Ахмад Махмұд (1931) өзінің алғашқы әңгімелерін «Омиде Иран» («Иран үміті») атты журналына жариялаған, кейін 1959 ж. «Муль» («Азғындық»), 1960 ж. «Дарйа хануз арам аст» («Теңіз әлі тыныш»), 1962 ж. «Бихудеги» атты жинақтарын жарыққа шығарады. Аталмыш үш жинаққа кірген әңгімелер идеясы жағынан ұқсас келеді. Оның әңгімелерінен сол кездің интеллигенция өкілдеріне тән пессимизмді айқын байқауға болады. Махмұдтың кейіпкерлері өмірдің ауыр сынағына ұшырап, тығырыққа тіреледі, соңында дүниемен қош айтысады. Жазушы шығармаларының көбі құрғақ газет тілінде жазылған. Ол Хедаят пен Чубакқа еліктей отырып, қарапайым адамдардың өмірін шынайы суреттеуге тырысса да, модернизмнің ықпалынан қашып құтыла алмайды.
Кітап дүкендерінде эротикалық сипаттағы романдар мен повестердің, детективтер мен көркемдігі жоқ шығармалардың саны арта түсіп, мерзімдік баспаларда мұндай туындылар үлкен сұранысқа ие болады. Қоғамда қалыптасқан осындай өзгерістер нағыз талантты жазушылардың шығармашылығының дамуына кедергі бола алмайды. Олар мифология, аллегория сынды тәсілдерді қолдану арқылы оқырмандарға елдегі әлеуметтік-саяси жағдайларды жеткізіуге тырысады. Егер 1941-1953 ж. аралығында жазушылар өздерінің саяси көзқарастарын білдіру үшін мифтерге жүгінсе, 1953 ж. реакция жылдарына дейінгі аралықта бұл тәсіл қорқынышты шындықтан сақтайтын романтикалық қалқан қызметін атқарады. Прозаның жанрлық формаларының арасында роман басты орынға ие болады.
Екінші кезеңге жататын романдарға Таги Модарресидің «Яколия уә танхаийе у» («Яколия мен жалғыздық»), Бахрам Садектің «Малакут» атты туындыларын жатқызуға болады. Таги Модарреси 1932 ж. Тегеранда дүниеге келіп, 1997 ж. Балтиморда (АҚШ) қайтыс болады. Ол өзінің «Яколия мен жалғыздық» атты алғашқы романын 1955 жылы жарыққа шығарады. «Сохан» журналында «Яколия» романы жылдың ең үздік шығармасы деп аталып, оның авторы ең атақты Иран жазушысы болып танылады. Моддареси он жылдан кейін Америкада өзінің «Насле кялагха» («Арамтамақтар үйірі» немесе «Шариф-жан, Шариф-жан») атты екінші романын басып шығарады. Жазушы өзінің «Жонге Эсфахана» («Исфахандық жинақ») мен «Сохан» журналында жариялаған бірнеше әңгімелерінен кейін шығармашылық қызметімен де қоштасады.
Әдебиетшілердің көбі реакция жылдарында мифологияға асқан қызығушылық танытады. Астарлап айту, аллегория, ертегілер мен аңыздар өмірдегі шындықты жеткізудің тиімді құралы болған. Сол кездегі Эхсан Табари, Бехазин, Реза Марзбан, Голамхосейн Гариб, Надер Ибраһим сынды жазушылар өз шығармашылығында осы тәсілдерді шебер қолданған. 40-шы жылдары саяси ертегілер жазған Эхсана Табари ендігі жерде философияға асқан қызығушылық танытып, зороастризм мифологиясына негізделіп жазылған «Афсанейе Юшт Фарйан» («Юшт Фарйане жайлы ертегі», 1957) атты туындысын жарыққа шығарады. Табаридің прозасы ескі үлгіде жазылғанымен, Надер Ибраһим мен Таги Модарреси сынды жазушылар оған еліктеп жазған.