«Сенің шашыңа ақ кіргелі неше жыл болды?» дегені еді. Шал: «Шашыма ақ кіргелі жиырма жыл болды», - деді. Ханның: «Бұл таудың етегін қырау шалғалы неше жыл болды?» дегені: «Сақалыңа ақ кіргелі неше жыл болды?» дегені еді. Шал: «Оған да он бес жыл болды», – деді. Ханның: «Бұл таудың басынан бұлақ аққалы неше жыл болды? дегені: «Көзіңнен жас аққалы неше жыл болды?» дегені еді. Шал: «Оған да бір он жыл болды», – деді. Ханның: «Ата, өзің нешеусің?» дегені: «Үйінде неше жаның бар?» дегені еді. Шалдың: «Жатқанда екеуміз, тұрғанда төртеуміз» дегені: «Менің бұрынғы әйелім өліп еді, қазіргі әйелімнің байы өлген; түнде жатқанда екеу болғанмен, күндіз қойда жүргенде мен өлген әйелімді сағынам, қазір әйелім үйде отыр, өзінің өлген ерін ойлайды», – дегені еді. «Жатқанда екеу, тұрғанда төртеуміз» дегені – сол еді. Ханның «Қырық асыранды қазым бар, соны қан шығармай сойып, білдірмей жұлып, күйдірмей пісіріп беретін кісі бар ма?» дегені: «Менің ақылсыз қырық уәзірім бар, соларды ұрмай-соқпай жөнге салып беретін кісі бар ма?»дегені еді. Шалдың: «Адамына тап болсаң, айтқаныңнан асырар» дегені, оның шешуін маған жолдағаны еді. Сендер мені іздеп барған соң, үстеріңдегі киімдеріңді алып отқа жаққаным, білдірмей жұлғаным, күйдірмей пісіргенім; сендерді алдыма салып жалаңаш, жаяу айдап ханға әкелгенім, қан шығармай сойғаным еді. Ал енді осымен ханның жұмысы біткен шығар? – деп, Жаман сөзін аяқтады. Хан:
— Уәзірлерімнің күнәсін кешірдім. Неше рет екеуміздің арамызға от салып, сенің қоныс аударып, көшіп кетуіңе себеп болып еді. Сонысына ызаланып: «Өздері әбден жеңілсін, кінәларын мойнына алсын!» – деп едім. Менің тілегім орындалды. Ал, халық, мен де біраз хан болып, қызық көрдім. Ендігі хандығымды мынау досыма берем. Сіз де, енді тартынбаңыз, таққа сіз мінуге уақыт жетті, қалған өмірде сізге қызмет етіп, сіздің хан болған қызығыңызды көрейін, – деп, Жаманды қолтықтап әкеліп, хан тағына отырғызады. Елі отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, Жаманды ақ киізге салып, хан көтереді. Жаман Ақша ханның еліндегі үйін көшіріп алады. «Жаман таққа мінген соң, ешбір соғыссыз, бес хандықтың қонысын біріктіріп, ел арасында достық орнатыпты», – дейді. Әр ханның адамдары өз елінен әділдік таппаса, бұған келіп, қосыла беріпті. Сол уақыттан бастап әділдігі үшін бес ханның елі Жаманға: «Аяз би» деп ат қойып, сол аты өле-өлгенше қалды дейді. Аяз би әділ болды. Тура билік етті, нашарларға қарасты. Баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының мандайшасына шегелеп қойды. Кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, шегелеулі тоны мен тымағына қарап: «Ай, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз би, әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл!» – деп, көңілін басушы еді дейді.