Ахмад Ходададенің «Рузе сийахе каргар» («Еңбеккердің қараңғы өмірі») атты повесі көркемдік жағынан Мұхаммад Мас'удтың шығармаларына қарсы қойылады. Оның бұл шығармасы 1926 ж. Иранның солтүстік-батысындағы Керманшах қаласында жарыққа шығады. Кеңестік атақты ирантанушы В.Г.Тардовтың орыс тіліндегі аудармасы 1930 және 1935 жылдары жарияланады.
Повесте Иранның ауылдық өмірі, нақтырақ айтсақ, күрт шаруа Бахтиярдың тағдыры туралы айтылады. Сол кезде шаруа тақырыбында жазу парсы прозасы үшін ерекше құбылыс болады. 20 ж. тек қала өмірін сипаттайтын әдебиет үшін артта қалған ауыл өмірі мен шаруалар туралы жазуға тыйым салынған еді.
Аталмыш шығармада ойдан шығарылған оқиғалар мен ешқандай әсірелеу кездеспейді, онда ғасырдың басындағы Иранның жекелеген аймақтары мен ауылдық өмірі шынайы суреттелген. Бұл шығармада Ахмад Ходададе өзі жақсы білетін Керманшах ауылын жан-жақты суреттеуге тырысады. «Рузе сийахе каргар» повесі жазушының жалғыз туындысы болғанымен, халық арасында кең таралып, авторға үлкен табыс әкеледі.
Парсы көркем прозасының өтпелі даму кезеңінің өзінде әңгімелер жазыла бастағанымен, олар көбіне дәстүрлі әдебиетпен тығыз байланысты болады. 20-30 ж. Иранда ұлттық сипаттағы новеллалар пайда болған кезде тың өзгерістер орын алады. Жас жазушы-новеллистердің шығармалары Иранның баспасөз беттерніде жарияланып, жеке басылым болып шығып жатты. Сол кездегі көрнекті жазушы-новеллистер ретінде Мұхаммад Али Жәмәл-заде мен Садек Хедаятты ерекше атап өтсек болады. Олардың шығармашылығы көркемдік жағынан да, идеологиясы жағынан да ерекшеленіп, парсы прозасының дамуына өзіндік үлесін қосқан.
Сеид Мохаммад Али Жәмәл-заде (1892-1997) өз дәуірінде көпті көрген жазушы. Ол Исфаһанда дүниеге келіп, жастайынан білім алу үшін Бейрутке кетеді. Орта білім алғаннан кейін Парижде, Лозаннада болып, Дижонда заң факультетін бітіреді. Жас жазушы уақытша Иранға келіп, кейін Берлинге кетіп, ирандықтардың неміс ұлтшылдар тобына қосылады. 1916 ж. бастап «Каве» журналында қызмет етеді. Ол бірнеше жыл «Эльмо хонар» («Ғылым мен Өнер») журналын шығарады. 30-шы ж. басында Женеваға кетіп, сол жерде Халықаралық еңбек ұйымында басшылық қызмет атқарады.
Жәмәл-заденің дүниетанымы мен ұстанымы оның шығармашылығына да өз әсерін тигізбей қоймады. Ол еуропалық авторлардың шығармашылығын жоғары бағалай отырып, әдебиетті Иранның қоғамдық өмірі мен мәдениетінің дамуына ықпал етуші құрал ретінде қарастырады. Ол парсы көркем прозасын төмен дәрежеде және оның тілі кедей деп санап, ұлттық әдебиетке жаңа еуропалық жанрларды енгізу арқылы көркем шығарма тілін байытуға шақырады.
Жәмәл-заденің «Дустийе хале херсе» («Аю тәтейдің махаббаты») атты әңгімелер жинағынан жазушының нақты саяси ұстанымын байқауға болады. Оқиға Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдары Керманшахта орын алады. Ондағы әңгімелерде орыстарға деген жеккөрушілік байқалады. Кеңес үкіметіне деген мұндай көзқарасты жазушының басқа да шығармаларынан байқауға болады. Оның 1953 ж. Женевада жазылып, Тегерандағы «Сохан» журналында жарық көрген «Атеш зире хакестар» («Күл астындағы от») атты повесінде Кеңес үкіметінің Иранға әскери қатер төндіретіні айтылған.
Қазіргі прозаның дамуына этнограф, фольклортанушы, зерттеуші және аудармашы Садек Хедаяттың (1903-1951) қосқан үлесі ұшан теңіз. Оның әкесі Тегеран әскери училищесінде ұстаздық еткен Реза Хедаят әдебиетті сүйіп оқитын. Оның жақын-алыс туыстары да білімді, поэзияны бағалайтын жандар болған. Осындай жағдайда өскен Садек Хедаят әдебиетке үлкен қызығушылық танытады. Ол Тегерандағы ескі аудандарды аралап, халық жырлары мен дастандарын тыңдап, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін бақылауды ұнататын. Осының нәтижесінде автор өзінің «Нейрангестан» («Ғажайып әлем») атты шығармасында ирандықтардың наным-сенімдері мен әдет-ғұрпын жан-жақты қарастырып, ескі ырымдар мен наным-сенімдерді өткір сынға алады. Бастапқыда бұл кітапқа тыйым салынғанымен, кейін жарыққа шығады.
Хедаят Иранның халық поэзиясы туралы кітап, төрт ертегі, Исфаһан туралы жазбалар мен парсы әдебиеті туралы бірнеше мақалалар жазған. Ол поэзияға асқан қызығушылық танытып, Омар Хайямды жоғары бағалаған. 1923 ж. Хедаят толық орта білімін аяқтамай жатып, Хайям шығармаларының жинағын жасады. Бұл жинақ үлкен жетістікке ие болып, халық арасында жоғары бағаланып, Иран әдебиетінде Хайямның шығармашылығы туралы жазылған маңызды еңбек болды.
Хедаят 1925 жылы Тегерандағы Сен-Луи француз мектебін үздік бітіріп, Бельгиядағы жоғары инженерлер училищесіне, кейін архитектура мамандығы бойынша Парижге оқуға жіберіледі. Жас жігіт өзінің шәкірт ақысын кітаптарға жұмсап, романдар, әңгімелер, әдебиет пен мәдениет тарихы бойынша кітаптарды оқып уақытын өткізеді, көп жазады.
1930 ж. Хедаят жоғары білімін аяқтамастан Иранға қайта оралады. Ол басшылық қызметін атқара жүріп, өзінің сүйікті ісімен айналысуға да уақыт табады. Оның алғашқы әңгімелері мен повестері, парсы тілі, әдебиеті мен мәдениеті туралы мақалалары жарық көре бастайды. Жазушының шығармашылық өмірін екі кезеңге (1926-1941 және 1942-1950 ж.) бөліп қарастыруға болады. Оның алғашқы шығармаларының бірі 1926 ж. жазылған «Марг» («Өлім») атты әңгімесінде өмір мен өлімнің қатар жүретіні, өлім болмаса, өмір де болмайтыны айтылады. Мұнда өлімнің барлығына ортақ, бай не кедей деп таңдамайтыны хақында өрбітеді.
Жазушының шығармашылығына батысеуропалық декаденттік әдебиеті айтарлықтай әсер етеді. Бұл жазушының Парижде жазылып, 1930 жылы Тегеранда басылып шыққан «Зенде бе гур» («Тірідей көмілген») атты әңгімесінде көрініс тапқан. Бұл шығарманың кейіпкері өмірдің ауыр сынақтарынан өтіп, зұлымдықты жеңуге күші жетпей, өзі тірідей көміледі.
Үш жылдан кейін жазушының «Сайе роушан» («Түнек жарығы») жинағына енген «Арусак поште парде» («Көрмедегі манекен») атты шығармасы жарық көреді. Садек Хедаяттың шығармашылық өмірінің бірінше кезеңіне «Үлкен новелла» деп аталып кеткен «Буфе кур» («Соқыр үкі») атты повесін жатқызуға болады. Көптеген батысеуропалық және ирандық әдебиетшілер бұл шығарманы жазушының ең үздік туындысы деп есептейді. Онда 30 жылдары Иран қоғамында орын алған жағдайлар шынайы суреттелген. Шығармада бір тілім нан үшін еңбек ететін қарт та, ұрылар да, жезөкшелік те, нашақорлық та кездеседі.
Парсы әдебиетіне тән поэтикалық салыстырулар, символика мен астарлап айту жиі кездесетін бұл шығармада бір жағынан адамгершілік құндылықтар, екінші жағынан екіжүзділік, пайдакүнемдік, тойымсыздық туралы айталды. Хедаят өзінің «Соқыр үкі», «Тірідей көмілген» атты әңгімелерімен қатар реалистік бағыттағы шығармалар да жазған. Ол өз шығармаларында Ирандағы феодалдық тұрмыстың қорқынышқа толы тұстарын әшкерелеп («Мохаллел», 1932), адамдардың ашкөздігі туралы айтып («Мордехари» - «Құзғын», 1930), түрлі қылмыстар мен екіжүзділікті өткір сынға алады («Талабе аморзеш» - «Тәубе», 1932).
ХХ ғ. 30 жылдары парсы көркем прозасының роман, повесть, әңгіме сынды жанрлардың жаңа түрлері қалыптасса, 40 жылдары иран әдебиетінде жаңа құбылыстар орын алады.
Екінші дүниежүзілік соғысы Иранға да өз әсерін тигізіп, елдің саяси жағдайына біршама өзгерістер әкеледі. Реза-шахтың фашизмді жақтаған саясаты халықтың наразылығын тудырып, 1941 жылы ирандық диктатор билік басынан кетуге мәжбүр болады. Саяси тұтқындарға амнистия жарияланып, қоғам қайраткерлері, көрнекті ақын-жазушылар, журналистер түрмеден босатылып, елдеріне қайта оралады, елде сөз бостандығы орнайды. Осы кезде көптеген саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар пайда болып, мезгілдік басылымдардың (газет, журнал, арнайы әдеби басылымдар) саны да арта түседі. Бұрын-соңды демократиялық бағытта жазатын жазушылардың шығармаларын жарыққа шығарудан қорқатын баспалар ендігі жерде оларды өздері іздей бастады.
40 жылдар парсы әдебиеті үшін ерекше кезең болып, проза үлкен екпінділікпен дами бастады, түрлі тыйымдар мен қуғын-сүргіндерден, қудалаудан шаршаған жазушылардың шығармаларында 1941 жылдан бастап әлеуметтік-саяси мәселелер басым орынға ие болады.
Парсы тіліндегі әдебиетің дамуына сол кезде Хедаят зор үлес қосады. Оның шығармашылығының екінші кезеңінде (1942-1950) жазылған туындыларда лирика мен романтикалық көңіл-күй басым. Ол сонымен қатар қоғамның дамуына кедергі келтіретін зұлымдық пен жауыздыққа қарсы күресу үшін сатираны да шебер пайдаланады. Жазушының «Казийейе харе дадджал» («Дәжәлдің есегі», 1944) атты әңгімесінде өз мүддесі үшін Отанын сатқандарды келемеж етеді. Ал америкалық отыршылдарға қарсы жазылған «Тупе марварид» («Гауһар пушка», 1947) атты памфлетінде ескі ғажайып пушканың тылсым күші туралы айтылады.
1943 ж. Хедаят өзінің «Абе зендеги» («Жанды су») атты аллегориялық әңгімесін жазады. Үш ағайынды жігіт бақыт іздеп жолға шығады. Хасани мен Хосейни айлакерлік, қулықпен Алтын Елі мен Ай Жарығы Елін басып алады. Бұл «жаңа тәртіп» орнатқан фашизмнің нышаны болса керек. Ал ағайындардың ең кішісі, өз халқын сүйетін, әділ әрі шыншыл Ахмадак Мәңгі Көктем еліне жетіп, ол жерден жанды су алып келіп, соқыр, ұйқыда жатқан халықты оятып, оларға өмір сыйлайды. Алтын елі мен Ай Жарығы елінің халқы өздерінің жуыз басшыларына қарсы шығып, үлкен жеңіске жетеді.
«Абе зендеги» туындысы «Тупе марварид» сияқты формасы жағынан романтикалық әңгіме болғанымен, асылында реалистік бағытта жазылған шығарма болып табылады. Басқа да Иран жазушыларының (мысалы, Садек Чабак) осыған ұқсас шығармаларына қарап қазіргі парсы прозасында романтизм жеке ағын немес бағыт ретінде қалыптасқанын айтамыз.
Хедаят өз шығармашылығының бірінші кезеңінде жекелеген мәселелерге көңіл бөлсе, ал екінші кезеңінде өзекті әлеуметтік-саяси сюжеттер басымдылыққа ие болады. Жазушының «Фарда» («Ертең» 1947) атты туындысында ирандық баспахана қызметкерінің қиыншылықтары мен қайғы-қасіретке толы тағдыры баяндалады. Парсы прозасындағы алғашқы жұмысшы образы Мехди Загидің бейнесі толық ашылмағанымен, сол кезде ирандық жұмысшылардың өмірі туралы жазу үлкен батылдықты қажет ететін.
Жазушыға үлкен жетістік әкелген «Қажы-аға» атты ең үздік шығармасы 1945 ж. жарық көріп, бірнеше рет басылып шығады. Онда пайдақұмар саудагер де, мансапқұмар жағымпаздар да, клерикалдар мен фашистер де кездескенімен, шығарманың бас кейіпкері жоғарыда аталған кейіпкерлермен жүйелі байланысқа түскен екіжүзді, сараң, жауыз, кертартпа Қажы-аға болып табылады. Ол саяси қулық-сұмдық жасап, үлкен пайда табады. «Тақуа» мұсылманның өмірлік мақсаты – үлкен пайда тауып, елдегі демократиялық қозғалыстардың дамуына қалай болса да кедергі жасау.
Жазушының бұл шығармасы билік басындағылардың тарапынан үлкен сынға ұшырап, көркемдік құндылығы өте төмен туынды деп қарастырылса, Иранның әдеби сыншылары КСРО-да орыс және басқа да тілдерде бірнеше рет басылып шыққан бұл повесті өте жоғары бағалады.
Көрнекті батыл жазушы Хедаят 1951 ж. өз-өзіне қол жұмсап, өмірімен қош айтысады. Оның шығармашылығы тек парсы көркем прозасының қалыптасуына ғана емес, сонымен қатар оның әлемге танылуына да айтарлықтай ықпал етеді. Дүниежүзілік Бейбітшілік Кеңесінің алтын медалімен марапатталған Иран прозаик-жазушысы Бозорг Алауи Садек Хедаятты «жаңа парсы прозасының негізін қалаған қазіргі таңдағы ұлы жазушы» деп жоғары бағалаған. Француз шығыстанушысы Ж. Лазер мен әдебиетші Роже Леско да С.Хедаяттың парсы әдебиетінің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтеді.
Кейінгі көрнекті жазушылардың қатарында Бозорг Алауи (1914-1997) саналады. Ол өзінің шығармашылық жолын журналистік қызметінен бастап, 1929-1930 ж. «Шарқ» («Шығыс») және «Донйа» журналдарына өзінің әдебиет саласында жазылған «Гете және Иран», «Өнер мен материализм» сынды мақалаларын, сонымен қатар парсы тіліндегі әдеби аудармаларын (Рабиндрант Тагордың «Отбасы және Әлем» романы, Шиллердің «Орлеандық бикеш» драмасы, С.Цвейгтің «Ақ гүлдер» әңгімесі) жариялап отырған.
Бозорг Алауидің «Див-див» атты алғашқы әңгімесі 1931 ж. Тегеранда басылып шыққан «Аниран» («Иран емес») жинағына енеді. Ал оның «Шабадан» атты алғашқы әңгімелер жинағы 1934 ж. жарыққа шығады. Ондағы кейбір сюжеттер жазушы Берлинде болған кезде жазылуы да мүмкін. Жас жазушы дәл осы жерде доктор Эранимен кездесіп, Еуропаның алдыңғы қатарлы жазушыларының шығармаларымен танысады. Жазушының өмірін зерттеумен айналысқан Абдулла Дастегейб: «Алауидің алғашқы шығармаларынан Достоевский, А.Шницлер мен Фрейдтің, неміс романтиктері мен экпрессионистерінің ықпалын байқауға болады», - деген.
Жазушының «Шабадан» атты шығармасында оқиға Берлинде орын алады. Эмигрант орыс қызы Катюша студент Ф-ке ғашық болады. Оның әкесі қоғамда беделді, бай адам болатын. Ф. Катюшаны сүймеді, оның адалдығына да сенбейді, бірақ қызды ұнатады. Катюша өзін асырай алатын, бақытты өмір сыйлайтын қалыңдық іздейді. Бір күні Ф. әкесінің шабаданына байланысты Катюшаның қалыңдығын көріп қалады. Студент Ф. қызға былай деп хат жазады: «Қымбатты Катюша, сен менің әкеммен таныстыруды өтінген едің ғой, міне, ол сенің алдыңда отыр... Қалыңдығың туралы менің пікірімді де білгің келген. Міне, сені бақытты ететін нағыз керек адам осы».
«Шабадан» жинағына енген әңгімелердің бірінде қызғаныштың салдарынан адам өлімі болса («Тарихчейй отаке ман» - «Бөлмем туралы шағын әңгіме»), ал екінші бірінде психикалық ауытқулармен байланысты таңқаларлық қарым-қатынастың куәгері боламыз. Онда махаббатқа бөленуді армандаған қыздың музыкант ғашығы тек қыздың өлеңдерін ғана сүйеді. Ал қыз ән айту қабілетінен айырылғаннан кейін екі ғашық ажырасады («Арусе хезар дамад» - «Мыңдаған жігіттің қалыңдығы»). Жазушының «Сарбазе сорби» («Қалайыдан жасалған солдат») атты әңгімесінде нәзік жандылардың өміріне түрлі қиыншылықтар әкелетін еркектер туралы айтылады.
Реза-шахтың кезінде қамауға алынған жазушылардың арасында болған Бозорг Алауи түрмеден босатылғаннан кейін өзінің «Уаракпарехейе зендан» («Түрмедегі жазбалар», 1942) және «Панжахо се» («Ел үш», 1943) атты шығармаларын жарыққа шығарады. Бес қысқа әңгімеден тұратын бірінші жинағында Реза-шахтың билігі тұсындағы түрменің қорқынышты жағдайы суреттеледі. Екінші шығармада 20 жыл бойы халықты үрейде ұстап келген Реза-шахтың диктатурасы мен режимі туралы айтылады. Диктаторлық жүйенің ащы шындықтары сипатталған жазушының бұл екі кітабы да көпшілік үшін күтпеген жағдай болады.
40 жылдардағы көркем прозада орын алған өзгерістер жаңа буын жазушылары шебер пайдалана алған жаңа көркем тәсілдермен тығыз байланысты болады. Жазушылар өз шығармаларында символика мен салыстыру әдісін шебер пайдаланады.
50 жылдары сатиралық прозада кең тарған памфлет формасында жазылған Хатиби мен Нафисидің шығармаларын ерекше атап өтсек болады. Саид Нафисидің «Нимераха бехешт» («Жұмаққа барар жолда») атты романы 1952 ж.жарық көреді. Буржуазиялық қоғамды әшкерелеген мұндай өткір сатира парсы прозасында алғаш пайда болады. Әдебиеттегі жарқын құбылыс болған Саид Нафисидің саяси романы қазіргі парсы прозасындағы жаңа жанрдың бастамасы болған.
Парвиз Хатиби өзінің «Шахре Херт» («Жүйесіз қала», 1954) атты шығармасында Иран халқының ұлттық құндылықтар мәселесін көтереді. Онда жазушы бас-көзсіз Еуропаға табынып, өздерінің туған қалаларын тек ата-бабалары өмір сүретін лашықтай көретін адамдарды әшкерелеп, сол кезде қоғамда орын алған түрлі саяси-әлеуметтік жағдайларды шебер көрсете білген.
40-50 жылдары әдебиетте жаңа тәсілдер іздестірген Иран жазушыларының арасынан Ибраһим Голестанды (1922) ерекше атап өтсек болады. Жазушы өзінің «Азар – махе ахере паиз» («Азар – күздің соңғы айы», 1949) атты алғашқы әңгімелер жинағында У.Фолкнердің көркемдік тәсілдерін қолданып, уақытқа қатысты баяндаудың неоклассикалық бағытын ұстанады. Оның кейіпкерлері белігілі бір тарихи кезеңде емес, ойдан шығарылған уақыт аралығында өмір сүреді. «Азар – күздің соңғы айы» атты әңгімеде оқиға бас кейіпкердің атынан баяндалады. Ол өзінің досы Ахмад туралы ойға батып, өзінің естеліктері арқылы досының өмірін, оның отбасын әңгіме етеді. Кейіпкер өзінің ұзақ толғанысынан кейін саяси өмірге араласпай, тыныш өмір сүруге бел буады. Ибраһим Голестанның «Мийане дируз фарда» («Өткен мен бүгіннің арасында») атты әңгімесінің бас кейіпкерлері түрмеге түскен Насер мен Рамазан да саяси белсенділікке толы өткен өмірлері туралы ұзақ ойланғаннан соң «Мен бұл іске араласпағанда ғой!» деген өкініштерін білдіреді.
Осы кезде көптеген жазушылардың шығармаларында рухани дағдарыстар, өлім, мәнсіз өмір туралы жазылатын. Нейр Мұхаммадтың «Даре басте» («Жабық есік»), Ахмад Махмұдтың «Бихудеги» («Бос әурешілдік»), Амир Голардың «Бадбахти» («Бақытсыздық) атты шығармаларында пессимистік көңіл-күй сезіледі.