Сөздік қор – тіліміздің сөздік қорына ұйтқы болған, ең байырғы түбір сөздер. Сөздік қордың негізін төл сөздер құрайды. Сөздік құрамға қарағанда сөздік қордың саны шағын (аз) болады. Бірақ олар – өте мәнді, маңызды, аса қажетті сөздер.
Сөздік қорға тән басты белгілер: 1) Жалпыхалықтық қолданыстағы байырғы түбір сөздер; 2) Тіліміздегі сөздердің (сөздік құрамымыздың) ең көне қабатына жатады; 3) Жаңа сөз тудыруға (сөздік құрамға) ұйтқы болады; 4) Сөздік қорға тұрақтылық тән. Яғни олар – өмір бойы қолданылып, ұрпақтан ұрмаққа ауысып өзгермей келе жатқан сөздер. Мысалы: ата, ана, тау, тас, өзен, көл, қой, ешкі, күн, түн, ақ, көк, бір, екі, мен, сен, кел, кет т.б.
Сөздік құрам – тілдегі барлық сөздердің жиынтығы (сөзқұрам). Сөздік құрамға байырғы төл сөздер мен кірме сөздер, көне сөздер мен кейіннен жасалған жаңа сөздер, әдеби сөздер мен қарапайым сөздер, кәсіби сөздер мен жергілікті сөздер, терминдер мен басқыншы сөздер (варваризмдер) түгел кіреді. Яғни онда тіліміздегі түбір, туынды, біріккен, кіріккен, қосарлы, қысқарған, тіркесті (күрделі) сөздердің бәрі қамтылады деген сөз. Сөздік құрам ұдайы толығып, жетіліп отырады.
Сөз топтары (сөздерді классификациялау). Тілдегі сөздер өздерінің шығу тектеріне, қолданылу ерекшеліктеріне, стильдік бояуларына қарай сан алуан топтарға бөлінеді.
Әдетте олар әртүрлі ұстанымдар (прициптер) бойынша топтасады (түрлі топтарға бөлінеді). Мәселен, қазақ тіліндегі сөздер: 1) Шығу тегіне қарай: төл және кірме сөздер; 2) қолданылу өрісіне (аумағына) қарай, яғни көпшілікке жақсы таныс және онша таныс еместіктеріне қарай: жалпыхалықтық және шектеулі (арнаулы) сөздер; 3) Қолданылу аймағына (территориясына), яғни әдеби-әдеби еместігіне қарай: әдеби және жергілікті сөздер (диалектизмдер); 4) Қолданылу мерзіміне (уақтысына) қарай: көне және жаңа сөздер; 5) Қолданылу жиілігіне қарай: жүрдек (актив) және сырдақ (пассив) сөздер; 6) Стильдік бояуының бар-жоқтығына қарай: стильдік бояуы жоқ (бейтарап) сөздер және стильдік бояуы бар сөздер болып бөлінеді.