Шешендік өнердің түрлері.
Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде шешен сөзіне жан-жақты сипаттама беріп, оларды бес түрге бөліп саралаған. Олар: Біріншісі, саясат шешендік сөзі — шешендердің жиналған қауымды аузына қаратып, нандырып, сендіріп, мемлекет ісіне қарар шығару мақсатымен айтылған сөз. Екіншісі, билік шешен сөздері — шешендердің сотта айыпкер адамдарды ақтау, иә қаралау мақсатымен сөйлегенде сот билігіне әсер ету үшін айтқан сөздер. Үшіншісі, қошемет шешен сөзі – біреудің халық алдында еткен еңбегін, өткізген қызметін айтып, қошеметтеп сөйлеген шешеннің сөзі. Төртіншісі, білімір шешен сөзі – білімділердің, ғалымдардың мазмұнды сөйлеген сөздері. Бесіншісі, уағыз — дін жайынан сөйлеген ғұламалар, молдалар сөзі [6]. Осы би-шешендер сөздерін ел аузынан жинап, тіл қадірі мен сөз қадірін жете түсінген, оларды жеке мұрасына сақтап бізге жеткізгендердің бірі – белгілі фольклорист, ақын Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы «Қазыбектің екінші билігі» деп аталатын шешендік сөзінде Сібір бойына келе бастаған орыс шаруаларын жақтыртпай соғыс ашпақшы болған қазақтар бір шешімге келе алмаған соң үш жүздің билерін шақыртқан екен. Осы мәселе жөнінде билер оңаша шығып, жұмбақтап сөйлейді. Ұлы жүзден Төле би, — Алар ма ед мына көлдің қуын атып. Мұндағы көл – Сібір бойының жері болса, қуы – келе бастаған орыс шаруалары, яғни қуын атып алу – қоныстанған шаруаларды қуып жіберу, немесе соғысу. Кіші жүзден Мама би, — Тигізе алмай жүрмесек суына атып, — деп, бұл соғыстың нәтижелі болатындығына сенімсіздік білдіргенін көреміз. Яғни, оғы қуына тимей, суына тиіп — күшіміз зая кетер деп күдіктенеді. Орта жүздің Қазбегі, — Арылмастай пәлеге қап жүрмесек, суда жүрген перінің қызын атып, — дегендегі пері – ақ патша болса, қызы — сол патшаның адамдары. Арылмастай пәлеге қап жүрмесек деп, бұларды шауып алған жағдайда орыс патшалығы соғыс ашып қазақ елі үлкен пәлеге ұшырайтынын болжап тұр. Қазыбек бидің бұл сөзіне Төле би , — Қазыбек, сен соғыспауға байладың-ау!- депті. Сонда Қазыбек, — Біз орыспен қалай соғысамыз? Пайғамбарымыздың ғаділшілік орыста қалады, дегені бар емес пе? «Жер астынан жік шығып, екі құлағы тік шыға қалса», қолының ұшын беретін көршіміз орыс болса, жаман болмас! – деп ойлаймын, – деп соғыстың басталуына тоқтау салғанын көреміз. Демек, мұндағы Қазыбек бидің сөзі екі ел арасындағы соғыс отын өршітпей саясат мәселесін шешуге ықпал етті. Ал
«Қазыбектің үшінші билігінде» Ұлы жүз бен Кіші жүз арасындағы даулы мәселеге билік айтуға Ұлы жүздің төбе биі Төле би мен Кіші жүздің биі Мама таласады, сонда Қазыбек би «Ұлы жүзді қауға берде, малға қой. Кіші жүзді найза бер де, жауға қой. Орта жүзді қамшы бер де, дауға қой» — деген аталарының өсиетін білмейтіндігін беттеріне басып, төре беру жолы өзінікі екендігін айтады. Бұл сөзді үш жүздің адамдары бір ауыздан қабылдапты. Сонда Қазыбек би, — Уа, Үйсін: Төле би, сен атадан үлкен болып тудың. Ініңнің бір еркелігін көтеретін жөнің бар. Оны ойламай, жылқысын неге қуып аласың? Уа, жарқыным Мама би, сен атаның қара шаңырағында қалған екенсің, ағаңның көзінің тірісінде жеңгеңді неге зорлықпен әкетесің? «Даугердің адалы құстай ұшатын да, арамы мұрттай ұшатын.» Сен, Мама би, қатыныңды қайтар, сен Төле би, жылқыны қайтар. Екі жағында иесіне табыс болмаған, екі аяқты түгіл, төрт аяқты қалмасын! – деп, билік айтыпты. Бұл жердегі Қазыбек бидің сөзін билік шешен сөздерге жатқызамыз. Қазыбек би атабаба салтын, өсиетін жетік білетіндігін дәлелдеп, төрелік айтуға, даулы мәселелерді шешуге Орта жүз билерін қою керектігін бабалары өсиет қып кеткенін атайды.
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы жазбаларындағы «Қазыбектің төртінші билігі» мен «Қазыбектің бесінші төрелігі» деген сөздері де — билік шешендік сөз. Ал осындағы «Қазыбектің «Тәңірі алдына барғанда» сөзінің әсері» деген сөзін уағыз шешендік сөзбен қоса билік шешендік сөзге де жатқызамыз, себебі мұнда Қазыбек би алдымен билікке қатысты сөйлеп, соңында уағызбен аяқтайды [5].
Би-шешендер сөздерінің үлгілері бүгінгі күні де өзектілігін жоймаған тіл мәдениетінің биік шыңы болып табылады. Қазақ жұрты – жаратылысынан шешендік өнерге бейім халық. Оның қиыннан қиыстыра, төтеден төге сөйлейтін тапқыр да ақылды, бейнелі де бедерлі, аталы да баталы, нақыл, қомақты ойлары жөнінде өзіміз де, өзгелер де таңдай қағып айтудамыз. Қазақ шешендік өнері — атадан мирас болып, алтын баулы желісі үзілмей келе жатқан ардақты өнер. Теңіз тербеп тереңінде шайқалған інжу маржандай ғасырлар бойы халық жадында сақталып, жұпталып көптің көкейіне орнаған шешендік сөздер шешендердің даналық сөздерінде ашылады, айқындалады, ал шешендер әлденеше ұрпақтың сана сезімін аралап, көптің көкейіне қонақтаған ойлы, сырлы сөздерді жаттап, жадында сақтайды керекті, келеңді жерінде жаңартып кәдеге жаратады [6]. Қазақтың шешендік өнерінің піспегі – шешен билер де, күбісі – халық. Ел есінде жүрген шешендік нұсқалардың туындыгері – шешен-би. Халық заманы озған сайын сөз үлгілерін талқыға салып, қырлап, өңдеп, құлпыртып әкеліп, кейде тіпті сан-саққа жүгіртіп әркімдердің атынан айтады. Осындай әдеби-халықтық, фольклорлық сұрыптаулардан кейінгі біздің заманымызға келіп жеткен шешендік сөздер шымырқанған қымыздай жұтылған, таңдай татарлық дүниелер болып келеді. Бишешендер – шешендік өнердің негізгі доминанты, яғни қозғаушы күші [7]. Шешендік сөз – адамзат тарихындағы рухани материалдық мәдениеттің дамуының негізгі құралдарының бірі. Шешендік сөз — сөзбен барша жетістіктерге жеткізетін өнердің саласы. Шешендік өнер — адамзат өркениеті тудырған рухани-мәдени құндылықтардың бірегейі. Сондықтан шешендік өнер мен оның тарихы-адамзат мәдениеті тарихының сабақтас бір бөлігі.
Достарыңызбен бөлісу: |