Рас еді. — Алам деп, уәде беріп пе едің?
— Беріп едім. — Ендеше, мана неге айтпадың?
— Тақсыр! Мана айтпаған себебім мынау еді. Мен барып, Уәлібайдың қызына сырттан хабарласқанда, ол маған бір тәрелке, бір қайрақ, бір пышақ, бір гауһар тас беріп жіберді. Ол оның: «Қайрақтай болып езілгенше, тәрелкедей болып уатылғанша, пышақтай болып, басы кесілгенше сыр айтпайтын кісі, мына гауһар тастай жарып мені алады», – дегені еді. Сол сырды: «Пышақтай болып басым кесілгенше айтпаспын!» – деп, пышақты жетесінен сындырып, «қайрақтай езілгенше!» деп, қайрақты уатып, «тәрелкедей уатылғанша» деп, тәрелкені қиратып, «гауһар тастай жарып, сені алам!» – деп, гауһар тасты қақ бөліп, уәде беріп едім. Сол себепті мана шынымды айтпап едім. Қыздың өзі мені аяп, ақ боз атқа мініп, бетіне перде жауып келіп, дардың жібін қиып, көкірегіме көлденең қылыш тастап кеткені: «Мен үшін кінәсыз өлме, ерлігіңді көрдім. Қылыш үстінде серт жүрмейді деуші еді, антыңды қайтып ал», – дегені еді. Өзі рұқсат берген соң, шынымды айтып отырмын, – деп, Жаман сөзін аяқтайды.
Хан Жаманның сөзінің шындығына көзі жетіп, ел жинап, отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, қызды Жаманға алып береді. Жаман тапқырлығымен ханға жағып, екеуі дос болыпты.
Бір күні қырық уәзір кеңесіп отырып: «Бұл Жаман біздің жаман кісі іздегенде ат артына мінгестіріп алып келген жаманымыз еді. Бұл күндерде хан оны өзіне жақсы дос қылды; қыз әперді, бізді есепке алмай тастады. Қой, бүйтіп болмас! Біз бұл екеуін араздастырайық. Жаманның әйелін мақтайық, үйіне конаққа апарып көрсетелік. Сөйтіп, екеуінің арасына от жағалық», – деседі. Уәделері бойынша Жаманның әйелін ханға мақтайды.
— Тақсыр, шынында, ол әйел сізге лайық әйел! – деп, ханды азғырады.
Хан Жаманның үйіне барып, өз көзімен әйелді, оның тәрбиесін көрген соң: «Шынында, маған лайық әйел екен», – деп ойлап, үйге қайтып келіп, қырық уәзірмен кеңеседі.
— Ойда жоқта ойға салған сендер едіңдер. Енді әйелді алуға маған қандай айла тауып бересіңдер? – дейді. Уәзірлер кеңесіп:
— Жақсы, тақсыр!