Сөздің лексикалық мағыналарының түрлері (көп мағыналылығы). Тіл-тілдің сөздік құрамында бір емес, бірнеше лексикалық мағыналары бар сөздері жиі ұшырасады. Сөздің лексикалық мағыналарының әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері болады. Түсінікті болу үшін, мына бір мысалдарға назар аударалық: 1. Ананың сүті – бал, баланын тілі – бал (мақал); 2. Сүйемін туған тіліді – анам тілін, Бесікте жатқанымда-ақ берген білім (Сұлтанмахмұт). Бірінші мысалда ана деген сөз «шеше» деген мағынаны білдірсе, екінші мысалда басқа бір мағына – «туған» дегенді білдіреді. Қазақ тіліндегі ана тілі деген сөз тіркесінің орыс тіліндегі родной язык деген сөз тіркесінің мағынасына сәйкес келеді. Ана деген сөздің әртүрлі мағыналары бір-бірінен семантикалық әр тексестік жағынан ғана емес, қолданылуы, басқа сөздермен тіркесіп жұмсалуы жағынан да ажыратылады. Бұл сөз «шеше» деген мағынасында алуан түрлі сөздермен тіркесіп жұмсала берсе (мысалы: ананың пейілі, ананың арманы, ананың бақыты, ананың қуанышы, ардагер ана, сүйікті ана, қымбатты ана және т.б.), «туған» («родной») деген мағынасында тіл деген сөзбен ғана (мысалы: ана тілі) тіркесіп жұмсалады.
Ана деген сөздің «туған» деген мағынасының мынадай ерекшелігіне назар аудару қажет: бұл сөз «туған» деген мағынаға тіл деген сөзден басқа сөздермен тіркескенде емес, тек осы сөзбен (тіл) тіркескенде ғана, ие бола алады. Демек, сөздің негізгі мағынасының үстіне қосымша мағынаның үстелуі оның (сөздің) кейбір сөздермен тіркесіп жұмсалуынан келіп туады. Сөздің белгілі бір сөздермен тіркесуінен туған қосымша мағынасы оның негізгі мағынасынан басқаша сипатқа ие болады. Сөз бұдан басқа да себептер мен тәсілдер бойынша қосымша мағынаға ие болуы мүмкін.
Сонымен, сөз негізгі мағынасынан басқа туынды мағыналарға ие болып, әртүрлі мағыналарда қолданылуға икем келеді. Әртүрлі мағынасы бар сөз полисемантизмді (көп мағыналы) сөз деп аталады. Ал жалпы көп мағыналық құбылысы полисемия құбылысы деп аталады.
Тіліміздегі сөздер сөздік қор және сөздік құрам деп аталатын екі топқа бөлініп қарастырылып жүр.