзгерген аяқтардан тұратын ауыз аппараты және 5 жұп
жүретін аяқтар орналасқан. Жүретін аяқтардың бірінші жұбы жемін ұстайтын және
жауынан қорғанатын қысқышқа айналған. Су түбінде шаян осы жүретін аяқтардың
көмегімен басын алға қаратып баяу жылжып қозғалады. Өзен шаянының құрсақ бөлімінде
жүзуге қатынасатын және түрлі басқа қызмет атқаратын 5 жұп кішкентай құрсақ аяқтары
бар. Құрсақ бөлімі бунақты және жақсы дамыған құрсақ ұшында құрсақ аяқтарының
алтыншы жұбы соңғы бунақпен бірігіп жүзу қанатын түзеді.