Кант философияны таным теориясы деп есептеді. Яғни философияның міндеті танымның мүмкіндіктері мен шекарасын анықтау. Ол таза онтологиялық мәселелерді қарастырудан бұрын, «таным дегеніміздің өзі нені білдіреді?», «ол қалай мүмкін?», «оның мүмкіндігінің шекарасы қайда?» деген сұрақтарға жауап іздеді.
Канттың антиномиялары
Ақыл-ой, зерденің өзі дүниені тану барысында шешілмес қайшылықтарға тап болады. Оларды Кант антиномиялар деп атады. Бірінші антиномия: кеңістікке байланысты: әлемнің уақыт пен кеңістікте бастауы бар; әлемнің уақыт пен кеңістікте бастауы жоқ, шексіз. Екінші антиномия: қарапайым және күрделіге байланысты: қарапайым элементтер ғана бар; әлемде қарапайым элемент те, одан тұратын зат та жоқ. Үшінші антиномия: еркіндік пен себептілікке байланысты: табиғи заңдарға бағынатын себеп-салдарлық қатынас қана емес, еркіндік те бар; еркіндік жоқ. Әлемде бәрі табиғат заңдарына сүйенетін себеп-салдарлық қатынасқа бағынады. Төртінші антиномия: Құдайдың болуы: Барлық болмыстың себебі – Құдай қажетті бастау; Құдай жоқ. Бүкіл әлемнің себебі болатын абсалютті бастау жоқ.