85-бап. Тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларының мазмұны және оларды қолдану мерзімдері
1. Ескерту кәмелетке толмаған адамға оның іс-әрекетiмен келтiрiлген зиянды және осы Кодексте көзделген құқық бұзушылықтарды қайталап жасаудың зардаптарын түсiндiруден тұрады.
2. Қадағалауға беру ата-аналарына немесе оларды алмастыратын адамдарға не мамандандырылған мемлекеттiк органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал ету және оның мінез-құлқын бақылау жөнiнде мiндеттер жүктеуден тұрады.
3. Келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетi кәмелетке толмаған адамның мүлiктiк жағдайы және оның тиістi еңбек дағдыларының болуы ескеріле отырып жүктеледі.
4. Кәмелетке толмаған адамның бос уақытын шектеу және оның мінез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу белгiлi бiр орындарға баруға, бос уақыттың белгiлi бiр нысанын, оның iшiнде механикалық көлiк құралын басқаруға байланысты нысанын пайдалануға тыйым салуды, тәулiктiң белгiлi бiр уақытынан кейiн үйден тыс жерде болуын, мамандандырылған мемлекеттiк органның рұқсатынсыз басқа жерлерге баруын шектеудi көздеуi мүмкiн. Кәмелетке толмаған адамға бiлiм беру мекемесiне қайта оралу, оқуын жалғастыру немесе аяқтау не мамандандырылған мемлекеттiк органның көмегiмен жұмысқа орналасу талабы да қойылуы мүмкiн. Осы тiзбе толық болып табылмайды.
5. Алты айдан екі жылға дейінгі мерзімге ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарына орналастыруды сот қасақана ауырлығы орташа қылмыс немесе ауыр қылмыс жасаған кәмелетке толмаған адамға тағайындауы мүмкін. Аталған ұйымдарда болу адамның кәмелетке толуына байланысты, сондай-ақ егер түзетудi қамтамасыз ететін мамандандырылған мемлекеттiк органның қорытындысы негiзiнде сот кәмелетке толмаған адам өзiнiң түзелуi үшiн бұдан әрi бұл шараны қолдануды қажет етпейдi деген түйінге келсе, мерзiмінен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
6. Ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуды осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген мерзiм өткеннен кейiн ұзартуға тек кәмелетке толмаған адамның жалпы бiлiм беретiн немесе кәсiптiк даярлығын аяқтауы қажет болған жағдайда ғана жол берiледi, бiрақ ол кәмелетке толғаннан аспауы керек.
7. Кәмелетке толмағандардың ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуының тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
8. Кәмелетке толмаған адам келтірген зияны үшін жәбірленушіден өзі кешірім сұрайды.
9. Пробациялық бақылау осы Кодекстің 44-бабы екінші бөлігінің қағидалары бойынша бір жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
10. Осы Кодекстің 84-бабы бірінші бөлігінің 2) және 4) тармақтарында көзделген тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шараларын қолдану мерзімі қылмыстық теріс қылық жасаған кезде – ұзақтығы алты айға дейін, онша ауыр емес қылмыс жасаған кезде – алты айдан бір жылға дейін, ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде – бір жылдан екі жылға дейін және ауыр қылмыс жасаған кезде екі жылдан үш жылға дейін белгіленеді.
11. Кәмелетке толмаған адам тәрбиелік ықпалы бар мәжбүрлеу шарасын бір жыл ішінде екі және одан да көп рет қасақана орындамаған жағдайда, егер қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімі өтіп кетпесе, мамандандырылған мемлекеттік органның ұсынуы бойынша сот бұл шараның күшін жояды және материалдар кәмелетке толмаған адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін жіберіледі.