1. Қылмыс жасағаны үшiн сотталған адам соттың айыптау үкiмi заңды күшiне енген күннен бастап сотталғандығы өтелген немесе алып тасталған кезге дейiн сотталған болып есептеледi. Сотталғандық осы Кодекске сәйкес қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы айқындалған кезде және жаза тағайындау кезiнде ескерiледi.
2. Жазадан босатылған, сондай-ақ қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін сотталған адам сотталғандығы жоқ деп танылады.
3. Сотталғандық:
1) шартты түрде сотталған адамдарға қатысты – пробациялық бақылау мерзiмi өткен соң;
2) бас бостандығынан айыруға қарағанда жазаның неғұрлым жеңiл түрлерiне сотталған адамдарға қатысты – жазаны іс жүзінде өтеген соң;
3) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтегеннен кейiн үш жыл өткен соң;
4) ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты – жазаны өтегеннен кейiн алты жыл өткен соң;
5) аса ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қатысты жазаны өтегеннен кейiн сегiз жыл өткен соң жойылады.
4. Егер сотталған адам Қазақстан Республикасының заңында белгiленген тәртiппен жазасын өтеуден мерзiмiнен бұрын босатылса немесе жазаның өтелмеген бөлiгi жазаның неғұрлым жеңiл түрімен ауыстырылса, онда сотталғандықты жою мерзiмi жазаның іс жүзінде өтелген мерзiмi негiзге алына отырып, негiзгi және қосымша жаза түрлерiн өтеуден босатылған кезден бастап есептеледi.
5. Егер соттың үкімі бойынша адамға негізгі жазамен қатар қосымша жаза тағайындалса, онда сотталғандықты жою мерзімі негізгі және қосымша жаза түрлерін өтеу кезінен бастап есептеледі.
Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалған жағдайларда, онда сотталғандықты жою мерзімі жазаның негізгі түрін өтеу кезінен бастап есептеледі.
6. Адам әртүрлі ауырлық дәрежесіне жататын қылмыстар үшін қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша немесе үкімдердің жиынтығы бойынша сотталған кезде, сотталғандық әрбір қылмыс үшін жеке жойылады, бұл ретте жою мерзімдері қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы бойынша жазаны өтеу кезінен бастап есептеледі.
7. Егер сотталған адам жазаны өтегеннен кейiн өзiн мiнсiз ұстаса, онда сот оның өтiнiшхаты бойынша сотталғандықты жою мерзiмi өткенге дейiн одан сотталғандықты алып тастай алады.
Бұл норма ауыр немесе аса ауыр қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға қолданылмайды.
8. Егер сотталған адам сотталғандықты жою мерзiмi өткенге дейiн қайтадан қылмыс жасаса, сотталғандықты жою мерзiмiнің өтуі үзіледі. Бiрiншi қылмыс бойынша сотталғандықты жою мерзiмi соңғы қылмыс үшiн негiзгi және қосымша жаза түрлерін іс жүзінде өтегеннен кейiн қайтадан есептеледi. Бұл жағдайларда адам екi қылмыстың анағұрлым ауыры үшiн сотталғандықты жою мерзiмi өткенге дейiн олар үшiн сотталған деп есептеледi.
9. Сотталғандықты жою немесе алып тастау өмір бойына тағайындалған қосымша жаза түрімен белгіленген шектеулерді қоспағанда, осы Кодексте көзделген барлық қылмыстық-құқықтық салдарлардың күшiн жояды.
Ескерту. 79-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.