Иман – жүрек айнасы Ақылбек Шаяхметтің



Pdf көрінісі
бет17/26
Дата26.01.2017
өлшемі2,62 Mb.
#2738
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   26

* * *

Шыққан жанды сайланып

Апарады жол қайда?

Дəн масаққа айналып,

Масақ дəнге толмай ма?!

Ағаш тұрса жайқалып,

Күзде жеміс піспей ме?

Ал шикіні жай халық

Қарны ашпаса тістей ме?!

Төмен жүріп еті өлген,

Қолы шыңға жетпей ме?

Өзін өзі көтерген

Аласарып кетпей ме?!

Жараса ма бұққаның,

Көрер жарық күн барда,

Мəлім болар тыққаның,

Ашылмайтын сыр бар ма?!

* * *

Баста болса ақыл көп,

Бос мақтанға жолама.

Тұлпар мінген батыр деп

Есептеуге бола ма?!

Түсінеді кім мұны,

Жаяу жүрген Мұсаны

Білетін жұрт бұл күні

Ұшақпенен ұшады.

Құстай ұшты десек те,

Мағынасын ұғар көп.

Иса мінсе есекке,

Түйе мінген Мұхамбет.

Толған көлік көшеде,

Қарайсың түр-түсіне.


Көлікте емес мəселе,

Ішіндегі кісіде.



* * *

Кеш батқанда, таң атқанда

Алдымда ішер тамақ барда,

«Бергеніңді кемітпе!» – деп

Жалбарынам Жаратқанға.

Елді аузыма қаратқанда,

Жұрт өсегін таратқанда,

«Тіл мен көзден сақтай көр!» – деп

Жалбарынам Жаратқанға.

Алға апарар талап барда,

Тіршілікте қарап қалма.

«Кешіре көр күнəмді!» – деп

Жалбарынам Жаратқанға.

* * *


Шықты мəйіт тұрақ қылған үйінен,

Аурудан, уайымнан, ішім-жемнен, киімнен,

Барлығынан құтылды.

Бірақ, марқұм, жимаса да енді есін,

Қара жер хабар бермесін,

Махшар күні келгенше,

Мəңкүр-Нəнкүр сұрақ қойып,

Түгел жауап бергенше,

Парызы мен қарызынан құтылмаған сықылды.

* * *


Жалаңашты киіндірген,

Жабыққанды сүйіндірген,

Дерттілерді сауықтырған,

Ел көңілін тауып тұрған,

Үйі жоққа пана болған,

Күйі жоққа жаға болған,

Бойдақтарды үйлендірген,

КүнəҺарды жирендірген,

Баласызға бала берген,

Санасызға сана берген

Өзің болсаң, ия, Алла,

Мына жалған жұмаққа да

Ұқсағанмен, пенделерің

Бой алдырар күмəнға.

* * *

Арқалатса тағдырың



таудан ауыр күнəні,

Жетпей жатса шыдамың –

оған кімдер кінəлі?


Ілінгенде қолыңа

қияғы мен құрағы,

Таусылмайды ешқашан

бұл өмірдің сынағы.

«Жылы-жылы сөйлесең –

жылан іннен шығады,

Қатты-қатты сөйлесең –

кəпір діннен шығады».

Жауыңа да жауыққан

мейірімді бола біл,

Зұлымдық пен ізгілік –

бəрі тілден шығады.

* * *

Садақаны берген жөн



Нəпақасы тіпті азға,

Садақаны берген жөн

Қайырымға мұқтажға.

Көкірегі шерменде

Жесір менен жетімге

Садақаны бергенде

Қабақ шытып, жекірме!

Бергеніңді міндетсіп,

Көрсетпей-ақ жиынға,

Садақа бер күнде өстіп

Күнкөрісі қиынға.

Қимай сені қол бұлғар

Садақаңды алғандар.

Көктеп шығар шалғындар,

Жапырақ жаяр ормандар.

* * *


Бірде биік ұштым,

Кейде төмен түстім.

Мен күйіп-пістім,

Сен кесіп-піштің.

Бірде жүлде алдым,

Кейде кейін қалдым.

Мен асып-састым,

Сен жөнге салдың.

* * *

Ашымайтын тəтті жоқ,



Бұзылмайтын қатты жоқ,

Басталған іс əрдайым

Аяқталмас сəтті боп.

Шешілмейтін амал жоқ,

Өлмей кетер адам жоқ,


Бірақ, сөздің бағасын

Түсінбейтін надан көп.

Басқа шығар өрмелеп

Кесір, қырсық елде көп.

Сол қырсықты қырғышпен

Қырып тастар пенде жоқ.

* * *

Сағат жылжып, күн болар,



Күн артынан түн болар.

Бір секунд та кідірмес,

Опа қылар кімге олар?!

Күндер жылжып, ай болар,

Құлын өсіп, тай болар.

Көрген қызық дəуренің

Алыс кетіп, жай қалар.

Айлар жылжып, жыл болар,

Кімдер жетіп, кім қалар?!

Жылдар сені жетелер

Мекеңіне бір барар.

* * *


Ұлтын емес, ұртын ойлап,

Ішін емес, сыртын ойлап,

Үйіріп кеп тосын құйын,

Түлен түртіп, сілкіп, айдап,

Асқазанын, баста миын

Дүниеқоңыз құрты жайлап,

Мақтан қылып үйін, күйін,

Жүргенімен жүзі жайнап,

Түптің түбі болып қиын,

Қалады ғой соры қайнап.

* * *

Өсімдікке төндіретін кіл қауіп,



Денесіне оратылған шырмауық

Шайтанды еске салады.

Тірлік үшін таусылмайтын қырқыста

Бірін бірі шайнап жеген жыртқыш та

Шайтанды еске салады.

Өлексені шоқып жатқан құзғын да,

Дегендей-ақ: «Көрмейсің бе, біз мұнда!» –

Шайтанды еске салады.

Айдалада күн өткізген секектеп,

Жұмыртқасын тастай қашқан көкек те

Шайтанды еске салады.

Еркектердің ақыл-есін жаулаған,

Сұлулар да төсегінде аунаған


Шайтанды еске салады.

Ислам дінін шайтан жібі шырмаса,

Бұл дүния бір қалыпта тұрмаса,

Кімге болар обалы?!

* * *

Фəниде бейнетсіз өткендер,



Қиналмай зейнетке жеткендер

Жаздым-жаңылдым демей,

Алладан кешу тілемей,

Пайдасы көп жерді сұраған,

Пиғылы өзгерді дей алман.

Ұлдарды істікпен түйреген,

Қыздарды шашынан сүйреген,

Жаздым-жаңылдым демей,

Алладан кешу тілемей,

Құтылып кешегі ұраннан,

Пиғылы өзгерді дей алман.

Кешегі атеист болғандар,

Бұл күні дініме «қорғандар»,

Жаздым-жаңылдым демей,

Алладан кешу тілемей,

Мықтыға жағынып, сый алған,

Пиғылы өзгерді дей алман.

Дəстүр мен тілімді құртқандар,

Тарихтың парағын жыртқандар

Жаздым-жаңылдым демей,

Алладан кешу тілемей,

Күн туса күнəсі сұралған,

Пиғылы өзгерді дей алман.

* * *


Қолбасшысы топты жарып,

Жасанған жау тиген кезде

Быт-шыт болар тас қамал.

Көктемде су тасып ағып,

Сайдан сайға құйған кезде

Шұқанақтар бос қалар.

Атың арып, өзек талып,

Жаның əбден күйген кезде

Сықпа құрт та ас болар.

Жолың болып, бағың жанып,

Абыройды үйген кезде

Қызғаншақ дос қас болар.

Əдеп қалып, үлкен налып,

Заман азып, бүлген кезде

Еткен еңбек еш болар.


Соның бəрін білсең анық,

Жазық жоқ қой көрген көзде,

Кейін айтсаң, кеш болар.

Құдайыңды тұрсаң танып,

Бөгет болма келген сөзге,

Жоқ осыдан басқа амал.



* * *

Ұлың өсіп, ер жетпей,

Қызың өсіп, бой жетпей,

Бала-шағаң сүйсінтпей,

Босағаңды көркейтпей,

Қайғың ұмыт бола ма?

Ойда жүрген іс піспей,

Бұлшық етке күш түспей,

Иіліп, тізе бүктірмей,

Үйге сабақ жіп кірмей,

Жоқтың орны тола ма?

Нала-мұңды азайтпай,

Қуанышты молайтпай,

Жоқтан барды көп айтпай,

«Шүкір, Алла!» – деп айтпай,

Басыңа бақ қона ма?!

* * *

Түн шырағы өшеді



Күн жарығын шашқанда,

Бүгінгі мен кешегі

Тағылым бар аспанда.

Ай жарқырап шығады

Күн ұяға қашқанда,

Алма-кезек тұрағы,

Тағылым бар аспанда.

Түн созылып кетеді,

Күн өтпейді тосқанда,

Адам, бірақ, күтеді,

Тағылым бар аспанда.

* * *


«Алланы айтып, оқу оқып,

Іс қыл» – десе Ыбырай,

Ұлы ұстазды көзге шұқып,

Кеміткен көп сұмырай.

Жол көрсетсе ақыл-есі,

Не десе де Ыбырай,

Түзеле ме қазақ көші,

Теріс пиғыл құрымай?!

* * *


Кеудемдегі жаным үшін,

Күнде ататын таңым үшін,

Жанымдағы жарым үшін,

Абырой мен арым үшін,

Бөліп жеген наным үшін,

Жарып жеген дəнім үшін,

Бағым үшін,

Барым үшін –

Раббым!

Саған рахмет!



* * *

Біреуден зор қылдың,

Біреумен тең қылдың,

Біреуді ер қылдың,

Біреуден кем қылдың,

Бірде адым аттатпай,

Бірде аттай желдірдің,

Бір отты жандырдың,

Бір отты сөндірдің,

Шөлімді қандырдың,

Мұқтажды сен білдің,

Əйтеуір, өзіңе ,

Киеңе сендірдің,

Иланып сөзіңе,

Жер басып мен жүрмін...

Раббым!


* * *

Адасқан ағымдар,

Алжыған ғалымдар,

Күн туса дамылдар,

Сорлары қалыңдар.

Жарық жоқ тамұқта

Оларға орын бар.

Түнектен шыққандар,

Шындықты ұққандар,

Сəждеге жығылып,

Ораза тұтқандар,

Кетпеңдер түңіліп,

Сенімді нықтаңдар!

* * *


Алты адалды, алты арамды

Бөліп қойса мүшелге,

Жақсылық пен жамандықтың

Таласына түсем бе?!

Он екі айда жылдың өзін


Бөлсе жылы, салқынға,

Жетіп шыдам, қылсаң төзім,

Тұрмас дүния қалпында.

Тəулікті де он екіден

Қойған болса тең бөліп,

Таңда келген ой бекіген

Кетпес кешке сенделіп.

Суреттеуге тілің жетпес

Таусылмаса сөз кені,

Бір мысқал да артық кетпес,

Жаратқанның безбені.

* * *


Шыға сала құрсақтан

Көзден жасы моншақтап,

Маңдайдан тер бұршақтап,

Жүрген əзер жан сақтап

Адам кеше кім еді?

Жанған оттың сөнуін,

Өскен санның кемуін,

Онның тоғыз болуын,

Жүздің тоқсан болуын

Алла ғана біледі.

Өшкен отты жандыру,

Шөлдегенді қандыру,

Жақсылыққа нандыру,

Артына ұрпақ қалдыру –

Адамзаттың тілеуі.

Шыққан гүлдің солуын,

Жаз өтіп, күз болуын,

Тоғыздың он болуын,

Тоқсанның жүз болуын

Алла ғана біледі.

* * *

Қанша тəтті болса да,



Зəмзəм су да тартылар,

Қанша мөлдір болса да,

Түбіне оның кір тұнар,

Қанша жүйрік болса да,

Күні жетер алқынар,

Қанша мықты болса да,

Қуат кеміп, сарқылар.

Қанша терең болса да,

Түбі бар ғой судың да,

Қанша биік болса да,

Төбесі бар таудың да,


Басталғанның шеті бар,

Əр нəрсенің шегі бар,

Жан иесі дəрменсіз

Бір Алланың алдында.

* * *

Күн суықта жаурап-тонсам,



Жылыта көр,

О, Жасаған!

Сен біреуге қорған болсаң,

Қорған болар Алла саған!

Кедейлікті уайым қылсам,

Айықтыршы,

О, Жасаған!

Сен біреуге қайыр қылсаң,

Қайыр қылар Алла саған!

Ізгілердің соңына ерсем,

Қолдай көрші,

О, Жасаған!

Сен біреуге көмек берсең,

Жəрдем етер Алла саған!

Баста көрген жоқшылықты

Ұмыттыршы,

О, Жасаған!

Кісіге еткен жақсылықты

Қайтарады Алла саған!

* * *


Самайына ақ кірген

Ойламай ел бірлігін,

Шапан киіп, ат мінген

Артық көрер тірлігін.

Қыр көрсетіп өзгеге,

Тақ мінгендер мəз.

«Отыр дейтін ез неге?»

Саналы адам аз.

Ер бола ма қынулы,

Жасап жүрсе қулығын,

Ару дей ме сұлуды

Көрсететін кіндігін.

Жүрсе-дағы жалаңаш,

Тəж кигендер мəз.

Татпай жүрген арам ас,

Саналы адам аз.

«Е, Құдайым, бала бер,

Бала берсең, сана бер,

Егер сана бермесең,


Шеттерінен ала бер!»

Көлгірситін күштіге

Дым білместер мəз.

Жем болмайтын тістіге

Сөз түсінер аз.

Бұл заманға сай туған

Бар да шығар саналы ер,

Əлгі сөзді айтылған

Тыңдаса ғой қара жер.

* * *


Далада – қар,

терезе – мұз,

Ерінде – бал,

тілімде – мұз,

Бір күн бітер қыс пенен күз,

Қашан кетер іштегі сыз?!

Тізіле ұшып қараша қаз,

Келіп жетер көктем мен жаз.

Жуылып кір,

айтылып наз,

Болармыз-ау балаша мəз.

* * *


Жолдың азабы,

Үйдің бейнеті,

Елдің мазағы

Еткен құрметі,

Фəни қызығы,

Артқан міндеті,

Тірлік шыжығы,

Көрген үмбеті,

Бір жағы қап-қара,

Əппақ бір беті,

Тағдыр-жазмыштың

Салған суреті.

* * *

Жүрек емі – Құран оқу,



Жүре білу аш құрсақ,

Алла атымен намаз оқу,

Жақсымен бір болған шақ.

Кір шалмасын жүрегіңді,

Тат баспасын көңілді,

Аллаға айтсаң тілегіңді,

Жоғалтпайсың сенімді.

* * *


Əрбір кілттің құлып ашар

Тісі əртүрлі болады,

Əр адамның бірге жасар,

Ісі əртүрлі болады.

Жеңілген мен женгеннің де

Күші əртүрлі болады,

Сырты ұқсас пенденің де

Іші əртүрлі болады.

* * *


Қап-қараңғы түнге қарап,

Май шамыңды күнге балап,

Сəуле болып қайтесің?

Болмағанды қолдан жасап,

Болашаққа болжам жасап,

Əуре болып қайтесің?

Түсі үрейлі, өзі кеміс,

Көзі қыли, сөзі теріс

Тажал келсе қайтесің?

Сөз ұқпайтын надандарды,

Көңілі соқыр адамдарды

Соңына ертсе қайтесің?

* * *

Ұяң болсаң үлгі көрген,



Жаңа туған қалыңдықтай,

Кердеңдеген кім көрінген

Кетер еді жаныңды ұқпай.

Батыр болсаң шайқасқанда,

Қиналғанда сабыр қылсаң,

Жомарт болсаң меймаңына,

Саналыны қадір қылсаң.

Бұл жалғанда сайран қылмай,

Сендіре алсаң, сене білсең,

Ошағыңды ойран қылмай,

Мейіріміңді төге білсең.

Ұқсап бақсаң, болмасаң да,

Пайғамбардың мінезіне,

Жолықсақ та күнде осында,

Жан тең келмес бір өзіңе.

* * *


Алланы көрмедім дегенің,

Сөздерін білмедім дегенің,

Мұхамбет пайғамбар көрсеткен

Ақ жолмен жүрмедім дегенің

Бəрібір, көңіліме қонбайды.

Бабаңның жүзін сен көрдің бе,

Ол айтқан сөздерге сендің бе.


Арыстар түскенде сүргінге,

Алланың ақтарын білдің бе?!

Білмесең – бұл күні сол қайғы.

Аққа да Құдайды жақ десек,

Қалыбы халыққа шақ десек,

Адалдық, иман мен ар-намыс

Қазаққа қонатын бақ десек,

Əділдік түбінде орнайды.

* * *

Барған кезде мешітке,



Оң аяқпен аттап кір,

Алла атымен есіткен

Құран сөзін жаттап кір!

Шыққан кезде есіктен

Сол аяқпен аттағын.

Айырмаған нəсіптен

Бір Алланы мақтағын!

Ол қаласа кем қылар

Терген менен жиғанды.

Екі аяғың тең болар,

Ұстай алсаң иманды.

* * *


Намазға тұрсаң, аятты

Оқыма қатты дауыстап.

Алла да, керсең тамақты,

Кетпей ме сенен алыстап.

Əдептің жөні осы деп,

Ойнаған жандай тығылмақ,

Күніне, бірақ, бес рет

Оқыма намаз сыбырлап.

Таңдасаң нағыз ортасын,

Дауыс пен сыбыр арасын,

Құдайдан жалғыз қорқасың,

Жаныңа лəззат табасың.

* * *

Жақсы-жақсы түстер көрсең,



Ол – Алланың жолдауы.

Саған қуат-күш берілсе,

Тіле Хақтың қолдауын.

Жан шошитын түстер көрсең,

Ол – шырмауы шайтанның,

Өрең жетпес іс көрінсе,

«Шамаң жоқ» – деп айтар кім?!

Жорушының мысы күшті,

Жақсы түсің – жақсы үміт.


Ешкімге айтпа жаман түсті,

Түбі болар жақсылық.

* * *

Болмауы үшін адам біткен



Еріккеннің ермегі,

Сынайды Алла жамандықпен

Пенделерін жердегі.

Жүрген шақта тапшылықпен,

Жайды біліп елдегі,

Сынайды Алла жақсылықпен

Пенделерін жердегі.

Жаратқаннан мерей күткен

Жер – Адамның тұрағы.

Аштық, қастық, кедейлік те –

Бір Алланың сынағы.

Таусылмайтын қайғы-мұң да

Ел аралап жүр əлі.

Асып-тасқан байлығың да –

Бір Алланың сынағы.

* * *


Тізе қосып, иықтасып,

Бірге жесе сүйікті асын,

Жолдасы үшін жауға шапса,

Малын тастап, қиып басын.

Тура сөйлеп, тіке жүрсе,

Қонақтарын күте білсе,

Хақ жолынан тайғандарды

Жүндей қылып түте білсе.

Жағалыға жағынбаса,

Жағымпазға бағынбаса,

Үйінде де тұра алмаса

Саналыны сағынбаса.

Көрсетпесе қысым жанға,

Қолын созса қысылғанға,

Ар ұялар іс қылмаса,

Ырза болғын мұсылманға.

* * *

Болсаң-дағы қалаулы,



Кебінің тұр ораулы,

Ішер дəмің сарқылса,

Алар демің санаулы.

Болсаң-дағы белсенді,

Алсаң-дағы кеусенді,

Қас қағымдай тірлікте

Ырыздығың өлшеулі.


Тек биікке өрмелеп,

Сый көрсе де елде көп,

Шайнап тұрған асты да

Жұта алмаған пенде көп.

* * *

Қанша жисаң байлықты,



Шашылды да, бүлінді.

Қанша жисаң білімді,

Шегі жоғы білінді.

Жүрек талай шайлықты,

Сөзім шығын наданға.

Күзетсе адам байлықты,

Білім – қорған адамға.

Қалтыраумен күй кешер

Сараңды жұрт сүймейді.

Білімді сен билесең,

Байлық сені илейді.

Торқа жиып сорлама,

Қияметтің күнінде

Жарылқайды Алла да

Бай болғанды білімге.

* * *


Тұрған болса іргеде үйің,

Бола қалса күнде жиын,

Дауға түспей, күйіп-піспей,

Момын болу мүлде қиын.

Досым отыр, қасым да отыр,

Ібіліс те осында отыр.

Бəрін көріп, бəрін естіп,

Періштелер қасымда тұр.

Жан жылытып, шіркін, лебі,

Кім санамды сілкіледі?

Лебізі жүрекке еніп,

Тамырымда бүлкілдеді.

* * *

Еңбектеген сəби менен



Еңкейген қарт еңбегі –

Емес, жаным, күнде көрген

Еріккеннің ермегі.

Сəжде қылар дем біткенде

Кесірлер де елде көп,

Көлеңке де күн кеткенде

Иілмей ме жерге кеп.

Жерге түскен бұйымды алсаң,

Еңкейесің əлбетте.


Бағың жанар – сəжде қылсаң

Бір Алланы құрметтеп.

* * *

Ар-Рахман



– қайырымды,

Ар-Рахим


– мейірімді,

Білген соң жайымды,

Көрсеттің пейіліңді.

Еңбегім бағалы,

Болса да бас аман,

Іс қылсам саналы,

Қолдай көр,

Жасаған!


* * *

Шатасқаның – надандық,

Адасқаның – адамдық.

Не деп кінə қояды

Олай болса саған жұрт?!

Шешу үшін түйінді,

Шарлап кетсең қиырды,

Айыбы жоқ адассаң,

Қайтып тапсаң үйірді.

* * *


«Қабыл қыл!»

деп тілекті,

Көтергенде білекті.

Пайда қылып кетпей ме

Елді алдаған бір епті.

Күн артынан күн өтті,

Кейде көңіл жүдетті.

КүнəҺарды айыптап,

Қинамайық жүректі.

Оның нақты себебі,

Қиянаты көп еді,

Алла оның жазасын

Қияметте береді.

* * *


Тұрса да тура жол есте,

Ассам да құлақ кеңеске,

Етектен алыс ұзамай,

Шыға алмай жүрмін белеске.

Ойлардан ауыр кім азат,

Тартсам да кейде кіл азап,

Келсем де іштей тəубаға,

Қыла алмай жүрмін мінəжат.



Ойдағы сөзді тере алмай,

Бойдағы барды бере алмай,

Отырмын тағы Аллаға

Бір қадам жақын келе алмай.

* * *

Соқыр болып туған мысық



Күн көре алмас анасыз,

Жаңа туған нəресте де

Бұл фəниде шарасыз.

Сол мысыққа пана болсаң,

Сол балаға ана болсаң,

Жаратқанға жағасыз.

* * *

Құдайды да əке десе,



Беті-жүзі қызармай,

Немесе оны шеше десе,

Анадан да ұялмай,

Көңілдерге секем кірсе,

Жаза басып, қателессе,

Байыз тауып тұра алмай,

Бəрін көріп, бəрін біліп,

Соларды да ғафу қылып,

Кешіре ме, ой, Алла–ай!

Жалғандағы шылық-былық,

Теріс пиғыл, есір қылық

Кетпес деме сұралмай.

* * *

Көрген сан сергелдеңді,



Соғыста өлгендерді,

Шығармай жаназасын,

Жат жерде көмгендерді,

Мыңдаған ердің құнын

Сұраймын кімнен енді?

Сабырды білмегенді,

Арлыны тілдегенді,

Тыңдамай қойғандарды

«Адаспай жүр!» – дегенді,

«Ақылға келді ме?» – деп

Сұраймын кімнен енді?

Елемей сұр мергенді,

Фəниді шын көргенді

Қабылдап əулиедей,

Көтерсем құр кеудемді,

Зайғы боп кеткен күнді

Сұраймын кімнен енді?


* * *

Сындырып өскен бұтақты,

От жағу үшін бұтапты,

Жыртқызып Құран, кітапты,

Жұртты да əбден жұтатты,

Шығарып ойдан жəннатты,

Большевик болған не тапты?

Көпшілік болғым келмейді.

Ұмытып ащы сабақты,

Су болып қанша қан ақты,

Ұнатпай балға, орақты,

Керсе де қанша тамақты,

Орнатам деген жұмақты,

Меньшевик болған не тапты?

Азшылық болғым келмейді.

Көлді де кейде шөл деймін,

Шөлді де кейде көл деймін,

Қамыққан, əбден жабыққан

Жанымды немен емдеймін?

Көпке мен нанып сенбеймін,

Азға да анық сенбеймін,

Өз ойым ғана жөн деймін,

Алайда, көпке ермесем,

Аздардың мінін көрмесем,

Не істеймін?

Тағы білмеймін...

* * *

Ғашықтардың бола ма екен



Белгіленген мерзімі,

Əйел күні бола ма екен,

Бола ма екен ер күні?

Ұмыт қалып дəстүр, діні,

Ашық жүрген кіндігі,

Ойлап тапқан жанның мұны

Пиғылдары белгілі.

Тонып тұрған торғайға да

Пана болған жел күні,

Таң қалдырар осындайда

Халқымыздың кеңдігі.

Бұзылмаған əлімсақтан

Ер мен əйел теңдігі,

Жарасымды орнын тапқан

Ұлтымыздың елдігі.

* * *


Келсең де қыдырып,

Кете алмай жүгіріп,

Сырылып, жырылып,

Жығылып, сүрініп

Бұрылып, кідіріп,

Иіліп, бүгіліп,

Жабысқақ, жылымық,

Жолдарға үңіліп,

Ілініп, бүлініп

Тұратын құбылып,

Осы ғой сұм-жалған

Тымырсық...

тығырық...

* * *

Түсінбеймін, оңды-солды



Аспанға атып бақырды,

Енді ғана жолым болды

Деп санаған пақырды.

Түсінбеймін, карта тартып,

Отырғанды бал ашып,

Керегі не босқа қорқып,

Болсың десе жол ашық.

Ойлануға жетпей төзім,

Тұрса бармақ тістелеп,

Көріпкелдің айтқан сөзін

Шын көргендер не істемек?!

Алғаннан соң өзі қалап,

Тұнып жатқан көмбе деп,

Тірі адамды əулие санап,

Адасқандар елде көп.

* * *


Еш уақыт ұмыта алман

Бұл жалғанның сұр кейпін,

Жүріп жатыр соғыс қатал

Аяушылық білмейтін.

Полигонның зардабынан

Оттың басы бүлініп,

Ауыр тағдыр салмағынан

Жатқандар көп жығылып.

Жүргенімен жүзі жайнап,

Көкірегі мəз емес,

Өзін өзі оққа байлап,

Асылған да аз емес.

Түрі жаман жанған өрттен

Қайғылы ана зар илер,

Іштен шықпай қойған дерттен


Шетінеуде сəбилер.

Тұр ғой анық көзге түсіп

Қалған əдет бұрыннан,

Қайтса біреу арақ ішіп,

Қайтқан біреу шылымнан.

Ұстар тізгін кер кеткенде

Не боларын көріп пе ең?!

Бозбала мен бойжеткен де

Қаза болған желіктен.

Келер күннен үміт күтіп,

Қалмаса да жолынан,

Кеткендер бар демі бітіп

Дəрігердің қолынан.

Бұрыс кетпей еш қадамы,

Құтылса да шатақтан,

Боздақтарды еске аламын

Қаза тапқан апаттан.

Қыршын кеткен кеншілерді

Шахталарда көмілген,

Көріп үнсіз күрсінемін

Дұға қылып ерінмен.

Жүріп жатыр соғыс қатал

Аяушылық білмейтін,

Еш уақыт ұмыта алман

Бұл жалғанның сұр кейпін.

* * *


Фəниден əкем кеткелі

Арада отыз жыл өтті.

Тірлікте мынау өтпелі

Жүрек те шошып, дір етті.

Хаттарың шерткен сырынды

Ішінен шықты Құранның.

Сынығы-сынды бұрынғы

Сақталған мəнгі мұраңның.

Болса да күнде мереке,

Келді ме кезің суысқан,

Хатыңда жазған, жан-əке,

Жат жақсы депсің туыстан.

Туғанның бəрі туыс па,

Туыстан артық дос көп пе?

Адамдар болса ұғысқан,

Артамын қалай босқа өкпе.

Белімді бекем буғанда,

Өмірдің сəнін жыр етем.

Атадан бері қуғанда,


Өркенін жайған мен екем.

Белгілі би боп атамыз,

Қажыға барып бір бабам,

Біреуі болып аты аңыз,

Алаштың жырын жырлаған.

Көріпкел-сынды заманның

Құбылған райын тез білген,

Арманын жиған адамның,

Солардан қалған көзбін мен.

Мақсаттан əсте қайтпағам,

Қабағын бақпай мезгілдің

Солардың сөзін айтпаған

Естіртсем елге деп жүрмін.

* * *


От тазалар залалды,

Су кетірер арамды,

Қайғыңды сөз азайтар,

Дəрі жазар жараңды.

Көкірек таза болмаса,

Кім кетірер харамды?!

Алла мені қолдаса,

Алдым қолға қаламды.

* * *

Қар жамылған шың-құзды



Кім жылытар тоңғанда,

Аспандағы жұлдызды

Жерге əкелген жан бар ма?!

Айырар қай туысқан

Шуда жіпті шатысқан,

Шыққан күнді Шығыстан

Кім шығарар Батыстан?!

Сырын тапқан көп іздің

Ғалымдар да елде көп,

Тұзды суын теңіздің

Тұшыта алған пенде жоқ.

Тыңдатуға жарлығын

Адам еркі келмесе,

Алла ғана барлығын

Тауып қойған ендеше.

* * *


Ауызбен айтқан сөзіңді

Қылмаса қабыл жүрегің,

Болсаң да қанша төзімді,

Жете ме Хаққа тілегің?!



Көзіңмен көрмей барлығын,

Көңілің тағы сенбесе,

Тұрса да күтіп алғы күн,

Ұмытпа, кім ең сен кеше?!

Қашпаған мына жалғанның

Арбаған көзді сəнінен,

Ойлайды жаңсақ Алланың

Құтылам десе кəрінен.

* * *

«Құдай, саған не қылдым?» –



Деген адам күмəнді,

«Құдай салды, мен көндім!» –

Деген адам шыдамды.

Əр аятқа жүгініп,

Оқығандар Құранды,

Нұрына оның жылынып,

Іс жасайды ұнамды.

* * *


Болса күнде жиын,

Ашымасын миың,

Адал болсын асың,

Таза болсын үйің.

Арам менен қасқа,

Харам менен насқа –

Тыйым.

Келіп тұрса күйің,



Асып жатса сыйың,

Ырысыңды тасқан

Көтере алмас құйын.

Кіре қалса мұнда

Шайтан менен жынға –

Қиын.


Неше түрлі бұйым,

Теңге менен тиын,

Бақ боп келсе – сүйін,

Сор боп келсе – күйін.

Иманды бол, ар тап,

Адал жолмен мал тап –

Түйін.

* * *


Алдым – ор,

Артым – биік жар,

Алдым – тор,


Артым – қалың қар,

Алдым –сор,

Артым – өте тар,

Тастүлектей түйілдім,

Жаратқанға сыйындым,

Не де болса, жөнге сал!

Тағдырыңды қарсы алмай,

Тыңнан түріп жол салмай,

Айтшы!

Қандай амал бар?!



* * *

Қарап тұрсаң, ғажайып жаратылыс,

Бір көргенге секілді дала тыныш.

Қыбырлаған тіршілік жер бетінде

Өмір заңын жалықпай үйретуде.

Бал жинаса аралар омартада,

Жатыпішер сона да құмарта ма?!

Ал бұзылған өрнегі өрмекшінің

Еске салды еңбегін еңбекшінің.

Таппаса да дəу табан жұмыстан мін,

Кетті тапап илеуін құмырсқаның.

Табадағы сазандар зорға піскен

Балықтар ғой еріксіз ауға түскен.

Көктің жүзін билеген мына қыран

Айырыпты аққуды сыңарынан.

Тауықтардың көп көрген ықыласын

Қораздың да бұлбұлдан дауысы басым.

Ерсі болып тұрса да естігенге,

Қойдан қымбат көк сақал ешкілер де.

Ақбөкендер далада сабылысқан

Бүкір мылтық оғынан мұрттай ұшқан.

Тырнақты мен тістілер болып дұшпан,

Бір біріне жем болып, ажал құшқан.

Бұл жалғанда, əйтеуір, күші басым

Əлімжеттік жасаса қысыласың.

Сондай қылық, амал не, адамдарда

Жиі-жиі жатады ұшырасып.

* * *


Бір жердің қысы жұмсақ, жазы жаман,

Бір елдің көбі малсақ, азы жаман.

Біреулер ел ішінде жүдеп жүрсе,

Біреулер тойынып жүр қазынадан.

Біреудің түрі жақсы, ісі жаман,

Біреудің ісі жақсы, мысы жаман.

Біреулер жатып ішіп, мал табады,


Жүргенде арамтер боп күші бар жан.

Біреудің өзі жақсы, сөзі жаман,

Біреудің сөзі жақсы, көзі жаман,

Біреудің жүрісі мен күлісінен

Тұрады суық соғып азынаған.

Адалдық – ар айнасы, түсін, балам,

Іс қылма жалған мақсат үшін маған.

Түбінде опық жейді, адам түгіл,

Құдайдан ешуақытта қысылмаған.

* * *


Жаныммен енді түсініп келем

Шəкəрім менен Нұржанды.

Жаратқан кəміл, ақылың терең,

Тапсырдым саған бір жанды!

Күнəні таудай жүрсек те көрмей,

Аян ғой жалғыз Аллаға.

Күпірлік болар, Құдайға сенбей,

Келген бар десем Қағбаға.

Ананың сүті жетпейді дейді,

Атаның құты жете ме?!

Ақтады ма екен ананың сүтін

Барғанның көбі Меккеге.

Сақтаймын десе қарақан басты,

Бағы ма, əлде, соры ма?!

Лақтырып жатып шайтанға тасты,

Түскен бар шайтан торына.

Атының сыры иеге мəлім,

Айдауға көнер қой ғана.

Оқыған намаз молданың бəрін

Періште деп те ойлама.

Қоқсықты жиып жататын бықып,

Қар шалған кезде самайды,

Жазғанын оқып, көңілге тоқып,

Ұққандай болдым Абайды.

* * *

Билігі барға бағынған,



Байлығы барға жағынған,

Айырылған ұят-арынан,

Қоғамға мынау не болған?

Адамдар, қайда жүрсіңдер,

Шындықтың дауысын сағынған?!

Бас тартып нағыз күрестен,

Олжалы жерде үлестен,

Ордалы жерде олжадан,

Жоралы жерде жолдан да


Кезіміз аз ба қағылған?

Жолдарың кеңіп тарылған,

Көрдің бе жеріп қорылдан,

Тірлікте көрген құсадан,

Болды ма күнің арылған?

Кім үшін терің төгілді,

Қабырғаң неге сөгілді,

Білдің бе шыққан тегіңді,

Сүйдің бе туған еліңді?

Тыныстап жатар жеріңді

Табасың бір күн қорымнан.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   26




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет