Джумабаева Анель-202 топ Сал-серілер поэзиясы және оның зерттелу жағдайы


Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығы және әдеби мұрасы



бет4/5
Дата06.01.2022
өлшемі32,58 Kb.
#14794
1   2   3   4   5
3.Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығы және әдеби мұрасы

Жастайынан жұрт назарына ілігіп, есімі шартарапқа жайылған қазақтың атақты ұлы Балуан Шолақ дүниеге келгелі бір жарым ғасыр болды. Жауырыны жерге тимеген палуан, ауыр салмақ көтеріп өнер көрсеткен алып күш иесі, ат құлағында ойнаған, шауып келе жатқан ат үстінде күрделі цирктік көріністер жасай беретін, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген спортшы-өнерпаз. Және адуынды ақын, ғаламат әнші-сазгер. Сегіз қырлы, бір сырлы тарлан. Оның аты көзі тірісінде-ақ аңызға айналған еді. Бір басындағы осынша өнер түрін ол жігіт шағынан қатар дамытып, ерен қабілетімен жұрт көзіне ерте түсті. Әуелде қара күшімен, белдесіп күресудегі шеберлігімен танылды. Сосын ән шырқауға құмарлығын көрсетті. Одан салдық құрып, ел аралады.   Қасына қилы өнер дарыған талантты жастарды жинады. Сөйтіп,  әнші, күйші, палуандар тобымен ауылдан ауылға ауысып сауық-сайран жасап жүруді дәстүрге айналдырды.

Оның күреске он төрт жасынан түсіп, небір алып қарсыластарын жығып

жүргенін,   шауып келе жатқан жүйрік ат үстінде шалқалап жататынын, ер үстінде түрегеп тұрып, немесе аяғын көкке көтеріп  төбесімен тұрған қалпы шабатынын, жүйткіген аттың біресе оң жағынан, біресе сол жағынан жерге түсіп, қайта мінетінін, ат бауырынан жеңіл айналып өтетінін жұрт тамсана әңгімелейтін. Оның цирк өнеріне тән спортшылық ептілікті шебер игергендігімен қоса, бойындағы күштің жойқындығын неше түрлі амал-тәсілмен көрсететіні, елу бір пұт кір тасын көтергені, орыстың әйгілі кәсіби палуаны Кореньді (өз айтуында – Каронды) жығуы мысал етілетін. Ол Көкше алқабының дүлдүлдері Біржан сал мен Ақан серіні ұстаз тұтты. Олардың  әндерін нәшіне келтіре орындады. Өзі де өлең, ән шығарып, әуелете шырқады.  Оның даңқы Көкшетау өңірінен асып, күллі қазақ өлкесіне тарады. Шартарапта барша жұрт оны құрметтеп қарсы алып, төбесіне көтерді. Өнеріне сүйсінді. Көргендерін, естіген-білгендерін аңыз етіп айтып, ауыздан-ауызға жеткізді. Сөйтіп ол көзі тірісінде-ақ аңызға айналды.

Оның шын аты Нұрмағамбет болатын. Баймырза баласы Нұрмағамбет. Балалық шағында бір оқыс оқиғаға ұшыраған екен. Құрбыларымен алау басында арқан тарту ойынын ойнап жүргенінде. Арқанның екінші ұшынан тырмыса тартысып тұрған құрбыларына бір өзі дес бермей,  қарсыласқанында. Арқанды қатты жұлқып қалғанында  бар серпінімен отқа құлап, бір қолының саусақтарын  күйдіріп алған көрінеді. Күйген қолы көпке дейін жазыла қоймай, шаруаның бәрін бір қолымен істеуге мәжбүр болған. Сонысына қарап балалар оны Шолақ деп атап кетеді. Ал одан көп ұзамай, белдескен теңдесінің бәрін, тіпті өзінен үлкен жігіттерді де күресте емін-еркін жығып көзге түскенінде, әуелде құрбы-құрдастары, сосын ересек әлеумет те әлгі атауға Балуан деген анықтаманы қосып айтатын болған. Сөйтіп Нұрмағамбет Баймырзаұлы осылай, замандастарының аузымен, жас шағынан-ақ Балуан Шолақ атанып кетіпті. Бір аңыз бойынша, ол бозбала шағында ересек ағайынымен бірге тау етегінен қанат жайған базарға келеді. Әлдебір жаршы ширақ айқайға басып, өзі арнайы ертіп әкелген орыс палуанымен күресуге тәуекел ететін талапкерлерді шақырып жатқан. Бәске бір қойдың құны – бір сом тігіледі. Шолақ ойланып жатпастан ортаға ұмтылады. Бірақ палуанның алдына жете бере киімінің етегіне шалынысып құлап түседі. Сөйтіп күреспестен ұтылады. Намыстанып, ертеңіне тағы келеді. Сонда оны мұқатпақ болған палуан бәс мөлшерін күрт сегіз сомға көтереді. Бала оған тоқтамай, шапанын шешіп тастап, белдесуге шығады. Шығады да, палуанды лезде жерге алып ұрады. Жұрт риза болып шу ете түседі, шапан үстіне ақшаны үйіп тастайды. Содан, базарға шартараптан келген көпшіліктің арқасында, Балуан Шолақтың даңқы қырды жайлап кетеді...  

Балуан Шолақ (Нұрмағамбет) Баймырзаұлы 1864 жылы туған. Алғашқы ресми анықтамалықта (Қазақ Совет Энциклопедиясы, 2-т., 1973, 140-б.)  еліміздің оңтүстік өңірінде – қазіргі Жамбыл облысы аумағындағы Хан тауының маңында дүниеге келді деп көрсетілген екен. Алайда, бірқатар зерттеушілер (Е.Мырзахметов, З.Қоспақов, Ж.Бектұров, Б.Қыдырбекұлы) 1998 жылы жарық көрген «Балуан Шолақ» жинағына (құрастырған С.Оспанов) енген жұмыстарында бұл деректің жаңсақтығын дәлелдейді. 





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет