Диссертация с. М. Исаев Ғылыми жетекші: филол. ғ. д филол ф.ғ. к. К. Н. Уәли Алматы, 2007 жыл мазмұНЫ


Ы.Маманов еңбектеріндегі көмекші етістік мәселесі



бет29/47
Дата29.05.2022
өлшемі1,15 Mb.
#35856
түріДиссертация
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   47
2.4 Ы.Маманов еңбектеріндегі көмекші етістік мәселесі
және олардың амалдың өту сипаты категориясына қатысы

Жалпы тіл тарихында грамматикалық дамудың нәтижесінде дербес лексикалық мағынасынан айрылып, грамматикалық қызметке ауысқан етістік түрін көмекші етістік деп атайды. Көмекші етістіктер көне жазба ескерткіштерден бастап қазіргі түркі тілдерінің барлығында да кездеседі.


Көмекші етістіктердің қазақ тіліндегі зерттелу тарихы Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектерден басталады.
Қазақ тіліндегі көмекші етістіктердің нақтылы саны анықталып, зерттелмеген деуге болады. Себебі, тілші-ғалымдар еңбегіндегі көмекші етістіктерге берілген сипаттамаларда олардың саны нақты көрсетілмейді. Мысалы, А.Ысқақовта толымды көмекшілерге 26 көмекші етістік жатқызылады [11, 247 б.]. Бұл пікір Н.Оралбаева еңбектерінде де қайталанады [145, 49 б.], [158, 67 б.]. Ә.Төлеуовте 18 түрі көрсетілсе [159, 1 б.], Ы.Е.Маманов еңбектерінде олардың саны жиырма шақты деп беріледі [160, 76 б.], [72, 61 б.].
Біз қолда бар материалдардың негізінде ал, баста, бер, бақ, бол, біт, жет, еді, екен, ет, емес, отыр, тұр, жатыр, жүр, жазда, жөнел, жібер, де, қой, қал, көр, қара, кет, кел, өт, таста, түс, сал, шық, бол, бар т.б. етістіктерді көмекші етістіктер деп есептейміз. Көмекші етістіктердің негізгі лексика-грамматикалық мағынасында емес, абстракты-грамматикалық мағынада қолданылатындығы тілшілерге мәлім. Сондай-ақ көмекші етістіктердің кейде өз мағынасын толық сақтап, дербес сөз ретінде, кейде өзінің лексикалық мағынасынан ажырап, көмекші қызметте қолданылатындығы көп еңбектерде айтылған. Алайда жалпы көмекші етістіктер мағынасына байланысыты әртүрлі көзқарас болды. Бір топ ғалымдар көмекші сөздерде мүлде лексикалық мағына жоқ десе, келесі бір тобы олардың лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасы тең деп көрсетеді. Үшінші бір топтағы ғалымдар көмекші сөздерді әрі лексикалық, әрі грамматикалық мағынасы бар деп жазады.
Н.Оралбаева көмекші етістіктердің қолданылуын, мағынасын, қалыптасуын аналитикалық формантпен байланысты қарастырады да, олардың барлығы да өзінің дербес мағынасынан айрылған деп жазады [145, 48-58 б.].
М.Оразов көмекші етістіктерді функционалды (атауыш) көмекшілердің қатарына қосады. “Функционалды көмекшілер деп өзінің толық мағыналы сыңарларынан толық қол үзіп кете қоймаған, сөйлемдегі қызметтеріне қарай бірде көмекші сөз, бірде толық мағыналы сөз ретінде қолданылатын сөздерді айтамыз”[161, 60 б.]. Ғалым “қой” етістігінің әрі толық мағыналы етістік, әрі шылау қызметін атқаратынын сөз етеді.
Қазақ тіліне байланысты оқулықтарда көмекші етістіктерді мағынасына қарай мәнді және мәнсіз деп бөлу кең қанат жайған. Н.Сауранбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев авторлығымен жарыққа шыққан «Қазіргі қазақ тілі» (1954) оқулығында көмекші сөздерге арналған бөлімде оларды нағыз көмекші етістіктер және ауыспалы шала көмекші етістіктер деп бөледі де, арнаулы нағыз көмекшілерге жеке қолданылмайтын, мағынасы белгісіз, басқа етістіктердің шылауында айтылып, оның белгілі бір амалын көрсететін, есім сөздерге қосылып, қимыл мағынасын білдіретін е, ет, де сияқты көмекшілерді атайды.
Ә.Төлеуов етістіктің лексика-грамматикалық ерекшеліктерін сипаттай отырып, көмекші етістіктерді қолданылуына қарай екіге бөледі: 1) жеке тұрғанда толық мағынада қолданылмайтын, үнемі белгілі бір сөзге көмекші болып келетін е, ет, жазда, де; 2) сөйлемдегі қызметіне қарай бірде көмекші, бірде толық мағыналы болып келетін отыр, тұр, жүр, жатыр, кел, бер, ал, жібер, көр, қал т.б етістіктері [159, 12-13 б.].
Н.Оралбаева көмекші етістіктерді тілде толық мағыналы етістіктер ішінде а) омонимі жоқ (ет, еді, екен, емес, де, жазда), ә) омонимі бар (ал,бер, бар, бақ, баста, бол, біл, біт, қал, қыл, қара, қой, көр, кел, кет, отыр, тұр, жат, таста, сал, түс, өт, шық, жібер, жөнел) деп топтастырады [145, 49 б.], [158, 67 б.].
М. Достанов көмекші етістіктерді өзгеше формада жүйелеп көрсетеді. Өз ішінде көмекші мағыналы негізгі етістік толымды – мәнді ауыспалы көмекші етістік (е, де, ет т.б.), толымсыз – мәнсіз тұрақты көмекші етістік (е, де, ет т.б.) деп бөледі [162, 96 б.].
Көмекші етістіктің әрқайсысының беретін мағыналары да қазақ тіл білімінде зерттелген. Осыған байланысты «еді» толымсыз көмекші етістігінің грамматикалық мағыналарын Б.Кеншімбаева өз мақаласында көрсеткен [163, 171-186 б.]. Сонымен қатар «екен» толымсыз көмекші етістігінің есім сөздермен және «екен» көмекшісі арқылы жасалған етістікті аналитикалық конструкцияны талдап көрсетеді [10, 65-73 б.].
Ы.Маманов қазақ тіліндегі көмекші етістіктерді лексикалық мағынасына қарай екі топқа бөледі. Бірінші топқа е, ет, де, жазда көмекші етістіктерін жатқызады. Бұларды сөйлемде дербес лексикалық қызмет атқара алмайтындықтан мәнсіз көмекші етістіктер деп атаған. Екінші топқа жататындарды өз алдына лексикалық толық мағына білдіретін, дербес сөйлем мүшесі қызметін атқаратын түбір етістік тұлғасындағы атауыш сөздер деп, көмекші етістіктің бұл түрін мәнді көмекші етістіктер деп атайды. Бұл көмекші етістіктердің мәнді деп аталуын олардың кейде сөздік мағынасын бүтіндей жойса да, кейде жартылай сақталып қалуымен байланыстырады.
Ы.Маманов аналитикалық етістіктерді күрделі етістіктердің қатарында қараған. Десе де, күрделі етістіктердің грамматикалық ерекшеліктерін ажырата білген. Ғалым қазақ тілінде көсемшелі тұрақты тіркес құрамында көмекші етістік қызметінде жұмсалатын етістіктерге мыналарды жатқызады: қой, жібер, таста, қал, сал, түс, көр, ал, бер, жет, біт (бітір), баста, жазда, отыр, тұр, жүр, жатыр, кет, кел, шық, көр, бар т.б. Сөздік мағынасын ешқашан жоймайтындар деп мыналарды көрсетеді: бар, кел, кір, баста, жет, бол, біт (бітір). Мысалы, барып кел, айтып бар, қуып кір, қуып жет, оқып бол, жеп бітір т.т.с. Ал шық, кет, ал, бер, жатыр, жүр, отыр, тұр сөздерін көмекші етістік қызметінде сөздік мағынасын бірде сақтап, бірде сақтамай, екінші бір грамматикалық мағына білдіретін морфема қызметінде жұмсалады дейді. Оған мынадай мысал келтіреді:
Кітапты алып шығу – кітапты оқып шығу;
Қасқырды қуып кету – қасқырдан шошып кету;
Кітапты сұрап алу – кітапты жоғалтып алу т.б. [72, 59-63 б.].
Көмекші етістіктер мысалдың бірінші вариантында өзінің лексикалық мағынасын сақтап айтылса, екінші вариантында сөздік мағынасын жойған. Алайда Ы.Маманов екі варианттағы көсемшелі тіркестерді семантикалық жағын ескермей, күрделі етістіктер деп атайды. Күрделі етістік құрамындағы көмекші етістіктер грамматикалық форма тудыру қызметін атқарады деп санайды. Осындай кішігірім қайшылықтары бола тұрғанмен, ғалымның көмекші етістіктер туралы дұрыс көзқарастарын атап көрсетуге болады:
1) есім сыңарлы күрделі етістікті тіркесті түбір етістік деп атап, олардың сөзжасамдық қызметін анықтады;
2) күрделі етістіктер мен аналитикалық етістіктердің семантикалық айырмашылықтарын көрсетті;
3) көмекші етістіктердің күрделі және аналитикалық етістік құрамында келгендегі мағыналарын аша білген;
4) көмекші етістіктерді сөздік мағынасына қарай дұрыс топтай алған. Бұл айтылғандар толымды (мәнді) көмекші етістіктерге қатысты.
Мәнсіз (толымсыз) көмекші етістіктерге байланысты:
1) «е» және «жазда» етістіктерінің грамматикалық мағынасын дұрыс аша білген;
2) «ет», «де» етістіктерін мәнсіз көмекшілер қатарында қараған. Бірақ бұл етістіктер кейінгі авторлар еңбектерінде грамматикалық қызметі айқындалып, толымды көмекшілер қатарында жүр. Әйткенмен олардың өзге толымды етістіктермен синонимдес (ет-істе, қыл; де-айт, сөйле) екендігін көрсеткен.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   25   26   27   28   29   30   31   32   ...   47




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет