3. Сыртқы және ішкі басқару
Басқару теориясында ішкі және сыртқы басқаруды айырып қарау қажет. Ішкі басқару деп басқару әсері басқару жүйесінен әсер етілетін ішкі әсерді айтады. Басқарушылық әсерді жасаушы басқару органы басқарылатын жүйемен қоса бірегей шаруашылық кешенін құрады. Басқару органы сонымен қатар, басқаруды жүзеге асырушы тұлғалар ішкі басқару барысында басқарылатын организм құрамына және оның штатына кіреді.
Сыртқы басқару деп басқару әсерінің жүйеден сырт әсерін атайды. Ол жағдайда басқарушы жүйе басқарлатын құрам құрамына кіреді, ол жеке сыртқы орган ретінде бөлінген.
Басқарушы жүйе Басқарылатын жүйе Басқару органы
Басқарылатын жүйе
Ішкі басқару сыртқы басқару
2 сурет. Ішкі және сыртқы басқару сызбасы
Сыртқы басқаруды жүзеге асыратын тұлғалар басқарылатын организация штатына кірмейді, оның қызметкері болып табылмайды.
Ішкі және сыртқы басқару жүйелерінің сызбасы 2 суретте көрсетілген.
Мекемеге, кәсіпорынға, мекемеге және оның бөлімшелеріне қатысты (цехтар, бөлімдер, зертханалар) басқаруды ішкі және сыртқы деп бөлу нақты бір шарттылық деңгейімен анықталады. Мысалы, бөлімше басшысының бөлімшеге қатысты өкімі ішкі болып табылады, кәсіпорын дирекциясының аталған бөлімге ғана қатысты шешімін сыртқы деп қарауға құқылы болады. Сонымен қатар, кәсіпорын дирекциясының кәсіпорынға таратылатын оның көптеген бөлімшелеріне қатысты шешімін ішкі басқаруға жатқызу керек.
4. Өзін өзі басқару ішкі басқару түрінде ішкі басқарудың бір түрі өзін-өзі басқару деп аталады. Өзін-өзі басқару — ол аумақтағы, кәсіпорындағы, ұйымдағы, фирмадағы, компаниядағы басқару органы тарапынан ішкі басқару, ол басқаруда маңызды рөл ойнайды. Өзіндік басқару жағдайында сыртқы басқару жалпы сипаттағы мәселелер шегімен шектеледі және заң, жарғы, үкіметтік қаулылар, ұлттық бағдарламалар түрінде жүзеге асырылады, олар көпшілік мекемелер мен тұлғаларға міндетті болып табылады, ол осы заңнама мен басқа да нормативтік құқық қолданылатындарға қалтқысыз орындауды талап етеді. Осы шектеулерді есепке ала отырып аумақты, мекемені өзіндік басқару, жеке және ішкі басқаруға сүйене отырып өз еркімен шешім қабылдауға құқылы.
Сонымен, өзін өзі басқару жағдайында ішкі басқару сыртқы басқарудан басым болады күнделікті, ағымдағы басқару барысында алдыңғы орын алады. Алайда жекелеген негізгі мәселелерге келгенде сыртқы басқару ішкіге қатысты басым болады. Ішкі және сыртқы басқарудың өзара қатынастары басқару демократизациялық деңгейін көрсетеді, ол көбіне елдегі әлеуметтік-экономикалық құрылым табиғатына, басқаруды орталықтандыру мен қайта орталықтандыру мәселелеріне байланысты болады.
Мемлекеттік басқару теориясының пайда болу тарихын әдетте 18ғ. Австрия мен Германия университеттерінде оқытыла бастаған «камералистика» ғылымдар курсы, яғни әкімгершілік және экономикалық пәндер циклымен байланыстырады. Камералистика - әкімгершілік қызметтер құрылымы мен оның жұмысын жақсарту жолдарын, құралдарын зерттеді. Сөйтіп, Германияда 18ғ. бастап 19ғ. дейін министрліктер құрыла бастады. 19ғ. аяғында камералды ғылымдардың ролі төмендей бастады, бұл кезде саяси ғылымдар мен мемлекеттік басқару теориясы ғылымы жоғары қарқынмен дами бастады және де оның орталығы АҚШ болды. Мемлекеттік басқарудың американдық ғылымдарының негізін қалаушы АҚШ-тың 28 Президенті Вудро Вильсон (1856-1924жж.) болды.
В. Вильсонның концепциясының негізгі ережелері оның «Әкімгершілікті зерттеу» (1887ж.) мақаласында баяндалды. 1883ж. Пендлтон заңы қабылданып, ол федералды мемлекеттік қызметті ұйымдастыруда «Еңбегі сіңу жүйесі» (merit system) мен «Табысты бөлу жүйесін» (spoils system) жойып, мемлекеттік қызмет институтын (civil system) құруға негіз қалады [7]. Пендлтон заңы бойынша мемлекеттік қызмет үміткерлеріне ашық конкурстық емтихандар жүргізілетін болды және де бұл жүйе АҚШ-та бүгінгі күнге дейін қолданылып келеді.
Көптеген қазіргі зерттеушілердің ойынша, В. Вильсон, Ф. Гуднау, М. Вебердің еңберінің пайда болуымен мемлекеттік басқару теориясының өзіндік ғылыми бағыт ретінде қалыптасуының 1-ші сатысының басталуын есептейді [8].
Бұл сатының хронологиялық шегін 1880 жылдан 1920 жылға дейінгі уақыт деп анықтауға болады.
1900 жылдан бастап Батыс Еуропа мен АҚШ-тың алдыңғы қатарлы университеттерінде оқу бағдарламасының бір бөлігі ретінде мемлекеттік әкімшілікті оқыта бастады. 1916 жылы Роберт Брукингс Вашингтонда үкіметті зерттеудің алғашқы институтын (Institute of Government Research) құрды. Аталған ғылыми-зерттеу ұйымының мақсаты болып мемлекеттік қызметке жүйелік аналитикалық талдау жолын өңдеу табылады. Осыған ұқсас зерттеу орталықтары мен институттар Еуропада 1920-1930 жылдары пайда бола бастады.
Мемлекеттік басқаруға жүйелеген талдау жасаған алғашқы ғалым неміс социологы Макс Вебер (1864-1920жж.) болды. Оның «Шаруашылық және қоғам» атты еңбегі атқарушы өкімет сатысы мен оның қызметкерлерінің мүдделерін оқып-үйренудегі негіз ретінде әлі күнге дейін құндылығы зор болып отыр [1]. Вебердің пікірі бойынша, идеалды мемлекеттік басқару – бұл бюрократиялық сатының қатаң принциптеріне негізделген басқару: басшының авторитарлық билігі, оның қол астындағыларға бұйрық, тапсырма беруі мен оның орындалуын бақылау.
В.Вильсон, Ф.Гуднау, М.Вебер мемлекеттік басқару теориясының екі негізгі идеясын өңдеді:
- мемлекеттік басқару реформасын жүзеге асыру үшін әкімгершілікті ғылыми тұрғыдан зерттеу;
- мемлекеттік аппарат саясаттан тыс болуы қажет.
Көптеген зерттеушілердің пікірінше, осы ғалымдардың жұмысының пайда болуы мемлекеттік басқару теориясының өзінше ғылыми бағыт ретінде дамуының бастамасы болады.
Мемлекеттік басқару теориясы өзінің әрі қарайғы дамуын классикалық мектеп пен «адами қатынастар» мектебінің еңбектерінде алды, бұл мектептер 20ғ. басында дамыған «ғылыми менеджмент» бағытын бейнеледі.
Мемлекеттік басқару теориясының дамуындағы екінші сатысы 1920-1950 жылдарды қамтиды. Әсіресе осы жылдары американдықтар үлкен жетістіктерге жетті, сол кезеңдердің өзінде Еуропа елдеріне қарағанда АҚШ-тың жоғарғы оқу орындары оқу бағдарламасын жасауда және оқытушыларды таңдауда үлкен бостандыққа ие болды. Олардың тәжірибе жасау, жаңа курстарды қеңінен енгізу мүмкіндігі болды, сол курстардың біріне жаңа ғылымның кең танылуына негіз болған әкімшілік-мемлекеттік басқару теориясы жатады.
Керісінше, Еуропада (әсіресе Франция, Ұлыбритания елдері) сол жылдары оқу жүйесі орталықтандырылған болып, жалпыға бірдей ереже болды. Француз саясаттанушысы Ж. Стейцель былай деп жазды: «Ғылым саласының дамуы, ең алдымен, бұл әлеуметтік құбылыс; оның дамуы үшін атақты зиялы қауымның анықталған дайындығы қажет, қалыптасқан салалардың жай қызмет етуіне қарсы тұрып, қарама-қайшылықты жеңіп, болашақта туатындармен бәсекелесе алатындай болу қажет» [9].
Сондай-ақ, АҚШ-тағы мемлекеттік басқару теориясының интенсивті дамуына әсер еткен қолайлы басқа да факторлар болды. Американдықтар сол жылдардың өзінде әкімшілік мемлекеттік басқару ғылымы мен жеке кәсіпкерлікті басқару ғылымын шендестіру мүмкін және қажет деп есептеді. Әкімшілік ұйымдастыру, персоналды басқару, бюджеттік техника, адами қарым-қатынас, ұйымдастыру теориясы курстары өзін мемлекеттік қызметке дайындағандар және болашақта жеке бизнестің іскерлік әкімшілік кадрын толықтырушылар үшін де АҚШ-тың көптеген оқу орындарында оқытылды. Бұл пәндерді оқытудың аудиториясы үлкен болғандықтан, көптеген профессорлар, олардың оқулықтары, зерттеу жұмыстары пайда болды. Мұның бәрі мемлекеттік басқару теориясының дамуына негіз болды.
Бәріне ұқсас тағы бір факторды атайтын болсақ, американдықтар мемлекеттік басқаруды зерттеудің тәжірибелік мәніне үнемі үлкен көңіл бөлген: олардың ғылыми әзірлемелері тәжірибелік ұсыныстан құралды, негізделген реформалардың жобалары ұсынылды. Мұндай мемлекеттік басқаруды утилитарлық зерттеу әдістері ғылыми жұмыстарды жүргізу үшін мемлекеттік және жеке қаржыландыру көздерін тартуға мүмкіндік берді.
1920-1950 жылдары мемлекеттік басқару теориясының кең танылған бағыттары болып классикалық мектеп және адами қатынастар мектебі танылды. «Классиктердің» жарқын өкілдері болып А. Файоль, Л. Уайт, Л. Урвик, Д. Муни, Т. Вулси табылады [10].
Классикалық мектептің мақсаты – кәсіби мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудың алдыңғы қатарлы қағидаларын жасау болып табылады. Классиктердің көбі дерлік осы қағидаларды ұстану әртүрлі мемлекеттердегі мемлекеттік әкімшілікте жетістіктерге әкеледі деп тұжырымдады. Классикалық мектебінің бағытын ұстанушылар мемлекет ісінің әлеуметтік аспектілеріне аса мән бермеді. Олар басқарудың ұйымдастырылуына кең перспективалық көзқараспен қарауға тырысты, мемлекеттік ұйымдастырудың жалпы сипаттамасы мен заңдылықтарын анықтауға тырысты.
Соған қоса, олар бизнестегі басқаруды ұйымдастырудағы ғылыми менеджментті немесе факторлар теориясын тиімді пайдаланды. Бұл теорияда Ф. Тейлор, Г. Эмерсон және Г. Форд басқаруды факторлар комбинациясының нәтижесінде әрекет ететін және солардың көмегімен айқындалған мақсатқа ресурстардың минималды шығынын пайдалана отырып, максималды тиімділікпен жетуге болатын механизм ретінде қарастырды [11]. Осы идеялардың барлығын «классиктер» мемлекеттік әкімшілікті зерттеуде пайдаланды.
Француз ғалымы А. Файоль басқарудың осы кезеңіндегі «классиктердің» көрнекті өкілі болып табылады. Оның әкімшілік теориясы 1916 жылы жарық көрген «Жалпы және өндірістік басқару» кітабында жарық көрді. Файоль Париждегі әкімшілік зерттеу орталығын басқарды. Ол өзінің тұжырымдалған қағидаларының әмбебап және тәжірибелік негізде де барлық салада: экономикада, басқару қызметінде және ұйымдарда, әскерде және флоттарда қолданылатынын дәлелдеді.
19ғ. аяғында-ақ Анри Файол басқарудың негізгі 5 түрлі қызметін анықтады, яғни ғылыми басқаруға классикалық анықтама берді: «Басқару – бұл болжау, ұйымдастыру, иелік ету, бақылау және үйлестіру; болжау, яғни әрекет ету және бағдарлама жасау; ұйымдастыру, яғни ұйымның екі – материалды және әлеуметтік организмін жасау; иелік ету, яғни персоналды тиісті жұмысты істеуге мәжбүрлеу; үйлестіру, яғни байланыстыру, топтастыру, барлық әрекеттер мен талпыныстарды үйлестіру; бақылау, яғни барлығы ережеге және берілген бұйрыққа сай болуын қамтамасыз ету» [12]. Ал, қазіргі күні басқару процесінде қоршаған орта, бәсекелестік, әлеуметтік және экономикалық талаптар сияқты факторлар ескерілуі қажет.
Файоль ғылымның алтын қорына енген басқарудың он төрт жалпы қағидасын тұжырымдады:
1) еңбек бөлінісі (барлық іс-әрекеттер мен назар аударылуы тиіс объектілердің санын азайтады, бұл өндірісте сан мен сапаның өсуіне әкеледі);
2) билік (бағынушыларға билік ету құқығы. Билікті жауапкершіліксіз елестету мүмкін емес, яғни оның іс-әрекетін жүргізіп отыратын - санкциясыз, марапатсыз, жазалаусыз. Жауапкершіліктің өзі биліктің тірегі, оның қажетті қосымшасы және шынайы нәтижесі);
3) биліктің бірыңғайлығы (белгілі бір іс-әркетке қатысты кызметкерге бұйрықты тек бір ғана жетекші береді);
4) басшылықтың бірыңғайлығы (бір мақсатты көздеген операциялардың жиынтығы үшін бір жетекшінің және бір бағдарламаның болуы);
5) жеке қызығушылықтың жалпы қызығушылыққа бағынуы (ұйымда қызметкерлер мен қызметкерлер тобының жеке бас қызығушылығы азаматтар мен азаматтар тобының қызығушылығынан жоғары тұруы керек);
6) дисциплина (бой ұсыну, талап ету, қызмет ету, өзін ұстау тәртібі, сыртқы сыйлау белгілері);
7) қызметкерлерге сыйақы беру (персонал мен кәсіпорынды, жалдаушы мен қызмет етушіні барынша қанағаттандыру және әділ болу, пайдалы ынтаға құзырет ете отырып ынтаны көтермелеу);
8) орталықтандыру (басшылықтың тенденциясына және міндеттемелеріне қатысты қабылдануы және бас тартылуы тиіс, іс орталықтандыру сатысына алып келеді, бұл кәсіпорын үшін тиімді);
9) иерархия (жоғарыдан төменге дейінгі басшылық қызметтер қатары);
10) тәртіп (кез-келген тұлға үшін және әрбір тұлғаның өз орнын айқындайтын орын);
11) әділдік (қызметкерді өз қызметін атқарудағы талпынысы мен адалдығын мадақтау үшін оған мейірбандылықпен қарау; әділдік мейірбандылық пен шыншылдықтың нәтижесі);
12) қызметкерлердің тұрақты құрамы (кадрлардың тұрақсыздығы біруақытта атқарылатын істің теріс нәтижесі мен себебі болады);
13) инициатива (ұсыныстар еркіндігі мен жоспарлардың жүзеге асуы);
14) қызметкерлердің бірлігі (қарым-қатынас үйлесімділігін бұзбай әрқайсынының еңбегін марапаттау, осылайша барлығының мүмкіндіктерін пайдалану кәсіпорынның қуаттылығын анықтайды).
Классикалық мектептің жасаған басқару қағидалары екі аспектіні қозғайды: оның бірі – мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін негіздеу; екіншісі – ұйымдастырудың құрылымын жасауға қатысты. Классикалық теорияның барынша маңызды істерін келесідей қорытындылауға болады: дәстүрлі дағдылардың орнына ғылымды пайдалану, қарама-қайшылықтың орнына үйлесімділік, жеке жұмыс істеудің орнына бірлескен, әрбір жұмыс орнында максималды өндіріс.
Классикалық мектептің мемлекеттік басқару жүйесі жоғарыдан төмен қарай иерархиялық ұйымның сызықтық – функционалдық басқару түрі. Мұндай модель тұрақты әлеуметтік ортада және басқару ісінің бірыңғайлығында және жағдайында тиімді. Ол әлі күнге дейін мемлекеттік басқару әртүрлі деңгейінде өз орнын табуда.
Классикалық мектеп өкілдері (А.Файоль, Л.Уайт, Л.Урвик, Т.Вулси) мемлекеттік басқару жүйесі – бұл әрбір қызмет категориясының нақты функциясын анықтау мен тәртіпке келтірілген, сатыланған ұйым, деп қорытындылаған.
«Адами қатынастар» мектебі немесе неоклассикалық мектеп 30 жылдары пайда болды, өкілдері М.Фоллет, А.Маслоу, Э.Мэйо, У.Мэрфи. Олар ұйымдастырудың нәтижелілігін арттырудың негізгі элементі – адами қатынастар деп есептеді, негізгі назар психологиялық факторларға бөлінуі қажет деп айтты [13]. Адами қатынастарға көшу классикалық мектептің қабілетсіздігіне жауап ретінде адами факторды ұйымдастырудың тиімділігінің басты элементі ретінде қабылдауы болды. Бұл мектеп классикалық мектептің қабілетсіздігіне қарсы пайда болғандықтан, оны неоклассикалық мектеп деп те атайды.
Кейінгі зерттеулер қызметкерлердің арасындағы жақсы қатынас әкімшілік ұйымдастырудың еңбек өнімділігінің ұлғаюына автоматты түрде әкелмейтінін көрсетті және қызметкерлерді жоғары жетістіктерге жетуге бағыттайтын мотивация ғана жай қанағаттанарлық жұмысқа қарағанда маңызды рөл атқаратындығын дәлелдеген. Адами қатынастар қозғалысының барысында мемлекеттік басқару теориясында қолданылатын әртүрлі мотивациялық модельдер жасалды.
Бұл зерттеулерде жеке тұлғалардың және топтардың шынайы әрекеті мемлекеттік шешімдер шығаруда және қабылдауда маңызды екенін көрсетті. Сол кезде саяси басқару саласында кейнстік идея танымал болды. Әйгілі ағылшын экономисі Дж.М.Кейнс «Жұмыспен қамту, пайыз және ақшаның жалпы теориясы» атты (1936ж.) еңбегінде экономиканы мемлекеттік реттеудің концепциясын ұсынды. Кейнстік ілім бойынша, мемлекеттік саясаттың негізі экономикалық құлдыраумен және жұмыссыздықпен күресуден тұру қажет, - деді. Бұл ең алғашқы дағдарысқа қарсы мемлекеттік саясаттың моделі болып табылады.
Мемлекеттік басқарудың кейнстік моделі келесі қағидалардан тұрады:
1. мемлекет экономиканы нарықтық қатынастардағы келеңсіздіктерден алып шығып, реттеу үшін бірнеше шаралар кешенін жүзеге асыруы қажет;
2. әлеуметтік жарылысты ескере отырып, мемлекет салық салу арқылы қаржыны білім беру мен денсаулық сақтау саласына жұмсайды;
3. экономикалық құлдырау кезінде жеке сұраныстың жетіспеуінің орнын жабу мақсатында тауарлар мен қызметтерді сатып алуға кеткен мемлекеттік шығындарды көбейту жолымен және құлдырау кезінде жоғары болуға болмайтын банктік пайыз мөлшерлемесіне әсер ету жолымен дағдарысқа қарсы реттеу инвестицияның өсуіне әкеледі;
4. айналымға қосымша ақша шығарылса бюджет тапшылығы мен төмен инфляция болу мүмкіндігі;
Кейнстің идеясы бүгінгі күні де нарықтық экономиканы мемлекеттік реттеуде қолданылады.
Мемлекеттік басқару теориясының үшінші кезеңі 1950 жылдары басталып, ХХ ғасырдың соңына дейін жалғасты. Бұл кезеңнің басты бағыттары деп мінез-құлықтық, жүйелік және ситуациялық тәсілдерді атауға болады. Мінез-құлықтық ғылымының мектебі жеке тұлғалар арасындағы қатынасты жақсартуға тырысқан адами қатынастар мектебінен өзгеше болды. Жаңа әдіс мемлекеттік қызметкерлердің өзінің жеке мүмкіндіктерін мемлекеттік құрылымдарда мінез-құлық ғылымының тұжырымдамалары негізінде қолдануға үлкен деңгейде көмектесуге ұмтылумен ерекшеленеді. Бұл мектептің негізгі мақсаты – оның адами ресурстарының тиімділігін арттыру есебінен мекеменің тиімділігін арттыру болып табылады.
Біздің елімізде мемлекеттік басқару теориясы негізінен мемлекет пен құқық ілімі ретінде дамыды. 18ғ.-19ғ. басындағы Тәуке ханның заңдары жөніндегі ақпарат осы ғылымның бастамасы. Ұлы даланың аса ірі мемлекет басшысы – ханы, заманының ірі реформаторы дарынды қолбасшы, қазақ елін бір орталықтан басқаратын мемлекет құрған, көзі тірісінде «Әз Тәуке» (діни ұғым бойынша Құдайдың нұры түскен - дана, данышпан адам) атанған, билігін қырғыздар мен қарақалпақтарға да жүргізген, қазақ мемлекетінің құқықтық парламенті – «Билер кеңесін» құрған Әз Тәуке хан.
XVII ғасырдың екінші жартысында «Қазақ хандығының» ішкі және сыртқы қал-ахуалы сын көтермейтін тым ауыр жағдайда болатын. Ішкі жағдайда ру-тайпалардың жайылымға таласып, бір-бірімен қырқысуы толастамай, билікке деген сұлтандар мен төрелердің сепаратистік іс-әрекеттері өршіп тұрды. Тәуке хан өз кезегінде Қазақ хандығының ішкі және сыртқы жағдайында орын алып отырған солқылдақтықты еңсеру жолында қаранарға жүк болардай талай істің басын қайырды [14; 15].
Тәуке хан заманында Қазақ хандығына сырттан ең үлкен қауіп шығыстағы Жоңғар мемлекетінен төнген. Тәуке хан Жоңғар мемлекетіне қарсы күресте Қазақ хандығының ішкі әкімшілік, соттық, әскери, құқық салаларына кешенді реформалар жүргізді. Тәуке хан реформасының үлкен жемісі билер кеңесі қабылдаған «Жеті Жарғы» заңы еді. «Жеті Жарғы» заңында сол кездегі Қазақ қоғамының барлық ерекшеліктері ескерілді. «Жеті Жарғы» заңы Қазақ хандығының әкімшілік жүйесіндегі тайпа және ұлыстарға билік жүргізуші сұлтандар мен төрелердің билігін шектеп, қарапайым халықтан шыққан би-батырларды ел басқару ісіне араластырды. Әрбір ру-тайпаның көшіп-қонатын көктеу, жайлау, қыстау, күзеу жайылымдарын белгілеп, трайболистік қақтығыстардың алдын алды. Ұшса құстың қанаты талатын ұлан ғайыр аймақты бір орталықтан басқару үшін, қазақ сахарасын үш қанатқа бөліп, ұлыс бегі сұлтандарды тайдырып, ру-тайпа мен ұлыстар арасындағы дау-дамайды шешуге қара қылды қақ жарған әділ билерді тағайындады. Мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы құзіретті органы жыл сайын белгіленген уақытта өтетін құрылтайдағы билер кеңесі болып табылды. Мемлекеттің ішкі жағдайындағы әкімшілік мәселелермен бірге азаматтық, қылмыстық істерді реттеу негіздері және би-батыр, ақын-жыраулардың атқарар қызметіне қарай құқықтық статусы белгіленді. Билер кеңесі шығарған шешім бойынша қазақ әскері ондыққа, жүздікке, мыңдыққа, түменге бөлініп, тиісті дәрежесіне қарай батырлар жүзбасы, мыңбасы, түменбасы болып тағайындалды. Сонымен қатар, тікелей Тәуке ханға бағынатын шекара аймақтарда күзететін және Хан ордасына мәлімет жеткізіп тұратын барлаушылар қосыны құрылды. Тосын жағдайдағы мәліметтің Хан ордасына шұғыл жетуі үшін әрбір 5-7 шақырым сайын биік төбелер үйіліп, от қойып белгі беру үрдісі қалыптасты. Сондай-ақ, Хан ордасының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мың қаралы шамасында төлеңгіттерден арнайы жасақ құрылады. Соғыс жағдайында Қазақ армиясының бас қолбасшысы міндетін Тәуке ханның өзі атқарды. Ел қауіпсіздігі үшін өте күрделі жағдайда соғыс дабылы қағылып, ақын-жыраулар сауын айтып, төрт қаруы сай әрбір қазақ жауынгері белгіленген ту астына жиналуы тиіс болатын. Осындай жүйелі әскери тәртіптің негізінде Тәуке хан Жоңғармен болған соғыстарда 80 мың әскерді бір мезгілде жинап үлгеретін [16].
Тәуке ханның өз дәуірінің алғы шарттарына сай жүргізген реформасы, елдің бірлігі мен тыныштығын ғана қамтамасыз етіп қойған жоқ, сол кездегі Қазақ хандығын бірнеше рет жұтып жіберуге шапшыған Жоңғар аждаһасының меселін қайтарды. Атап айтар болсақ, 1697-1704 жылдары Жоңғар шеріктерінің жасаған жойқын шабуылдарына тойтарыс беріп, Жоңғар тауынан асыра қуып тастады. Жоңғармен болған соғыстардың бәрінде Әз-Тәуке Қазақ қолының басы қасында жүрді.
Сондықтан да, халық Әз-Тәуке хан дәуірін:
Тәуке болып ханымыз,
Рахат тауып жанымыз,
Он сан алаш бірігіп,
Ойран болды жауымыз – деп, жырлады.
Әз-Тәуке ханның Жеті-жарғы заңы қазаққа не берді? дегенді қысқаша түйіндейтін болсақ: біріншіден, Әз-Тәукеның Жеті-жарғы реформасы киіз турылықты қазақ пен қырғыз және қарақалпақтың біртұтастығын қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, күнделікті тіршілікте ар-ұят ұғымы басты құндылық болып табылды. «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы», «Ердің құны жүз жылқы, ары мың жылқы» деген ұғымдар халықтың қалыпты заңдылығына айналды. Екіншіден, жұртшылық, ағайыншылық, ат майы, қызыл көтеру, асар, қонақжайлық т.б. институттармен молшылықты, байлықты бөліп беруді бекітті. Үшіншіден, ру мүшесі жасаған қылмысқа бүкіл ру болып жауап беру қағидасы енгізілді. Ру – бір организм ретінде қабылданып, оның мүшелері тірі клеткалар болып табылды. Ру мүшесінің әнтек қылығы бүкіл рудың атына кір келтретін ұғым ретінде қарастырылды. Төртіншіден, көшпенділерде өртеп жіберу, денесін мидалап өлтіру, дене мүшелерін кесу, қазыққа отырғызу сияқты жазалардың қолдануына жол берілмеді. Оның орнына құн төлеу нормасы бекітілді. Егер құн төлеушінің шамасы келмесе, ру болып бодау төлейтін. Бесіншіден, экзогамия, яғни, этностың өзін-өзі қан араласуынан сақтап қана қоймай, сонымен қатар қазақ мемлекетінің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтап, қамтамасыз еткен күшті және ақылды ұрпақты қалыптастырды.
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:
1. Вебер М. Политика как призвание и профессия //Избр. произведения. М.: Прогресс, 1990. С.665.
2. И.А. Василенко. Административно-государственное управление в странах запада: США, Великобритания, Франция, Германия.-Москва.: «Логос», 2001.
3. Гумплович. Л. Общее учение о государстве / СПб., 1910.- с.47.
№3 Лекция тақырыбы. Мемлекеттік басқару жүйесінің ғылыми негіздері
1. Мемлекеттік басқару жүйесінің құралы мен міндеттері
2. Мемлекеттік басқару формалары
3. Мемлекеттік басқару мектептері
4. Экономикадағы әр түрлі мемлекеттік сектор үлесі бар шаруашылық жүргізу моделі
5. Дамыған шетелдегі мемлекеттік басқару тәжірибесі
Достарыңызбен бөлісу: |