Сөз мағынасының өзгеру себептері мен ауыспалы мағынада қолданылу тәсілдері. Сөз мағыналарының ауысуы, келтірінді мағынада жұмсалуы әртүрлі тәсілдер арқылы іске асады. Сөздің ауыспалы, келтірінді мағынада қолданылуы бірде метафора мен метонимия тәсілі арқылы болса, бірде қызмет бірлігі мен синекдоха тәсілдері арқылы болады. Енді осы тәсілдердің әрқайсысына тоқталайық.
Метафора тәсілі арқылы атаудың ауысуы белгіленетін заттардың тұлға, түс, қимыл ерекшелігінің ұқсастығына негізделеді.
Белгілерінің ұқсастығына қарай бір заттың не құбылыстың атауы мен аталуының негізінде сөз мағынасының ауысуы метафора деп аталады. Мысалы, Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанға түседі (Абай) деген сөйлемдегі кілт сөзі «ашатын құрал» дегенді емес, (бұл – оның негізгі мағынасы), «шешуші» деген мағынаны білдіреді. Бұл мағына – кілт өзінің номинативті мағынасы («ашатын құрал») негізінде жасалған туынды мағына. Мәселенің кілті деген сөз тіркесіндегі кілт сөзінің мағынасы да осы аталған мағынамен барабар («шешуші» дегенді білдіреді).
Метонимия. Бір заттың немесе құбылыстың атауының екінші затқа не құбылысқа олардың (заттардың не құбылыстардың) өзара іргелестігі, шектестігі негізінде атау болып ауысуы және, осыған орай, сөздің ауыспалы мағынада жұмсалуы метонимия деп аталады. Мысалы: Үйі мәз боп, қой сойды, сүйіншіге шапқанға (Абай) деген сөйлемдегі үйі деген сөз өзінің негізгі мағынасы – «баспана» дегенді емес, «бір үйдің адамдары, үй-іші, семья» дегенді білдірсе, «Дәрі қосқан аяқты ішкеннен соң, Әзім барып жығылды шалқасынан» (Абай) деген сөйлемде аяқ сөзі «ыдыс» дегенді емес, «сусын, сұйық» деген мағынаны білдіреді.
Егер таза класс деген мен тәртіпті класс деген сөз тіркестерін бір-бірімен салыстырсақ, соңғы сөз тіркесіндегі класс сөзінің «бір класта оқитын оқушылар» дегенді білдіретіні бірден аңғарылады.
Синекдоха. Бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны (дараны), үлкеннің орнына кішіні қолданудың негізінде сөз мағынасының ауысуы синекдоха деп аталады.
Егер бүтіннің орнына бөлшек, жалпының орнына жалқы қолданылатын болса, онда сөз мағынасы кеңиді. Мысалы, кейде, Семьяңда неше адам? – деудің орнына басың нешеу? дейміз. Бұл арада бас сөзі бөлшек ретінде (адамның дене мүшесі) бүтіннің орнына (адам) қолданылып тұр. Кейде мал дегеннің орнына тұяқ (бөлшек ретінде) сөзі қолданылады. Мысалы, төрт-бес тұяғымыз бар дегендегі тұяқ сөзі малдың тұяғы деген тіркестегі өзінің негізгі мағынасынан алшақтап, басқа бір мағынаны – «мал» дегенді білдіреді. Квас деген сөз алғашында жалпы «ашылатын азық-түлік» дегенді білдіріп, кең мағынада қолданылса, қазіргі синекдоха тәсілі бойынша мағынасы тарылып, «сусынның арнаулы бір түрін» ғана білдіреді.