Жаманды шақыр! Біз оны «Барса-келмеске» жұмсайық. Сонда ол өлер, ол өлген соң жесір әйелді сіз оңай аласыз! – дейді. Жаманды шақыруға хан бір жігіт жібереді. Жіберген жігіті барып, үйден сығалап қараса, төрде төсек үстінде Жаман жатыр. Әйелі төрдегі шар айнаға қарап, өз көркіне өзі таңғалып, Жаманға сөйлейді: — Мен осы тәңірінің ісіне таңмын. Әркімді өзінің қатарына қосса еді. Арасы жер мен көктей адамдарды біріне-бірін қосып қойған, тәңірінің құдіреті күшті-ау деймін. Өзіме қарасам, он төртінде туған ай сияқтымын, саған қарасам, суы біткен көлдей, қара майы біткен шелектейсің-дейді. Жаман басын көтеріп алып:
— Жоқ, олай емес! Атамыз Адам бейіштен қуылып, шығып бара жатқанда, тәңірі: «Ей, Адам, бейіш сенің үшін жаратылып еді, шайтанның азғыруымен шығып барасың, енді бейіштен қалағаныңды алып кет», – деген еді. Сонда Адам: «Тәңірі! Сенің қандай затыңның қадірлі екенін қайдан білейін?» – деген соң: «Адамзатқа пайдалы үш затым бар, біреуі - қыдыр, біреуі - бақыт, біреуі - ақыл, осының бірін ал», – деген екен тәңірі. Сонда Адам ақылды алыпты. «Ақыл тұрмаған жерде біз де тұра алмаймыз», – деп, қыдыр да, бақыт та ақылға табынған екен. Сол сияқты, сен қазынадағы қызыл алтын едің, мен ақыл едім. Менің қаралығыма, иә қарттығыма қызығып тиген жоқсың, ақылыма тидің, – деп қарқ-қарқ күледі. Әйелі Жаманның сөзіне күліп, артына қарағанда, пердесі ашулы екен, есіктен кіріп келе жатқан жігіт, оның жүзін көріп, есінен танып, құлап қалыпты. Сол жерде бетіне су бүркіп, жігітті тұрғызып алып, жұмысын сұрайды. Жігіт келген жұмысын айтып қайтады, келген соң, хан:
— Сен кеткелі көп уақыт болды, сен мұнда жұртты иіріп отырғызып қойып қайда кеттің?– дейді. Жігіт басынан өткізген уақиғасын айтқан соң, әуелде әйелге ғашық хан, онан сайын ынтық болады. Жігіт кеткен соң Жаман:
— Ханға барайын ба? – деп, әйелімен ақылдасады. Әйелі:
— Бар, сені «Барсақелмеске» жұмсарын көптен-ақ сезгенмін. Риза бол, бірақ жолға жұлқынған жүйрік, жылжыған жорға мінбе, жылқыдағы ең семізді мін. Қырық уәзір сені үш күншілік жерге шығарып салар. Олардың карасы үзілген соң, сен де қайт. Орман ішіне апарып, атыңды сой да, етін алып кел, соны қорек қылып, жата береміз, – дейді. Жаман ханға келген соң, хан сөз бастайды:
— Мен сені бір ұзақ сапарға жұмсаймын, жұмсағанда, сенің ерлігіңнен үміт етпеймін, ақылыңнан үміт етемін. Барсаң, айтамын, – дейді.
— Жақсы, барайын, – деп, Жаман ризалығын көрсетеді.
— «Барсакелмес» дейтін жерде «інжулі қой» дейтін қой бар, – деп айтады. Бір түгі - алтын, бір түгі күміс, сойса, терісі - бір адамға тон дейді. Соның терісін үстіме кигім келеді. «Інжулі үйрек» деген үйрек бар, қанаты - күміс, басқа жері - алтын» дейді. Соны тәж қылып кигім келеді. «Дәудің інжулі қара арғымағы бар, бір шапқанда жүз шақырым шабады» дейді. Соны мінгім келеді. Міне, осы жұмыстарға барасың, – деп, Жаманды хан кілең