Диплом жұмысының сипаты


А. Байтұрсынұлының этнолингвистикалық философемасы



бет9/12
Дата22.11.2022
өлшемі140,97 Kb.
#51782
түріСабақ
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
А. Байтұрсынұлының этнолингвистикалық философемасы

Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығындағы келтірілген жайттарды сараптай келе, этнолингвистикалық философемасына талдау жұмыстарын жүргізуге болады. Әрине алдымен Ахмет Байтұрсынұлының этнолингвистикалық философемасына әсер еткен факторларды анықтап алған абзал. Алаш арысының өзіндік ойы мен көзқарастарының қалыптасуына әсер еткен өскен ортасы және бала кезден алған тәрбиесі болып табылады. Қоршаған ортаның адамның тұлғалық қалыптасуына әсері мол. Өйткені адамның тұлғалық қалыптасу барысында білімді болып жетілуі, алған білімін өзінің пайдасына жарата білсе ғана бұл үдеріс нәтижелі болмақ. Сөзсіз қоршаған орта деген түсініктің аясы өте үлкен. Ол ата-ана махаббаты, тәрбиесімен қатар ауыл медресесіндегі білім берген ұстаздары, ауылдың алты аузы саналатын жандардың ақыл-кеңестерінің барлығы да Алаш арысының болашақ ой қарымына, дүниені қабылдау ерекшелегіне тікелей әсер етеді. Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығынан біз үнемі Отанға, халқына деген зор махаббатпен қатар ата-анаға деген үлкен махаббатты байқаймыз. Мысалы өзінің «Анама хат» деп аталатын шығармасында «Семейдің түрмесінде отырып, бара алмай әбден өтірікші болдым» дей келе, мал ұрлап, кісі өлтірмесе де, үкіметтің шарасына амал бар ма деп анасына жұбату айтады. Сөзсіз ақынның бұл шығармасындағы бірнеше ұшқыр ойлы философияны байқауға болады. Анасына мал ұрламасам да, кісі өлтірмесе де деген жұбату сөзі оның тұлға болып қалыптасу үдерісіндегі тәрбиенің негізгі әрі маңызды бағытын айқындадық. Демек ата-анасының тәрбиесі адамның ала-жібін аттамау, кісі ақысын жемеу сынды қағидаларға құрылған. Сондықтан біз оның шығармаларындағы көтерілген жетекші ойлардың бірі бірі кісінің ақысы арқылы емес, өздігімен кәсіп үйреніп, қоғамға пайдаңды келтіру сынды өміршең идея екендігін байқадық [39, 32 б.].


Ахмет Байтұрсынұлының этнолингвистикалық философемасына әсері еткен факторлардың бірі – бала күнгі білім алған мекемелердегі білім мазмұы болып табылады. Рас ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамының басты ерекшеліктерінің бірі – қазақ балаларын оқыту мәселесі еді. Бір ауылдың мұқтаждығын өздері көтерген байлардың маңына тек руластары топтасқаны жақсы белгілі. Сол рулас байлардың малын бағып, шаруасын атқарып кедейлер өмір сүрген. Өз кезегінде байлар тек қана кедейлерді жұмысына жегіп қана қоймай, олардың алдында да атқарар міндеті болған. Мысалы өлім-жітімін атқару, балаларын оқыту сынды міндеттер. Дәстүрлі қазақ қоғамындағы байлар ауылдарына медресе ашып, бай мен кедейдің балаларын түгелдей алғашқы білім нәрімен сусындатқан. Ақысын байдың өзі төлеп, ауыл балаларын толықтай қамтыған. Ал медреселік білім аяқталған соң, бай балалары Ресей сынды елдерде оқуға мүмкіндік алса, кедей балалары хат танысымен малдың соңына түскен. Қазақ байларының көрегенділігі сол – мүмкіндігі болса да алдымен ауыл медресесінде білім алдырып, діни ұстанымдары мен қазақи тәрбиенің негізгі өзегін жастайынан бала бойына сіңірген. Сондықтан өркениетті елдердің барлық игіліктерін көріп, таңғалып, олардың өмір сүру салтына сай жүріс-тұрысын реттегенімен, діни сенімдерін адалдық танытып, ұстап қалды. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларының этнолингвистикалық философемасында ислами құндылықтар және жақсы мен жаманның Жаратқаннан екендігіне деген жоғары сенімді байқауға болады. Мысалы сол «Анама хат» атты өлеңінде жүрегінде бітпеген жараның бірі қазақ халқының ауыр тағдыры екендігін айта келе, оны ұмытсам «жегенімнің бәрі харам күй кешем» дейді. Сонымен қатар «жолдар көп жаннатқа бастайтын тарам-тарам» деген сөздерінің астарында да сенім философиясын байқауға болады. Тіпті ұлтқа қызмет етпесем, міндетімді орындамасам «ұялмай көрге қалай барам?» деп сауал тастауында да үлкен мәселе жатыр.
Сонымен қатар Ахмет байтұрсынұлының этнолингвистикалық философемасының ерекшеліктерінде бағзы заман жыраулар поэзиясы мен аға буын өкілі болған ақындардың шығармашылығының да зор ықпал еткен деп айта аламыз. Біз жоғарыдағы тараушалар барысында Ахмет Байтұрсынұлының көп қудалау көргендігін атап өттік. Міне Ресейдің алыс әрі шеткері аймақтарымен қатар, Орынбор сынды мәдени ошақтарында да қудалауда болған еді. Міне атамекеннен жырақта жүргенде жазған өлеңдеріне мән беретін болсақ, елін сағынуы, қазақ халқының шарасыздыққа тап болған жағдайы мен ауыр отарлық саясатының қазақ қоғамына тигізген кері әсерін сипаттау барысында шыққан өлеңдері өзіне дейінгі Абай Құнанбаев сынды қазақ ақындарының шығармаларымен сарындас екендігін байқаймыз. Өзінің «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында Абайдай кемеңгер жан қазақ та жоқ екендігін айта, келе Абай шығармасындағы ойлардың тереңдігіне таң қалады. Тіпті оны дайындығы жоқ, білімі аз адамдар бір оқығаннан түсіне алмайды деп санаған. Рас қайраткердің бұл ойымен толық келісеміз. Мысалы Абай Құнанбаевтың «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деген өлеңіндегі қазақ халқының ауыр күйін сипаттау ерекшеліктерін Ахмет Байтұрсынұлының «Жұртыма» деп аталатын өлеңдерінен байқауға болады. Пікірлер сабақтастығы сынды маңызды жайттардың болуының өзі Ахмет Байтұрсынов этнолингвистикалық философемасы қазақ ақындарының шығармаларымен терең танысу арқылы қалыптасқан деп айтуға негіз бар. Алаш арысының «Жиған терген» мен «Жауға түскен жан сөзі» өлеңдеріндегі қазақ халқының жағдайы, оның келешегі үшін қам жеу, ой толғау, тебірену сынды эмоциялық күйді Абай Құнанбаевтың да өлеңдерімен қатар, қара сөздерінен кездестіреміз [40, 59 б.]. Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы стилистикалық және идеялық тұрғыдан Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин еңбектерімен сарындас. Алаш қайраткерінің дүниетанымы, философиялық ой толғамында да ұқсастық көп. Мысалы біз келтірген қазақтың біртуар үш ойшыл, ақын, ағарту, ғалымдарының еңбектерінде дәстүрлі қазақ қоғамындағы әсіре діншілдік, ХІХ ғасырда қазақтар арасындағы дүмше молдалардың қаптауы, олардың шариғатқа сай келмейтін әңгімелері мен іс-әрекеттерін қатал сынайды. Мысалы Шоқан Уәлиханов еңбектерінде Қазақстан аумағы үш генерал-губернаторлыққа бөлінген соң, бүкіл әкімшілік билік үлкен өзгерістерге ұшырағандығын атап өтеді. Сол ретте үлкен өзгерістер дін саласын реттеуге арналғандығын айта келе, қазақтар арасында діни жоралғыларды орындаудың өзі патша үкіметінің басқармаларына бағынатын тұлғаларға беріледі. Олардың қызметтері қатаң бақыланды және өздері де қазақтар арасындағы діни жоралғыларды қатаң бақылауға алды дейді. Тіпті өлген адамның жаназасын да солар шығаратынын ескерсек, жауапты тұлғалардың келгенін күтіп өлген адамды бірнеше күн үйінде ұстауға мәжбүр болған. Ал ауылдағы молда қызметін атқара алатын адамдар жаназа шығарса, оларды қудалап, соттауға дейін барған. Әрине мұндай жоралғыларды орындау тегін болмады. Олар осылайша байып, қазақты қанау ісімен айналысқан. Тіпті шариғатты бұрмалап, қазақтардың дәстүрлі діни сенімдеріне де өзгерістер енгізіп отырғандығын Шоқан Уәлиханов өз еңбектерінде атап өтті [41, с. 95]. Міне осындай жайттарды Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерінен де байқаймыз. Мысалы «Жиған-терген» атты өлеңінде:

Берсең бер, молдаға,


Өзіңді бірақ, алдама.
Ақшаға жұмақ жалдама, - деген өлеңінің өзі осы сарында.
Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығында этнолингвистикалық философемасы дәстүрлілікті жақтау мен шындыққа жанаспайтын әрі қазақты күйретуге апаратын білімсіздікті қатаң сынау байқалады. Оған қоса біздің дәстүрлі қоғамның даму ерекшеліктеріндегі кері әсер етуші факторларды сынау, оны қабылдамау сияқты үрдісті байқаймыз. Мысалы:
Бұл неткен жұрт ұйқышыл?
Мейлі кедей, мейлі бай,
Жатыр бейқам, жым жырт жай, - деген өлеңіндегі жайттардың өзі сөзіміздің дәлелі болып табылады. Демек қазақтың дәстүрлі қоғамының даму ерекшелігі қарқындылығымен ерекшеленбеуінің басты себепкері осы жалқаулық екендігін анық көрсетушілік байқалады. Алаш қайраткері қазақтың жалқаулық сынды қасиетімен күресуде барлық мүмкін болатын үгіт-насихат жолдарын пайдаланады. Тіпті Құдайдың да сүймейтін қасиеттерінің бірі екендігін де бірнеше мәрте қайталайды. Жалпы Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларының этнолингвистикалық философемасы қазақтың дәстүрлі діни сенімдеріне сай келетін ұғымдар мен түсініктерді белсенді пайдаланушылық байқалады. Бұл әрине біз жоғарыда атап өткен жас бала кезіндегі медреседегі алған білімі мен өзін қоршаған жандардың діндарлығының нәтижесі болып табылады [42, 65 б.].
Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы қазақ халқының өмір салтының ерекшеліктері, ұлттық болмысы мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрі сынды маңызды мәселелерге негізделген. Оның шығармаларындағы этнолингвистикалық философема қазіргі зерттеу жұмыстары үшін де таптырмас тарихи дерек болып табылады. Бүгінде ғылымда ол мейлі философия немесе тарих болсын, сол сияқты өзге де гуманитарлық ғылым саласында қазақтардың күнделікті тарихы мен этникалық сана мәселесін зерттеуге бағытталған ғылыми-зерттеу жұмыстары көп. Міне осы зерттеу жұмыстары Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығымен таныса келе, оның этнолингвистикалық философемасына мән бере отырып, ашу көп пайдалы болмақ. Өйткені біздің пікірімізше автордың шығармашылығы ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы дәстүрлі қазақ қоғамын сипаттап, қазақ халқының дүниетанымдық көзқарастарын саралауға мүмкіндіктер береді. Сөзсіз Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамын жаңғыртып, дамытуға қосқан үлесінен бөлек, кейінгі ұрпақ үшін де мол мәліметтер сақтайтын рухани әрі тарихи мұралар қалдыра алды. Бір ерекшелігі Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы этнолингвистикалық философемасындағы ерекшелік Алаш қайраткерінің өзіне дейінгі ақын-жыраулардың жазғандарын толыққанды түсініп, өз бойынан өткізе алды. Терең түсініп, жүрекпен қабылдаған. Сондықтан да Абай тұсындағы қазақтардың саяси санасын оятудың жолдарын одан әрі жетілідірушілшік байқалады. Егер де Абай Құнанбаев өзінің шығармаларының бірі «Сегіз аяқта»:

Қарқылдар қарға


Шиқылдар арба
Бой сүйсінер сазы жоқ.
Мылжыңдап, қыртпа,
Ой ісінер сөзі жоқ, - деген жолдары белгілі [43, 22 б.]. Міне осы философиялық ұстанымды біз Ахмет Байтұрсыновтан да байқадық. Ахмет Байтұрсынов та түрлі метафоралық жаңа сөздерді пайдаланады. Осылайша ойды ой қозғайтындай әңгімелер жарыстыру, ел болу мен мемлекеттілікті қалпына келтіруге деген ұмтылыс сынды асыл қасиеттерді бағалайтын шығармалары арқылы оның этнолингвистикалық философемасына арқау болған мемлекетшілдік түсінігі екендігіне көз жеткіземіз.
Ахмет Байтұрсынұлы шығармашыларындағы этнолингвистикалық философеманың мәні қазақ қоғамын жайлаған жалқаулық пен етек алған еріншектіктің орнына елдің бірлесіп еңбек етіп, бірлікте болуды насихаттайды. Халықтың саяси тұрғыдан сауатты болып, мәдениеттілік пен өркениеттік даму жолына көп көңіл бөлушілікті байқаймыз. Сөзсіз жалқаулық пен еріншектік сынды кері тартпа қазақтың мінезін батыл сынауы, одан адамдарды жиіркендіруді өзінің басты мақсаты деп таниды. Ынтымақ пен ынтаны жоғары бағалайды.
Ахмет Байтұрсынұлының этнолингвистикалық философемасына әсер еткен факторлардың бірі – әлемдік ақындардың шығармашылығы десек те болады. Олардың көтерген мәселелерін қазақи дүниетанымға ыңғайлап, қазақ қоғамына қажеттісін бере алды. Бұл ретте И.А. Крыловтың шығармасын ерекше атап өтуге болады. Өйткені сол ақынның шығармаларын аударын, қазақи нәр бере отырып, Петербург қаласынан «Қырық мысал» деп аталатын жинағын шығарған болатын. Осылайша орыс ақынының шығармаларын аудара отырып, қазақтың төл шығармасы ете алды. Мысалы И. Крыловтан аударған аққу мен шортан және шаян туралы мысал өлеңін алар болсақ. Оған қазақи нәр беріп, ұлттық сипат бергені соншалық бұл шығарманы Ахмет Байтұрсынұлының төл өлеңі деп танитындыр да жоқ емес. Әрине Ахмет Байтұрсынұлы бұл мысалды аударуында да үлкен мән бар. Өйткені мысалдың айтар ойы Ахмет Байтұрсынұлының пікірімен ұштасып жатыр. Мысалдың мәні бір істі жан-жаққа тартқан аққу, шортан және шаяндай қазақ қоғамы да бір іске жұмыла алмауымен ерекшеленеді. Мұны Ахмет Байтұрсынұлы өзінің барлық өлеңдерінде ерекше атап өтеді. Көкке тартқан аққудай, кері тартқан шаян мен суға қарай жұлқыған шортанның келбеті раымен Ахмет Байтұрсынұлы «бір іске жұмылуға шорқақ, жұртым» деп келетін өлеңімен астасып жатыр. Біз жоғарыдағы тарауша барысында атап өткен «Бұл оқиғадан ғибрат алмауға болмайды, бірлік болмаса, бірінің айтқанына екіншісі көнбесе, істеген іс оңбайды» деп Ахмет Байтұрсынұлының түйіндеуі сөзсіз оның философиялық ойын анық көрсетеді деп айта аламыз.
Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларымен таныса келе, ақынның өлеңдерінде басшылыққа алынған негізігі философиялық ойдың мәні – шынайылық пен тазалық екендігіне көз жеткіземіз. Әрине Алаш қайраткері ислам дінінің асыл қасиеттерін, шариғат заңдарының озық үлгісін басшылыққа ала отырып, дінді қолдан бұрмалап, оны құбыжық етіп көрсеткен дүмше молдалар мен олардың қиялына негізделген қоғамдық қарым-қатынастарды қатаң сынайды. Рас Алла өзі мен адамзат баласы үшін жақсылық пен игі қасиеттерді қалыптастыратын ислами түсініктерді Ахмет Байтұрсынұлы өз шығармаларының төріне шығарады. Осы ислами құндылықтардан шыға отырып, Ахмет Байтұрсынұлы мұсылманды жек көрінішті ететін жағымсыз қасиеттерден арылуға шақырады. Осы үшін де өзінің өлеңдерінде Жаратқанның сөздерін қосып, Алла Тағала үшін жағымсыз қылықтардың бірі ретінде еріншектік пен жалқаулықты атайды. Ахмет Байтұрсынұлының этнолингвистикалық философемасында ерекше орын алатын ойдың бірі білім және ғылыммен байланысты екендігі анықтадық. Рас ислам дінінде білім мен ғылым мәселесінің орны ерекше. Алла елшісінің «Бір адам білім іздену жолына түссе, Жаратушы оның жаннатқа бару жолын жеңілдетеді» деген болатын немесе Зұмар сүресінің тоғызыншы аятында «білетіндер мен білмейтіндер бірдей бола ма?» деген де бар. Міне осы негізгі ой Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларында жетекші ойға айнала алды. Сол себепті де Ахмет Байтұрсынұлы қазақ жастарының білімді болуына және білімге деген құштарлығының жоғары болуын үнемі насихаттады. Тіпті 1916 жылғы ұлтжазаттық қозғалыс барысында ашулы қазақтарды сабырға шақырып, патшаның жазалаушы әскерімен күштің тең емес екендігін алға тартады. Сондықтан патшаның жарлығына бағынып, тыл жұмысына адам беріңдер деп кеңес береді. Рас Алаш арыстарының пікірі өте орынды еді. Алайда Жетісу қазақтары тыңдамастан тыл жұмысына алынғандардың тізімі жазылған қағаздарды поштамен қоса өртеп, үлкен наразылықты бастаған. Патшаның жазалаушы әскерлері қазақтарды әбден қырып, оған қоса тыл жұмысына адамды да алады [44, 71 б.]. Міне сол тыл жұмысына алынған қазақтар арасында болып келгеннен кейін Ахмет Байтұрсынұлы «Алаш ұлына хат» деп аталатын мақаласын жазады. Аталған мақалада қазақ жастарының білім алып, орыс тілін меңгергендері дұрыс дей келе, сонау Шығыс Еуропада өздерінің ағалары мен әкелері орыс тілін білмегендіктен қатты қиналғанын айтады. Міне сол қазақ жастары тыл жерлеріне барып тілмаштық қызмет атқарыңдар деп ағалық кеңесін береді. Демек айналып келгенде Ахмет Байтұрсынұлы ұлтқа қызмет етудің негізгі мәні білім деп санаған деп айта аламыз.
Сөзсіз Ахмет Байтұрсынұлының этнолингвистикалық философемасына талдау жасап, айқындау үшін Алаш арысының өмір сүрген тарихи кезеңін жақсы білу қажет. Рас Ахмет Байтұрсынұлы өмір сүрген тарихи уақыт қазақ халқының патшалық Ресейге қосылуы толығымен аяқталып, қазақ халқы үшін саяси-әлеуметтік және экономикалық тәуелсіздік туралы пікір білдіруге тыйым салынған уақыт еді. Сонымен қатар қазақ халқы өзіне тиесілі материалдық игіліктерден ішінара айрыла бастаған болатын. Сондықтан Ахмет Байтүрсынұлы халықтың саяси сауатының ашылуы және оның жаппайылық сипат алуы сөзсіз оң әсер етеді деп санады. Халқының мүддесін ойлаған Ахмет Байтұрсынұлы саясат әлеміне белсенді араласып, қайтсек те ұлт мүддесінің тапталуына жол бермеудің жолын қарастырды. Саяси партия құруға мұрындық болып, Алаш-Орда үкіметінің құрылуына себепке де бола білді. Қазақ халқын толғандырған өзекті мәселелерді патшаға петиция ретінде жолдап, қазақ халқының мүддесін қорғайтын білімділер бар екендігін патшаға ұғындырды. Міне осы ниет Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығының этнолингвистикалық философемасына негіз болды. Жалпы Ахмет Байтұрсынұлының этнолингвистикалық философемасы ағартушылық және қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінен алшақтамады. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлының этнолингвистикалық философемасы білімді адам мен белсенді қоғамдық қатынастар бірлігі ұғымдарымен тығыз байланысты. Мұндай тұтастық принципінің заңды нәтижесі қазақ мемлекеттілігінің қалпына келуі мен ұлттық мүдде және қызығушылықтың толыққанды қорғалуына алып келуі тиіс саналды. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы адамның қоршаған ортасына этикалық тұрғыдан қарай отырып, оның кісілік әрекеттерін сипаттай келе, адам үшін ғибрат аларлық әрекеттерін насихаттайды. Жақсылық және жамандық, еріншектік пен белсенділік сынды ұғымдардың ара-жігін нақты ашып, «саяси сауатты бол!» этикалық принципін ұстанады. Сондай-ақ адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі саналатын адамгершілік, имандылық, адалдық сынды қасиеттерді дәріптейді. Осындай адами қасиеттер жетекші рольге шыққан жағдайда қоғамдық өмірдің де сапалық өзгерістері орын алатындығына сенімді болады. Рас тек қана Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларындағы философиялық ой ғана емес, іс-әрекеттері мен қоғамдық-саяси қызметтерін бағамдау арқылы да біз Ахмет Байтұрсынұлы халқына пайда келтіру, оның керегіне жарау, ұлт үшін, оның мүддесі мен қызығушылықтары үшін құрбан болуға да дайын екендігін ұғындырады. Әрине мұндай ұлтжандылық көріністері Алаш қайраткерінің шығармашылығына да арқау болып, оның барлық өлеңдері мен мақалаларындағы жетекші ойға айналады.Ахмет Байтұрсынұлы үнемі туған ұлтының болмысы мен бірегейлігін сипаттайтын философиялық даналықты басты бағдары етіп таңдайды. Тағы да мән беретін мәселелердің Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығында өзге тілді көп араластырмау, яғни этнолингвистикалық мүмкіндіктер толыққанды пайдаланылады. Демек қайраткер өз ұлтының төл тілінің мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, оны ғылым тілі ретінде қалыптастыруға тырысады.
Сонымен тараушаны қорытындылай келе, Ахмет Байтұрсынұлының этнолингвистикалық философемасы төл мәдениет пен ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заманауи үдерістерден қалыспау сынды бастамашыл идеяларға негізделген деген қорытындыға келдік.





    1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет