1. Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындау кезiнде, осы Кодекстiң 52-бабында көзделген мән-жайлардан басқа, оның өмiрi мен тәрбиесiнiң жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi, сондай-ақ оған жасы жағынан үлкен адамдардың ықпалы ескерiледi.
2. Кәмелетке толмаған жас жеңiлдететiн мән-жай ретiнде басқа да жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлармен жиынтықта ескерiледi.
1. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған не ауырлығы орташа қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды, егер оны қылмыстық жауаптылыққа тартпай-ақ түзеуге болады деп белгiленсе, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкiн. Бұл ретте оған тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
2. Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн бiрiншi рет сотталған кәмелетке толмаған адамды, егер оны түзеуге тәрбиелiк әсерi бар мәжбүрлеу шараларын қолдану арқылы қол жеткiзуге болады деп танылса, сот жазадан босатуы мүмкiн.
3. Қазаға ұшыратумен немесе адамның денсаулығына ауыр зиян келтірумен байланысты емес ауыр қылмысты алғаш рет жасаған кәмелетке толмаған адамды осы Кодекстің 68-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда, сот қылмыстық жауаптылықтан босатуы мүмкін.
Ескерту. 83-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 09.04.2016 № 501-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
84-бап. Тәрбиелiк ықпалы бар мәжбүрлеу шаралары
1. Сот кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпалы бар мынадай мәжбүрлеу шараларын тағайындауы мүмкiн:
1) ескерту;
2) ата-аналарының немесе оларды алмастыратын адамдардың не мамандандырылған мемлекеттiк органның қадағалауына беру;
3) келтiрiлген зиянды қалпына келтiру мiндетiн жүктеу;
4) бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мінез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу;
5) ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру;
6) жәбірленушіден кешірім сұрау міндеттемесін жүктеу;
7) пробациялық бақылау белгілеу.
2. Кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпалы бар бiрнеше мәжбүрлеу шарасы бiр мезгiлде тағайындалуы мүмкiн.