Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library 109
жалғанның барша асылын жамбасына басқан Ұлы Əмірші сыйлаған бір
қобдиша асыл таста не түр дейсің! Ондайды Ұлы Əмірші сақилығы
ұстағанда қайыршыға да ұстатып кетуі мүмкін ғой. Егер ол мұны өліп-өшіп
жақсы керетін болса, бір сарайдың астында əлденеше түн өткізе тұрып,
дəл осылай, бүк түсіп жатып алуға дəті қайтып шыдайды?!
Ханым күні кешегі Əмірші жорықтан оралғанда бастан кешем ғой деген
бақыты жайлы арман-қиялы ойына түскенде өзінен өзі қызарып, соншама
ессіз болғанына өзінен өзі ұялады. Соның бəрі көзінен бұл-бұл ұшқанына
қатты қамығады. Қайта сол сартап сағыныш құшағындағы күндерін
аңсайды. Ондайда əйтеуір дəме, үміт бар еді ғой. Өз қиялына өзі мəз боп
жүруші еді ғой.
Қиял демекші, өзінің осы Əміршіні өліп-өшіп сүйемін деп жүрген сенімі де
құр əншейін мəңгінің қиялы емес пе екен. Өзгенің тарапынан махаббат
қызығын кермеген əйелдің осынша ессіз құштарлыққа берілуі мүмкін бе
өзі? Əй, қайдам... Бұл осы кезге дейін Ұлы Əмірші тарапынан ондай
ерекше ниет байқап көрген жоқ-ты. Ендеше, бұл екеуінің арасында ондай
махаббат қалай желі салып жүр? Ол да тек бұның махаббат аңсаған
көңілі өзі ойдан шығарып, сонысына өзі сеніп жүрген жай əншейін сер-
гелдең сезім шығар. Бұл да жас ұстаның албырт дəмесіндей алдамшы
бірдеңе ғой.
Ханым бұл ойынан өзі шошып қалды. Құдіреттің өзіне тіл тигізгендей
күпірлік сезініп, ішінен үш рет кəлимасын қайырды. Бірақ ойда жоқтан оп-
оңай сап ете қалған əлгі бір ой көңілінен оп-оңай шығып кете қоймады.
Ол күні бұрынғысынан бетер бұқтығырылып зорға жүрді. Сүйек-
сүйегінің бəрі сылынып бара жатқандай. Кешке сүлдері құрып əзер жетті.
Əлденеше күннен бергі көз ілінбей ұйқысыз өткен түннен бе, жоқ күндізгі
ащы ойлар көңілін торықтырды ма, басы жастыққа тиген бойда өне
бойы мең-зең тартып жүре берді. Қалжыраған денесі ойда жоқта
балбырап барады. Мынау құлазыған кең бөлменің төбесінен көзге
көрінбей, тəнге тимей, ту сонау сүйекке барып бірден даритын рақат
нөсері селдетіп қоя бергендей, сол нөсер қапырық көңілінен пəлен
күннен бергі шиыршық атып, ширықтырып жүрген мазасыз ойларды,
үрейлі үрейді, тымырсық қапаны, ет жүрегін езгілеген өкініш, ашу, ызаны
– бəрін-бəрін сүре қуып, «дем ал, тынық, ештеңені ойлама, ештеңені
уайымдама» деп, шамырыққан жүйке-жүйкесінің бəрін шипалы қолымен
сылап-сипап жатқандай, күні бойы екі шекелігін күйретіп жібергендей
боп сырқырата сығып тұрған зіл батпан да жеңілейе түсті. Көз алдын
көлегейлеп алған бір жұмбақ перде бірте-бірте жан-жағын түгел қоршап
келеді. Енді көз алдында сол мөлдіреген селдір пердеден басқа ештеңе
қалмады, ханым өзінің ояу жатқанын да, ұйықтап кеткенін де аңғара
алмайды; əйтеуір көз алдында тұнық ауада ұйып қалған селдір сəуледей
боп, əлдене ағараңдап тұрып алды.
Ханымның талықсыған денесінде əлі өшіп біте қоймаған əлсіз сана
қарауыл қарағандай сол бір ұйып қалған ағараң сəуледен көзін алмайды...