53.Кәсіпорын – қоғамдағы еңбек бөлінісі жүйесіндегі оқшауланған дербес өндірістік-шаруашылық бірлік, яки заңды тұлға құқығы берілген шаруашылық жүргізуші субъект; өндірістік-шаруашылық қызметті ұйымдастырудың негізгі нысаны. Ол әлеуметтік қажеттіліктерді қанағаттандыру және пайда алу мақсатымен еңбек ұжымын пайдалана отырып, өнім(тауар) өндіреді, жұмыстарды орындайды, қызметтер көрсетеді және өндіріс құрал-жабдығы мен басқа да мүлікке меншік нысандарына қарамастан заңды тұлға ретінде және шаруашылық есеп принципіне сүйеніп әрекет етеді. Кәсіпорын заңнамада тыйым салынбаған және кәсіпорынның жарғысында көзделген мақсаттарға сай келетін кез келген шаруашылық қызметпен айналыса алады. Кәсіпорын өзінің қызметін дербес жүзеге асырады, шығарылатын өнімін, салықтар мен бюджетке басқа да міндетті төлемдерді төлегеннен кейін қалған пайданы иеленеді. Кәсіпорын мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап құрылды деп саналып, заңды тұлға құқығын иеленеді. Тіркеу үшін құрылтайшы оны құру туралы шешімді немесе құрылтайшылардың шартын, кәсіпорынның жарғысын және басқа құжаттарды ұсынады. Кәсіпорынның дербес балансы, банктерде есеп айырысу шоты мен өзге де шоттары, өзінің атауы жазылған мөрі болады. Мүліктік кешен ретінде кәсіпорынның құрамына оның қызметі үшін керекті мүліктің барлық түрлері, бұған қоса жер телімдері, ғимараттар, жабдықтар, шикізат, өнімдер, талап құқықтары, сондай-ақ, кәсіпорынды, оның өнімін, жұмыстары мен көрсететін қызметтерін дараландыратын таңбаларға құқықтар (фирмалық атаулар, тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері) және заң мен шартта өзгедей көзделмеген жағдайда басқа да айрықша құқықтар кіреді. Меншік иесінің немесе ол уәкілдік берген органның келісуімен кәсіпорын заңды тұлға құқықтары берілген еншілес шаруашылық жүргізуші субъектілер, сондай-ақ филиалдар, бөлімшелер, банкіде шот ашу құқығы бар басқа да оқшауландырылған бөлімшелер құра алады. Тиісті орган арқылы мемлекет, еңбек ұжымдары, жеке және заңды тұлғалар, соның ішінде шетелдік тұлғалар да, кәсіпорынның құрылтайшылары бола алады. Меншік нысандарына қарай кәсіпорын жеке, мемлекеттік, ұжымдық немесе аралас меншіктегі, сондай-ақ, қоғамдық ұйым меншігіндегі кәсіпорын нысанында құрылуы мүмкін. Олар жекеше кәсіпорын, серіктес (жарнапұлға негізделген серіктестік), акционерлік қоғам, мемлекеттік кәсіпорын, коммуналдық кәсіпорын түрлеріне жіктеледі. Нарықтық экономикаға көшу жағдайында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың дербестігін кеңейтумен бірге экономикалық бірігудің жаңа нысандарын – серіктестіктер, қауымдастықтар, бірлескен кәсіпорындар, шағын кәсіпорындар, консорциумдар, биржалар, коммерциялық банктер құрудың тиімділігі айқындала бастады.