Шешеннің сөйлеу мәдениеті, шешеннің сөйлеу техникасы.
Шешендік дегеніміз не? Ойшылдарға сүйене айтсақ, шешендік – кісі көркі, ақылмен билеу өнері. Дидарласушымыздың жүрегі мен ақыл-ойын баурап алуға, оны не нәрсеге болса да сендіруге, иландыруға септесетін бізге берілген сый. Кез келген нақтылы зат туралы шебер сөйлеу өнері және сонысымен өзгелерді өз ойына ойыстыра білу. Біліктілік пен білімнен, қуатты түйсік пен терең сезімнен, санадағы саңлақтық пен ұшқыр қиялдан, тер төгу мен ой тербелісінен туындай келе, білгірліктен кейін тұрады. Сөз бен ойға негізделеді. Биік дүниетаныммен, ғылым-білімді терең меңгерумен, халықтың тұрмыс-тіршілігін, жөн-жосықтарын жүйрік танумен, жалпы айтқанда, адамзаттың рухани мәдениетінен мол хабардар болуымен, ой өрісінің кеңдігімен тамырлас. Демек, жас тұлғаға қажетті шешендік дегеніміз – тыңдаушылардың жан-сезім әлемін сөзінің әдемілігімен, образдардың жарқындылығымен, нақыл, ғибрат сөздердің ұшқырлығымен толқытатын, баурайтын өнер, өзгеше қабілет-қарым, тума қасиет, сондай-ақ өскен ортаның, үлгілі жандардың, ұлағатты туындылардың тағылым-тәрбиесі, өз дүниетанымының нәтижесі.
Сөйлеу, тілдік амалдар, тіл мәдениеті туралы сөз етсек, адамның тіл амалдарын пайдалану арқылы пікірін, ойын білдіруін – сөйлеу деп атайды. Сөйлеуге адамның анатомиялық мүшелері қатысады, алайда ол адамның психикалық қабілетіне, қоғамдық тәжірибесіне тығыз байланысты. Сөйлеу үшін жасалған тілдік амалдар ұзақ уақыт бойы адамдардың пікір алысу тәжірибесі негізінде қалыптасты. Тілдік амалдар – сөз тудыру, сөйлем құрау ережелері. Олар – көпшілікке ортақ, объективті категориялар. Соның нәтижесінде тіл – жұрттың бәріне бірдей түсінікті қатынас құралы. Сөйлеудің әр коммуникативтік жағдайына сәйкес ыңғайланған стилі болады. Тіл мәдениеті – тіл білімінің әдеби тілінің нормасы мен оның дамуын, сөйлеу тілімен қарым-қатынасын зерттейді. Тіл мәдениетінің тілдің басқа салаларынан айырмашылығы оның күнделікті өмірде тілдің қолдану, жазу, сөйлеу мәдениетімен жақсы қарым-қатынаста болуы. Тіл мәдениеті қамтитын тілдік норманың 3 түрі:
1. Тілдік норма (лексика, сөз жасамдық, грамматика, дыбысталу нормасы).
2. Этика – сөз нормалары (сөйлеу этикасының ережелері).
3. Коммуникативті норма (сөйлеу қарым-қатынасының тиімділік қағидалары).
Достарыңызбен бөлісу: |