9.1. Мал шаруашылығындағы жалпы ветеринариялық – санитариялық шаралар. Қазіргі таңдағы фермалар мен мал шаруашылығы кешендерге қойылған талаптар, берілген ұсыныстар мен зоогигиеналық ветеринариялық – санитариялық ережелер малдың жұқпалы аурулардан сау және өнімділігі жоғары болуын қамтамасыз ете алады. Зоогигиеналық және ветеринариялық – санитариялық шаралар:
- Фермалар мен кешендерді биік қоршаумен қоршау, территориясына жасыл желек егу, қызметкерлер үшін санөткелдер, ал көліктер үшін дезөткелдер жасау;
- фермалар мен кешендерге жұқпалы аурулардан сау шаруашылықтардан мал алу;
- жаңа әкелінген малды қораға кіргізбес бұрын қораны тазалап, дезинфекциялап, 5 күн бойы бос қалдыру керек;
- мал қорада бір мал басына келетін орын көлемін қатаң сақтау керек;
- станоктан станокқа инфекция таратпау үшін қиды және сұйытылған қиды арнайы қи каналдары немесе траншея арқылы шығару керек;
- стресс-реакцияларды барынша азайту, яғни қажетсіз малды бір орыннан екінші орныға ауыстырмау;
- қорада оптимальды микроклимат ұйымдастыру, толық құнды азықтандыру;
- қора ауасын, қондырғылар мен құрал – жабдықтарды аэрозольды дезинфекциядан өткізіп отыру;
- қорада инфекциялық ауру пайда болса, әр түрлі сүзгілер көмегімен лас ауаны сүзгіден өткізіп отыру;
- үнемі инфекциялық ауруларға қарсы арнайы профилактикалық шараларды орындап отыру.
Көрсетілген зоогигиеналық және санитариялық ережелерді орындау арқылы жұқпалы аурулардың алдын алып, малдардың зат алмасу процесін жақсартуға, табиғи резистенттілігін көтеруге және вакцинациядан кейін арнайы антиденелердің жиналуын көбейтуге болады.
9.2. Мал кәсіпорындарындағы ветеринариялық және ветеринариялық – санитариялық нысандарға қойылатын гигиеналық талаптар. Ветеринариялық нысандарға мыналар жатады: ветеринариялық пункт, ветеринариялық емхана, ветеринариялық лаборатория, изолятор. Ал, ветеринариялық-санитариялық нысандарға мыналар жатады: санитариялық өткізгіш, карантиндік орын, дезөткел, дезтөсеніш, санитариялық-сою пункті.
Ветеринариялық пункт (ветпункт) – жануарларды амбулаториялық және стационарлық емдеу үшін салынады. Ветпункттің құрамына амбулатория, стационар, қабылдау-манеж, дәріхана, тоңазытқышы бар биопрепараттарды сақтауға арналған қойма, құрал – жабдықтарды сақтауға арналған қойма. Ауру жануарларды ұстайтын бөлмелерде денниктер мен станоктар болуы керек. Стационардағы орын саны кешендегі жалпы мал басы санының 3-5 % құрайды. Мал басының саны 1000 –нан асатын мал шаруашылығы кешендерінде ветеринариялық пункттен басқа ветеринариялық лаборатория да болуы керек. Ветеринариялық лабораторияда лабораториялық бөлім, виварий және дезинфекциялық заттарды сақтайтын қойма болуы керек.
Изолятор - ауру малды немесе жұқпалы ауруға күдікті малдарды ұстауға арналған. Изолятор бокстардан, құрал-жабдықтар сақталатын және емдік шараларды жүргізетін бөлмелерден тұрады.
Ветеринариялық емхана – ауру малға амбулаториялық және тұрақты емдеу көмегін көрсетеді, диагностикалық зерттеу, сондай-ақ, шаруашылықтарда профилактикалық, ветеринариялық – санитариялық және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді.
Ветеринариялық лаборатория – ірі мал және құс шаруашылықтарында орналастырылады, онда лабораториялық-диагностикалық зерттеулер, азықтың сапасын зерттеу, профилактикалық, емдік және ветеринариялық-санитариялық шаралар жұмысын жүргізеді.
Санитариялық өткізгіш – санблоктан және дезблоктан тұрады, 400 бас ірі қара малдан көп кешендерде салынады. Санитраиялық өткізгіш кешен кіреберісінде әкімшілік ғимаратта немесе бөлек ғимаратта орнатылады. Санитариялық блокта қызметшілерді және келушілерді санитариялық өңдейді, қызметшілердің арнайы киімдерін дезинфекциялайды, кептіреді. Дезинфекциялық блокта көліктерді дезинфекциялайды. Дезблокта дезинфекциялық қондырғы және көліктің дөңгелектерін дезинфекциялайтын дезванна болады. Ваннаның ұзындығы 9 метрден, ені 3-4 метр, ал дезинфекциялық ерітіндінің тереңдігі 0,25 метрден кем болмау керек.
Санитариялық – сою пункті сою бөлімінен ( сою бөлмесі, салқындату камерасы, ұшаларды уақытша салқындату камерасы, тері шикізаттарын уақытоша сақтау бөлмелері) және өтелдеу бөлімінен ( өлекселерді соятын және өтелдейтін ) тұрады. Санитариялық –сою пункті мал басы 800-ден асатын кешендерде салынады.
Жануарларды ветеринариялық өңдеуге арналған пункт профилактикалық және ветеринариялық-сангитариялық шараларды жүргізуге арналған.
Бұл бөлме көлемі бір өндірістік топтағы сиыр санына байланысты болады. Бір мал басына 1,8 шаршы метрден келеді.
Карантиндік бөлімде – кешенге келіп түсетін жануарларды қабылдап, ветеринариялық – санитариялық өңдейді, диагностикалық шаралар жүргізеді. Каранитндік бөлменің көлемі ол жерде малды 30 күн ұсталатыны ескеріле отырып кешенге келіп түсетін мал басы санына байланысты алынады. Карантин ғимараты басқа мал шаруашылығы нысандарынан кем дегенде 100 м қашықтықта орналасуы кереек. Карантиндік ғимараттар қабырғамен қоршалады, кіргізу және шығару дезөткелдері болуы керек.
Дезөткел – фермаға кіріп-шығатын көліктің дөңгелектерін дезинфекциялау үшін қажет. Дезөткелді шаруашылық кіреберісіне орналастырады.
Дезтөсеніш – мұны қора алдына қызметшілер аяқ-киімін дезинфекциялау үшін төсеп қояды, әрбір қора алдында орналастырылады.