Диссертация с. М. Исаев Ғылыми жетекші: филол. ғ. д филол ф.ғ. к. К. Н. Уәли Алматы, 2007 жыл мазмұНЫ



бет16/47
Дата29.05.2022
өлшемі1,15 Mb.
#35856
түріДиссертация
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   47
-Ғы, -гі қосымшасы туралы даулы болып отырған мәселе -нікі формасына тікелей қатысты емес. Бұл форма қазір грамматикаларда бірізді қолданылып келеді. Ал -дағы, -дегі формасы жоғарғы оқу орындарына арналған оқу құралдары мен мектеп оқулықтарында күні бүгінге дейін сын есім тудырушы жұрнақ ретінде көрсетіліп жүр. Бұл өрескел қате. Өйткені, бұл тұлға біріншіден, жалғаудан кейін жалғанып, орын тәртібін сақтамай қолданылған, екіншіден, бұл -ғы, -гі қосымшасы жатыс формалы сөздердің барлығына жаппай жалғанады, Ы.Мамановтың сөзімен айтқанда, грамматикалық абстракция жасайды. Үшіншіден, негізгісі, жалғанған сөзінің лексикалық мағынасын өзгертпейді, тек сөйлемдегі қызметін ғана өзгертеді. -Ғы, -гі қосымшасының жатыс септігінен кейін жалғануында сөз жасамайтыны жайлы Ы.Маманов өте құнды пікір айтқан. Бұл пікірді біз жоғарыда ғалымның аталған қосымшаны екі функциялы деп анықтағандығы жайлы сөз болған тұста айтып кеттік. Бұл пікір қазіргі кезде ғылыми айналымға түсіп келе жатыр. Мұны морфология, сөзжасам салалары бойынша жазылатын оқулықтар мен оқу құралдарында міндетті түрде ескеру қажет деп санаймыз.
Ы.Маманов бұл тұлғаның түбір сөздерге, яғни мекен, мезгіл мәнді сөздерге жалғануында сөз тудырушы функция орындайды деп көрсетеді. Түркологияда бұл мәселе бойынша да пікір алалығы бар. Жоғарыда көрсеткеніміздей, бір топ ғалымдар оның түбір сөздерге жалғануында да сөз тудырушы қызмет атқара алмайды деген пікір айтады. Айталық, белгілі ғалым А.М.Щербактың пікірін келтірейік: «Преобразование семантики и функциональный стороны ­– путь развития не только качественных прилагательных, но и относительных прилогательных. Только основой для развития относительных прилагательных явились не исходные, а производные формы, причем некоторые из них ностоящее время могут быть отнесены к прилагательным лишь условно. Например, қысқы – зимний не присоединяют к себе, за редкими исключениями, никаких характерных для прилагательных аффиксов и не образуют особы аналитических форм. Основную роль в отнесении их к прилагательным играет функциональный признак использования в качестве определений», - деп оның сын есім тудырушы қызметіне, яғни сөзжасамдық қызметіне күмән келтіреді [66, 98 б]. Алайда, қазіргі таңда -ғы, -гі қосымшасы жалғанған түбір сөздер туынды түбір ретінде, басқалай айтқанда, жаңа лексикалық бірлік ретінде танылып жүр. Олар (мысалы, қысқы, жазғы, таңертеңгі, кешкі, бүгінгі, ертеңгі т.б.) сөздіктерде реестрлік қатарда беріледі. Қыс – зат есім болса, -ғы, -гі жалғанып (қысқы) сын есім жасалады. Бүгін – үстеу болса, -ғы, -гі жалғанып (бүгінгі) сын есім жасалады. Сондай-ақ -ғы, -гі тұлғалы түбір сөздер -лы, лі, -сыз, -сіз сияқты қатыстық сын есім тудырушы жұрнақ деп жүрген қосымшалардан ерекшелігі – олар сапалық сынға ешқашан өтпейді. Мысалы, қысқы сөзін шырай категориясымен түрлендіре алмаймыз (қысқылау, қысқырақ, аса қысқы). Олай болса, мынадай қорытынды шығарамыз. -Ғы, -гі қосымшасы Ы.Маманов көрсеткендей, мезгіл, мекен мәнді зат есімдер мен үстеу сөздерге жалғанғанда сөзжасамдық қызмет атқарады. Ал жатыс септігінен кейін жалғануында форма жасаушылық қызмет орындайды. Бұл -ғы, -гі қосымшасы екі функциялы деп анықтаған ғалымдар пікірімен үндес.
Ы.Маманов – -шы, -ші аффиксі туралы да тың пікір айтқан ғалым. Ғалым -шы, -ші қосымшасы түбір сөздермен ғана шектелмей, етістіктің кейбір грамматикалық формаларына (барушы, келуші) жаппай жалғанатынын айта отырып, олардың сөздік құрамға енбейтін сөйлемде уақытша қолданылатын сөздер деп көрсетеді. Ғалым осы қосымшаның жалғануы арқылы жасалған тергеуші, оқушы, жазушы, сатушы т.б. зат есімге айналған сөздерді, басқа грамматикалық еңбектерде көрсетілгендей, сөздік құрамға енетін лексикалық бүтіндерге жатқызады. Бірақ осы сөздердің қалыптасуын -шы, -ші қосымшасының сөз тудыру қызметінен пайда болған сөздер емес, олар белгілі бір ұғымда ұдайы қолданылу нәтижесінде қимыл иесі формасынан семантикалық тәсілмен зат есімге айналған сөздер деп түсіндіреді. Сондай-ақ, -шы, -ші қосымшасының есімшенің -мақ, -мек, -бақ, -бек, -пақ, -пек формасына жалғанғанда да (бармақшы, келмекші), оның грамматикалық мағына тудыратындығын айтады. Ал бұйрық, шартты рай формаларына жалғанып (баршы, келші, келсемші, келсеңші) өтіну, тежеу тәрізді әртүрлі модальдық мағына үстейді деп көрсетеді.
Ы.Маманов -шы, -ші қосымшасы «түбір сөздерге жалғанғанда, сөз тудыру қызметін атқарып, сөздік құрамға енетін туынды түбір сөздер жасайды. Ал грамматикалық формаларға жалғанғанда, форма тудыру қызметінде жұмсалып, жалғанған сөзіне екінші бір грамматикалық мағына үстейді» деп, -ғы, -гі қосымшасы сияқты екі түрлі қызмет атқарады деген тұжырым жасайды [3, 25 б.].
Бұл аффикс есім түбірлер мен тұйық етістік формаларына жалғанып, бір типтес зат есім сөздерін тудырады. Сондай-ақ тұйық етістік формасына талғаусыз жалғанып, сөздің грамматикалық формасын жасайды. Демек, -шы, -ші тұлғасы, біріншіден, түбір сөздерге жалғанып, заттық мағыналы сөздер жасайды. Бұл қосымша зат есім тудыратын ең өнімді қосымша екендігі белгілі. Зат есімнен зат есім жасаумен қоса, бұл тұлға етістік формаларына да жалғанып қолданылады. Әсіресе тұйық етістік формасына талғаусыз жалғанады. Бұл жағдайда (барушы, келуші, айтушы, қоюшы, істеуші т.б.) ол функциялық қосымша ретінде сөйлеу бірлігі ретінде қолданылады. Бұл сөз формалары сөздік құрамға енетін даяр тілдік бірлік емес, олар сөздіктерде реестр ретінде берілмейді. Дәл осы формада сөздік дәрежеге жеткендері бүтін лексикалық бірлік болып, сөздік құрамға енген. Мысалы, жазушы, оқушы, тергеуші т.б. сөздері о баста -шы, -ші қосымшасының сөзжасамдық қызметі негізінде жасалмаған. Яғни сөзжасамның синтетикалық тәсілі арқылы жасалған сөздер емес. Олар осы формада ұдайы қолданыла келе, лексикаланып, түбір сөзге айналған. Осы аталған сөздердің лексикалық бірлік екенін немесе сөйлеу бірлігі екенін сөйлемнен тыс анықтай алмаймыз. Мысалы, «Майдандағы ағайға хатты мен жазушы едім» деген сөйлемдегі «жазушы» сөзі лексикалық бірлік емес, ол сөйлеу бірлігі болып табылады. Ал енді «Жазушы келді» десек, мұндағы «жазушы» заттық мағынадағы лексикалық бірлік екенін көреміз. Олай, болса, бұлар жазылулары бірдей, мағыналары басқа - басқа сөздер. Тілде мұндай сипат омонимия құбылысына жатады. Бірақ бұл сөздер о баста біртектес мағынадан тарағандықтан, оларды омоним деудің өзі шартты.
Түркологияда бұл қосымша жайлы әрқилы пікір айтылған. Оны зат есімнен бұрын о баста сын есім тудырушы аффикс болған деген де пікір айтылады. Г.Алпаров оны сыйфат, профессия сыйфатының көрсеткіші деп көрсетсе, Д.Г.Тумашева о баста сын есім тудырушы аффикс болған дейді. Б.А.Серебренников пен Н.З.Гаджиева: «Веротнее всего, -чы/чи был аффиксом прилагательных, обозначающих привычку, склонность к чему-либо. ...Затем из сферы прилагательных, этот аффикс был перенесен в сферу существительных с соответствующим изменением его семантики», - деп, сын есім тудырушы функциясын алғашқы деп жазады [67, 220 б.].
Бұл пікір тарихи тұрғыдан дұрыс та болар. Бірақ қазіргі қазақ тілі тұрғысынан -шы, -ші қосымшасы зат есім тудырушы жұрнақ ретінде танылып, тұрақталған. Алайда, оның қимыл есімдеріне жалғанғандағы қызметі сөзжасамдық қызмет емес. Татар тілінің ғалымы Ф.А.Ганиев оны «полуфункциональный аффикс» деп көрсетеді. Ғалым колхозшы, докладшы сөздерін зат есім деп көрсетеді де, барушы, жасаушы сөздеріне қатысты мынадай пікір айтады: «С помощью этого аффикса от любого имени действия можно образововать причастия настоящего времени, что указывает на его универсальность. Он присоединяется к любому глаголу. Этот признак также дает нам право утверждать, что суффиксы в форме причастия настоящего времени выражает грамматическое значение» [30, 216 б.]. Мұндай пікір жоғарыда берілген Ы.Маманов тұжырырымдарынан да анық көрінеді. Қазақ тіл білімінде Ы.Мамановтың пікірімен үндес пікір айтқан Қ.Шаяхметов -шы, -ші қосымшасының зат есім түбірлеріне жалғанғандағы қызметін сөзжасамдық, ал қимыл есім, мақсатты келер шақ формасына жалғанғандағы қызметін форма тудырушы қызмет деп көрсетіп, -ушы формасын осы шақ есімше деп анықтайды [32]. Осы қосымша туралы пікір айтқан А.Жаңабекова «Қойшы, малшы, жылқышы, тігінші егінші сөздері о баста қойды бағушы адам, жылқыны бағушы адам, тігіс тігуші адам, егін егуші кісі түрінде айтылып, кейін келе, осы тіркестердегі қимыл мәнді сөз түсіп қалады да, -шы, -ші қосымшасы сөздің түбіріне жалғанып жұмсалады. Олай болса, -шы, -ші қосымшасының өзінің бастапқы тұлғасы -ушы, -уші формасы деуге болады. -Шы, -ші қосымшасы қимыл иесі формасынан біртіндеп сөз тудырушы тұлғаға айнала бастаған» деп, оны қимыл иесі формасы деп атайды [44].
Сонымен, -шы, -ші қосымшасының сөзжасамдық және форма жасаушылық қызметін нақты көрсеткен ғалым Ы.Мамановтың ой-пікірлері ғылыми айналымға түсіп келеді.
Ы.Маманов етістік категориясы туралы да көп пікір айтқан ғалым. Ғалым қос функциялы аффикстерді тек есім сөздер мен сөз формалары тұрғысынан ғана емес, етістік формалары бойынша да көрсеткен. Субъектив мәнді етістіктік жасайтын жұрнақтардың қызметін ғалым әрі сөз тудырушы, әрі форма тудырушы функция деп анықтайды. Субъектив мәнді етістіктер негізінен етістіктің лексика-семантикалық тобы болғандықтан, олар жеке дара қарастырылады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   ...   47




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет