Гертруда Стайн (1847-1946) – жазушы-экспериментші, «жоғалған ұрпақ» терминінің авторы. Стайнның жаңартулары Дж. Джойсты, Э.Хемингуэй мен Ш.Андерсонды қызықтырған. Сан-Францисконың тұрғыны Стайн Гарвард–Аннексте білім алады. 1897 ж. Стайн Джон Хопкинстің Балтимор университетінің қарамағындағы медицина колледжіне ауысып кетеді. Онда ол әйелдің жүйке күйзелісі проблемаларын зерттемек болады. Дегенмен бақытсыз махаббат Стайнның оқу жоспарларын бұзады. Ол оқуды мүлдем ұмытып, соңында емтиханда да сәтсіздікке ұшырайды.
Стайн кейін Америкадан кетіп, Парижге келеді. Көп ұзамай оның азапқа толы махаббатының куәсі ретінде жазылған «Дәлелдеуді қажет еткен нәрсе» атты романы жарық көреді. Бұл романдағы «махаббат үшбұрышының» ерекшелігі - оның барлық жақтары әйелдер. Стайн романның мәтініне төлтума хаттар мен сұхбаттарды енгізген.
30-40 жылдары Стайн сөйлем құрылысындағы тұрақты қалыптасқан ретін бұзып, жаңа сөйлем ретін құру үшін түрлі тәжірибелер жасайды. Стайнның бұл тәжірибелері оның «Он портрет», «Ұзақ қызықты кітап» атты еңбектерінде көрініс табады. Стайн драматургия саласына да қызығушылық танытады. Оның көптеген пьесалары шартты түрде актілерге бөлінген прозалық мәтін ретінде әсер етеді. Стайнның атақты пьесаларына «Төрт әулие үш актіде» (1934), «Ана бәрімізге» (1947), «Доктор Фауст шам жағады» (1949) атты еңбектерін жатқызуға болады.
1934-1935 жылдары Гертруда Стайн АҚШ-та «жалғастырмалы шындық» әдісін дамыту мақсатымен 40-қа жуық лекция оқиды. Стайнның әдебиеттегі көзқарастары мен шығармашылық принциптерін «Түсіндірме ретіндегі композиция» (1926), «Қалай жазу керек» (1931), «Алиса Б.Токластың автобиографиясы» (1933), «Төрт лекция» (1935) атты еңбектерінен көре аламыз.
Эрнест Хемингуэй (1899-1961) жастық шағында Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар мен 30 жылдары Испанияда орын алған фашизмге қарсы соғыстарға қатысып, түрлі қиыншылықтарды бастан кешірген «жоғалған ұрпақ» жазушыларының қатарына жатады.
Хемингуэй адамзаттың маңызды, трагедиялық жақтарын, әрі өз дәуірінің қоғамдық-саяси өмірін жазған. Оның ең басты тақырыптары – адам мен соғыс, адам мен табиғат; олардың философиялық аспектілері – үздіксіз күресуші адам болмысының көрінісі. Соғыс коррида секілді, ал қатыгез өмір матадор мен өгіздің күресі өтетін аренаның бейнесіне теңестіріледі. Хемингуэйдің шығармаларындағы басты кейіпкер жеңілуден еш қорықпай, тірі тұрғанында күресуден бас тартпайды. Адам жеңілу үшін жаралмаған. «Адамды жойып тастауға болады, бірақ жеңу мүмкін емес», - дейді Хемингуэй «Шал мен теңіз» повесінде.
Э. Хемингуэй Чикагоның маңайындағы Оук-Парк деген жерде дәрігердің отбасында дүниеге келген. Оның әкесі табиғатты жақсы көрген, сол себепті де ол әрқашан серуендеуге шыққанда өзімен бірге ұлын ертіп жүретін. Отбасын қатал әрі салқын мінезді анасы басқарған. Анасы ұлына музыкалық білім береді. Хемингуэй Оук-Парктағы мектептен білім алады, әдебиетке қызығушылық танытып, спортпен шұғылданады. 1917 ж. мектеп бітірген жас Эрнест Канзас-Ситиге кетіп, сонда «Стар» газетінде репортер болып қызмет атқарады. Осы кезден оның журналистік таланты көріне бастайды. Хемингуэйдің Канзас-Ситидің журналистика мектебінде алған сабақтары жас репортердың кейінгі уақыттағы тілшілік қызметіне көп пайдасын тигізеді.
1918 ж. көктемде америкалық Қызыл Крест бөлімшесіне жүргізуші ретінде Хемингуэй Италияға атттанады. Оны көзінің дұрыс көрмеуіне байланысты әскер қатарына алмаған болса да, жас жауынгер италия-австриялық соғыста майданға қатысады. Қатты жарақат алып, үш ай Милан ауруханасында емделеді. АҚШ газеттеріне Италиядан репортаждар жібереді. Соғыс біткен соң Оук-Паркқа қайта оралады. Соғыс кезеңін «Біздің уакытта» (1925) атты әңгімелер жинағында, «Күн шығып келеді» (1926) , «Қош бол, қару!» (1929) атты романдарында өте шебер суреттейді.
Оның шығармашылығында Испания тақырыбы ерекше орынға ие. «Испандық репортаж», «Мадридтік жүргізуші» атты әңгімелері мен очеркісінде, «Бесінші бағана» (1938) атты пьесасында осы тақырып қозғалады. Соғыстан кейін Хемингуэй Кубада тұрады. Ол осы жерде «Қария мен теңіз» (1952) повесі мен «Өзеннің ар жағында, ағаштар көлеңкесінде» (1950) романын жазады. 1954 ж. Хемингуэй әдебиеттегі Нобель сыйлығының лауреаты атанады. Хемингуэй орыс әдебиетін жақсы білген, әсіресе, Тургеневті жақсы көрген.
Оның «Кімге қоңырау соғады» атты еңбегі ХХ ғ. ең керемет романдарының бірі ретінде танымал болған. Хемингуэй романдарына шығарманың проблематикасы, құрылымы, ішкі монолог, авторлық комментарийлер, психологизм, лиризм, образдардың жарқындығы тән.