Малды диеталық азықтандырудың жалпы ережелері. Бұндай рационға малды көшіретін кезде оның организмінің физиологиясын, азықтандыру гигиенасының ерекшеліктері негізі ескеріледі. Мұндай жұмысты ұйымдастыру кезінде келесі жағдайларды ескеру керек: рационға малдың тәбетін ашатын түрлі, дәмдік сапасы да жоғары азық енгізіледі; рационға ауру мал организмі сіңіре алатын барлық қажетті қоректік заттар енгізілуі тиіс; диеталық азықтандыру мал түлігіне, жасына және физиологиялық ерекшеліктеріне сай келуі керек; әрбір жеке жағдайда диеталық емдеу белгілену кезінде азықтандыру, норма тәртібі, азық беру және суару мезгілі де белгіленіп қатаң сақталады.
Ауру малдарды емдік диетадан күнделікті рационға бірте бірте аурудың клиникалық белгілері жойылғаннан кейін 7-10 күннен соң ғана ауыстырылады.
Қазіргі кезде мал шаруашылығында малдың өсуі мен кейбір аурулардан сақтандыру мақсатында азықтың қосымша бөлігі ретінде химиялық, микробиологиялық және басқада пробиотикалық заттар қолданылады.
Жем-шөп мал организіміне сыртқы ортадан бірден бір протеин жеткізуші. Құнарлы протеин жетіспесе қан сары суында белоктар синтезі, әсіресе альбуминдік фракция синтезі төмендейді, клеткалар мен ұлпаларда қалыпқа келтіру процесстері тежеледі, олардың қорғаныш қызметі әлсірейді. Құнарсыз протеин қолданылса асқазан ішек жолы мен тыныс алу органдарының инфекцияға ұрынуына әкеп соқтырады. Бұған, әсіресе шошқа мен құс төзімсіз.Белоктың жетіспеуі белоктық алмасу ғана емес, сонымен қатар жалпы зат алмасудың бұзылуына да ұрындырады.
Белоктың жетіспеуін алдын алу үшін алмастырылмайтын синтетикалық амин қышқылдарын беру керек. Кейбір май қышқылдары липолен, арахидон және линолен малдың зат алмасуына, өсуі мен жетілуіне қажет. Сондықтан олар азықпен бірге тұрақты түсіп тұруы керек. Азықта май жетіспесе организмге майда еритін витаминдер А,Д , К және Е жетіспеушілігі туындайды.
Малдың азықтан болатын ауруларының алдын алу Сапасыз азық беру мал арасында көптеген аурудың, соның ішінде індетті және инвазиялық аурулардың таралуына себепші болады. Кейбір жағдайларда сапасыз азық малдың жарақаттануына да әкеліп соқтырады. өйткені, олардың ішіндегі өсімдіктің қатты өзектері, үшкір металл заттар, шыны болуы мүмкін, қатып қалған, ыстық азық асқазан ішек жолын ауруға шалдықтырады. Азықтан улануды минералды, синтетикалық, органикалық және өсімдік улары тудырады.