Философия тарихы


-тақырып.Қазіргі заманның жаһандық мәселелерін философиялық пайымдау



бет12/12
Дата19.06.2022
өлшемі111,5 Kb.
#37076
түріСабақ
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
15-тақырып.Қазіргі заманның жаһандық мәселелерін философиялық пайымдау
Дәріс мазмұны:
Қазіргі Қазақстанда ұлттық құндылықтарды өрістету мәселесі өзекті болып отыр. Түркі және Қазақ халқының тарихи танымындағы құндылықтар жүйесінің кейбір тұстарының тиімділігі мен маңыздылығын, адамның болашағы мен дамуында өміршеңдігін қазіргі кезде бүкіл әлем мойындап отырған сыңайы бар. Байырғы түркі халықтары өзінің құндылықтарын жасап, оны бүкіл әлемге паш етіп келгендігін тарихи ақиқаттар дәйектейді. Бүгінгі күні де осындай үдеріс сақталып отыр. Мәселен, «көкпар», «қара жорға» сияқты дене жаттығулары, шұбат, қымыз сияқты ұлттық тағамдар, «қан тазалығы», «түркілік мораль» сияқты генефонд қазіргі таңда да бүкіл әлем үшін қызығушылық туғызуда.
Сонымен қатар құндылықтар жеке тұлғаның өмір сүру ыңғайына қарай де екшеп алынады. Әрбір адам өз өмірінің мақсаттары мен мұраттарын бағдарлау барысында құндылықтарды иерархияға орналастырады, ең қажетті, ең басты, орташа қажетті, әзірге қажетсіз, тіптен қажетсіз деген сияқты жіктерге ойша бөліп қояды. Мәселен, біреу үшін материалдық игілікке ұмтылу басты құндылық болса, келесі бір тұлға үшін ғылым мен білім басты құндылық, материалдық жағдай екінші жоспарға шығады, немесе, жастар үшін махаббат басты құндылыққа айналса, есейе келе, ол өзінің құндылығын төмендетіп, басқа құндылықтарға орын береді.
Құндылықтарды тек көлбеу (горизонтальді) тұрғыдан ғана емес, тікқима (вертикальді) деңгейде де ажырату қажеттігіне байланысты этикалық құндылықтарды шартты түрде былайша жіктейді.
1) басты адамдық құндылықтар (өмір құндылығы, сана, іс-әрекет, азап шегу, мақсатқа ұмтылушылық);
2) қайырымдылықтар (әділдік, даналық, жақынға махаббат, берілгендік пен шыншылдық, сену мен сенім, қарапайымдылық пен келісім, өзгелермен қарым-қатынас жасау құндылығы);
3) неғұрлым жеке этикалық құндылықтар (өзінің рухани жетістігін өзгелерге сыйлай білу, тұлғаның құндылығы).
Құндылықтар өз алдына жалпы концепттер жүйесі болғандықтан, оған әр түрлі көзқарастар қалыптаса отырып, құндылықтар жүйесінің маңыздылығына орай қалыптасқан мынадай бағыттар бар: эвдемонистік ағымда – бақыт, гедонистікте – ләззат алу, утилитаристікте – пайдаға ұмтылу, перфекционизмде - өзін жетілдіру, аскеттік бағдарда – руханилыққа ұмтылу және т.б. Мәселен, аскетизмде бүкіл материалдық қажеттіліктер, тәндік құмарлықтардың бәрі алдамшы және келесі жоспардағы мәселелер ретінде қарастырылып, адам тек өмір бойы руханилыққа ұмтылу қажеттілігі мақсат етіледі. Шеткі діни аскетизмде, рухани емес нәрсенің барлығы азғырушы күштер, шайтани ықпалдар, адам одан азат болуды үнемі естен шығармауы тиіс дей келе, қалыпты жанұялық өмірді, діниден басқа барлық білімдерді т.б. жоққа шығарады.
Құндылықтар қалыптасуы бойынша: гетерономды (сыртқы, яғни, құдай арқылы берілетін заңдар), автономды (адам өзіне-өзі құндылықтар жасайды) болып екіге бөлінеді.
III. Құндылықтарды қоғам өмірінде тану – оларды ерекше әлеуметтік үдерістер ретінде қоғамдық құбылыстардың және қоғамдық сананың нормативті түрде бағаланатын жағының белгілі бір көріністері болып табылады. Құндылық объективті құбылыстарды, олардың қасиеттерін және адамдар үшін маңызды белгілерін сипаттайды. Қоғам дамуының жалпы ортақ бағыты ретінде бейнеленетін идеалдар бүгінгі таңда маңызды болып отыр: бостандық, теңдік, әділдік, келісім және т.б. Жалпы және жеке құндылықтар әрқашан адамзаттың пайдасына шешіліп отырылуы керек. Ең тиімді, ілгерішіл құндылықтар жинақталып, адамзат игілігіне қызмет етуі тиіс. Құндылық бағыттарының қалыптасуы тиісті сана-сезімді тәрбиелеп, адамның эмоционалды өрісін дамытқан кезде ғана іске асады. Қазіргі қоғамда құндылықтарды еңбек, ғылым, білім, отбасы арқылы қалыптастыру маңызды. Бірақ құндылықтар өзгеруінің шарты да қоғам дамуына байланысты. Мыс, XX ғасырдағы постмодернизмде: ақиқат, мән, шындық, субстанция сияқты түсініктер жоққа шығарылады. Жалпы адамның өзі қоғам дамуында басты құндылық екендігі үнемі ескеріліп отырылуы керек.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет