Азықтан жарақаттану деп азықпен бірге түскен бөгде заттардың малдың асқазан ішек жолын зақымдануын айтамыз. Ондай бөгде заттарға пішен және сабан байлайтын сым, шеге және тағы басқа металл заттар, шыны, құм, қиыршық тас жатады. Патологиялық процесс металлдың өздігінен өтуімен шектелуі мүмкін не бөгде зат жылжып шақпақ ет диагфрагма, жүректің үлпершегін перикард, жалбыршақ, тақия қарын және т.б. ішкі органдарды жарақаттануы мүмкін. Олар тереңге жаралап кіріп кетсе, соның салдарынан іріңдейді де көпке дейін жазылмай қояды. Сол бөгде заттармен бірге немесе жара арқылы ұлпаға актиномикоз қоздырғышының енуі де ғажап емес.
Аталған жарақаттанудың экономикалық зияны едәуір. Мұндай жағдайға тап болған малдың 30% мезгілінен бұрын қатардан шығады. Ал олардың еті жарым жартылай құнсызданады. Сондықтан тұтас азықтардың масағы да, өзектері де тиісті өңдеуден өткізілуі тиіс.
Азық топырақ, құм, лаймен ластанса ол азықпен малды азықтандыруға болмайды. Мұндай азық малдың ас қорыту жолын бітеп, асқазан ішек жолдарының ауруларын таратады. Бұл кезде малдың тәбеті қашады, іші кебеді, сүт шығымы азаяды. Кейбір жағдайда мал өліп те қалады. Мұндай азықты жеген жылқының ішегінде, әсіресе бүйенінде кейде қартасында құм мен топырақ көп жиналады. Осының салдарынан жем жүрмейді, ішек түйіледі, ішек парезіне, кілегей қабықтың некрозына шалдығады, жылқы өлімі де жиі болады.
Сиырды ұнтақталған жеммен көп мөлшерде азықтандырса, оның сүтінің майлылығы айтарлықтай дәрежеде төмендейді. Тоңазыған немесе қатып қалған азықпен жемдеген малдың ас қорыту жолы мен жатырының бұлшық еттері жиырылып, қызметі өзгереді. Малды аса ыстық азықпен азықтандыруға болмайды. Мұндай азық аш шошқа ашқарақтап жегенде олардың ауыз уылуы стоматит, өңеш пен асқазанның қабынуы секілді ауру шығады.
Профилактикалық шаралар. Азықта түрлі механикалық қоспалар болмас үшін оны жинаған, тасыған және сақтаған кезде қадағалап отыру керек. Металл қалдықтарын, сымның үзіктерін азық сақтайтын орынға, өріс жайылымға, мал фермасының территориясына шашуға , тастауға, малды құрылыс, қойма, шеберхана маңайына жаюға, престеліп сыммен буылған пішен мен сабан бауларын балтамен шабуға болмайды. Ластанған пішенді малға берер алдында мұқият қағу керек. Ал жем, кебек, күнжара және т.б. елеуішпен елеген дұрыс.
Қазіргі нормаларға сай азықта минералды қоспалар мынандай мөлшерде болуы керек: дәнді жемде әрі кеткенде бір, шөп және қылқан жапырақ ұнында бірден артық емес, құрама жемде әрі кеткенде екі, пішеннің 1,2 және 3 класстарына сай әрі кеткенде тиісінше 0,3; 0,5 және 1%. Зоогигиеналық нормалар бойынша құрама жемде металл магниттік қоспалар мөлшері 0,5 мм-ге дейінгі бөлшектер 0,01 % артпауға тиіс.