Макроэкономикалық тұрақсыздықтың тағы бір көрінісі – ол инфляция. Инфляция жағдайында ақшаның сатып алу қабілетінің төмендеуіне және тауарлар мен қызметтер бағаларының өсуіне әкеледі. Инфляция адамзат тарихында жаңа құбылыс емес. 1775-1783 жылдары Солтүстік Америкада тәуелсіздік үшін болған соғыс доллардың құнсыздануына әкеліп соқтырды, Франция 1789-1794 жж. революция кезінде ақша 7 жылда 883 есе құнсызданды. Алғашқы рет «инфляция» деген ұғым ақша айналымына қатысты АҚШ-та Азамат соғысы кезінде қолданыла бастады. Инфляция – қағаз ақшаның құнсыздануына байланысты болатын әлеуметтік-экономикалық құбылыстар жиынтығы, басқаша айтқанда айналымдағы ақша массасының нақты ұсынылған тауар санынан артып кетуі. Соның нәтижесінде тауарлармен қамтамасыз етілмеген ақшаның пайда болуы инфляцияны білдіреді. Инфляцияның бірнеше түрі бар.
Шетелде нарықта болатын инфляциялық тепе-теңдік формаларына байланысты инфляцияны ашық және басылыңқы түрге бөледі.
Ашық инфляция еркін баға құрылымы экономикасына тән және тауар мен қызмет көрсетуге үнемі бағаның өсуін байқатады. Егер макроэкономикалық тепе-теңдік сұраныс жағына қарай бұзылса және тұрақты бағаның өсуімен байқалса, онда бұны ашық инфляция дейміз.
Басылыңқы (жасырын) инфляция – бағаны реттейтін экономикаға тән, яғни жалпы мемлекеттің бағаны бақылауымен жүзеге асатын инфляция. Сондай-ақ ол тауар тапшылығына, өнім сапасының төмендуінде, ақшаның қорлану мәжбүрлігінде, көлеңкелі экономика дамуында, бартерлік іс-әрекетте байқалады. Басылыңқы инфляция ақшаның төлем қабілеті бар құрал және тауарлар мен қызметтерді бөлу өлшемі қызметін атқара алмаған жағдайда мемлекеттің тауар бағасын сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдік бағасынан төмен болуын қолдану арқылы пайда болады.
Ашық инфляция өз кезегінде бірнеше формаға бөлінеді:
Сұраныс инфляциясы – ол жұмыспен толық қамту жағдайында пайда болады, ақшамен қамтамасыз етілген сұраныс тауар бағасының өсуін тудырады. Қолда ақша көп мөлшерде, ал тауардың көлемі өте аз деп сипаттауға болады. Сұраныс инфляциясы нарықтық байланыстарды монополизм мен әкімшілік-әміршілік басқару жүйесінің ұзақ үстемдігі болған жағдайда да орын алады.
Шығын (ұсыныс) инфляциясы – ол өндіріс факторлары қымбаттаған жағдайда пайда болады. Бұл жағдайда өндіріс шығындарының өсуі өнім бағасының өсуіне әкеледі.
Құрылымдық инфляция – ол саларалық баланстың бұзылу жағдайында туады. Бір сала нарықты толық қанағаттандыра алмағандықтан бұл саладағы тапшылық тауарлардың қымбаттауына әкеледі.
Болжау арқылы инфляция бөлінеді:
Күткен инфляция – ол болжамдалынған инфляция.
Күтпеген инфляция – ол кенеттен тосын пайда болады, бағалардың кенеттен күрт өсіп кетуі.
Бағаның өсу қарқыны тұрғысынан инфляцияны төмендегідей түрге бөлуге болады:
Баяу инфляция. Бұл инфляция кезінде бағалар баяу (жылына 10% -тен аз) өседі. Шетел ғалымдарының ойынша, баяу инфляция экономикаға оң әсерін тигізеді, күрделі қаржының өсуіне ықпал етіп, жұмыссыздықтың деңгейін төмендетеді.
Қарқынды инфляция. Бұл инфляция кезінде баға жылдам (жылына 20-дан 200% -ге дейін) өседі.
Ұшқыр инфляция. Бұл инфляция кезінде айналымдағы ақшаның саны мен баға өте күрт жылдамдықпен (500-1000%-дейін) өседі. баға мен жалқының арасы алшақтап бай адамдардың да тұрмыс жағдайы қиындай бастайды.
Инфляция деңгейі баға индексі көмегімен өлшенеді. Ағым кезіндегі тұтыну баға индексінен өткен кезеңдегі тұтыну баға индексі алынып, өткен кезеңдегі тұтыну баға индексіне бөлінеді.
Баға
|
=
|
ағым кезіндегі тұтыну баға индексі - өткен кезеңдегі баға
|
индексі
|
өткен кезеңдегі тұтыну баға индексі
|
Инфляция кешенді себептерден туындайды, олардың ең маңыздысы мыналар болып табылады:
Мемлекеттік бюджеттің тапшылығы, яғни шығындардың түсімдерден асып жатуы. Егер мемлекет мұндай тапшылықты ақша эмиссиясы арқылы жоятын болса, айналымдағы ақша көлемі молаяды.
Тауарлар мен қызмет өндіру көлемінің қысқаруы, тауар тапшылығы.
Кейбір өндірушілердің монополиялық жағдайда болуы, яғни олардың өзінің өніміне жоғары баға қою.
Өндіріс шығындарының өсуі, яғни шикізат, материалдар, жалақы шығындарының өсуі.
Елдің экономикасының ашықтығы, оның әлемдік байланыстарының өсуі инфляцияны шеттен әкелу қаупін молайтады.
Инфляция жұмысшылардың тұрмыс жағдайына зардапты ықпалын тигізеді. Себебі тауар бағасы бірнеше есе өседі, ал мемлекет жалақыны бұрынғы дәрежесінен арттырмауына тырысады. Ақшаның құнсыздануы халықтың тұрмыс деңгейін төмендетуге әкеп соқтырады. Инфляциядан өндірісте зардап шегеді. Инфляцияның деңгейінің көретілуіне байланысты еңбекке деген ынтада бұзылады. Инфляция тауар тапшылығының басты себебі. Инфляция кезінде өндіріс қарқыны төмендейді, экономикалық өсудің пропорциясы бұзылады, ақша-несие, қаржы және валюта мехинизмі бүлінеді, елде әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздық күшейеді. Инфляция халықаралық қатынастарды, жұмыс күшін ұдайы өндіру шарттарын бұзады, экономикалық қылмыстар мен астыртын экономиканын дамуын жеделдетеді. Инфляцияның экономикалық және әлеуметтік зардаптары:
Елдің ұлттық табысы мен байлығы қоғамның әр түрлі топтарының арасында қайта бөліске түседі.
Инфляцияның жоғары қорқынмен өсуі ұзақ мерзімге жоспар жасауды қиын жолға қояды, кәсіпкерлердің тәуекелін өсіреді.
Қоғамның саяси тұрақтылығы бұзылады, әлеуметтік шиеленісті күшейте түседі.
Ұлттық тауарлардың бәсеке қабілеттілігі төмендейді, экспорт азаяды, жұмыссыздық өседі.
Шетелдің тұрақты валютасына сұраныс өседі, ол капиталдың шет елге ауысуына әкеледі.
Инфляцияға шалдыққан мемлекеттер инфляцияға қарсы саясатты жүргізуге мәжбүр болады. Мемлекеттің инфляцияға қарсы саясатын экономиканы тұрақтандыру, бағамен жалақыны реттеу, қаржыны сауықтандыру, ақшаны эмиссиялауды қатал бақылауға алу сияқты жалпы экономикалық шараларды іске асыру арқылы жүргізеді. Ал аса төтенше жағдайда ақша реформасы жасалады.
Достарыңызбен бөлісу: |