Машықкерлік тәжірибемде оқыту барысында алдыма қойған мақсатым: - рухани бай, жан-жақты, түсінігі мол, өзін-өзі басқаруға, бір-бірінің пікірін тыңдап, бағалай білуге қалыптастыру;
- қазақ тілі сабағында оқушылардың қабілетін арттыру және дамытудың тиімді әдісін қалыптастыра білу;
- ойын ажарлап ашуда тіл шеберлігіне мән беру;
- қосымша әдебиеттер оқып, білімді күнделікті толықтыру;
- «сенің қолыңнан келеді», «сенен үміт күтеміз» деген сөздермен үнемі шабыттандырып отыру;
- үй тапсырмасын беруде оқушы бейімділігін, қабілетін ескеру.
Өзім жүргізетін сабақтарда оқушыларға бес түрлі деңгейде тапсырма беремін.
Оның бірінші деңгейінде мәтінді түсініп оқып, мазмұнын айта білу;
Екінші деңгейінде мәтін ішіндегі синоним, омоним, антонимдерді тауып, дәптерге тіркеу;
Үшінші деңгейінде синоним, омонимдермен сөйлемдер құрастыру;
Төртінші деңгейінде мәтінге деген өз көзқарасы, оны өз ойымен аяқтау, баға беру;
Бесінші деңгейінде мәтінге байланысты өз шығармашылығы бойынша жұмыстар жүргізу. Міне, осы әдістерден кейін тапсырмаларды орындау -шығармашылық жұмыстың бастамасы болмақ.
Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың шығармашылық қабілеттерін арттыруда мына жолдарды есте ұстанған жөн: 1. Сабақты халық педагогикасымен ұштастыра отырып оқыту.
Оқыту мен тәрбиенің қайнар көзі - халықтық педагогика. Балаларды халықтық салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты қастерлеп, құрметтеуге үйреткен, тәрбиелеген абзал. Халық педагогикасының түрлерін сабақта пайдалану - оқушылардың сабаққа қызығушылығын, белсенділігін, шығармашылық қабілетін дамытуда өте тиімді екені мәлім;
2. Өнермен байланыстыра оқыту. "Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі" (Мұхтар Әуезов).
Көркемөнердің бір саласы болып келетін әдебиет пәнінің де, қазақ тілі пәнінің де басты құралы - сөз өнері. Ендеше "Әдебиет, қазақ тілі мен өнерді" байланыстыра оқытуды жүйелі түрде сабақ барысында қолдану нәтижесі жоғары жетістіктерге жетелейді;
3. Пікірталас түрлерін пайдалана отырып оқыту (пікір алмасу, ойталқы, ойкөкпар, пікірсайыс, т.б). Пікірсайыс сабақтарын өткізу үшін алдымен жақсы жағдаят бола алатын тақырып таңдалғаны жөн. Тақырып сәтті таңдалған уақытта оқушылардың этикалық-эстетикалық талғамын оятып, сезіміне әсер етіп, білім іскерліктерін, шығармашылық мүмкіндіктерін дамыта аламыз.
4. Сыныптан тыс шығармашылық жұмыстарды өткізу (Мысалы: "Қазақ тілі көшбасшысы" зияткерлік сайысы, грамматикалық ойындар, «ыстық орындық» ойыны, т.б.). Осы орайда оқыту үдерісін ұйымдастыру, дәстүрлі, дәстүрлі емес түрлерін қолдану, сыныптан тыс жұмыстардың әсерлігін арттыру — оқушы қабілетін анықтауға негізделген маңызды әрекеттер екені сөзсіз.
5. Ғылыми-зерттеу жұмысына баулу, бағыттау. Оқушыларды ғылыми жұмысқа баулудың басы оларды өз беттерімен орындалатын зерттеу, іздендіру бағытындағы тапсырмаларға төселдіруден басталады.
Шеберлік - сөздің орнын таба білу. Әрбір сабақ басталар алдында оқушыны қызықтырып әкететіндей кіріспе ойлап табу керек. Бейнелі сөздер, қызықты мәлімет, тартымды үзінді оқу мұғалімнің шеберлігіне байланысты.
Біздің мақсатымыз - мұғалімді тыңдап қана отыратын, сұрасаң ойын емес, бойын көрсететін оқушы емес, керісінше, өз пікірін ашық айтып, тыңдаушысын нандыра алатын, ана тілінің асыл маржандарын өз шығармашылығында қолдана алатын жеке тұлға, азамат даярлау. Шығармашылық қабілетті дамыту мәселесі қай кезде де ойшылдар мен ғалымдардың назарындағы нысан болып келеді. Психологтар шығармашылық қабілетті дамытуды тұлғаны дамытудың ең басты тетіктерінің бірі ретінде қарастырады, өйткені шығармашылық іс-әрекеттің нәтижесі оның қайталанбайтындығымен, бірегейлігімен ерекшеленеді.
Қазақ тілі сабағында оқушыларды шығармашылық жұмыстарға жетелеуде жазба жұмыстарының маңызы зор. Жазба жұмыстары - оқушының іс-әрекетіне негізделген ой еңбегі, шығармашылық ізденісінің жемісі, білімінің көрінісі. Қазақ тілінде жазба жұмыстары арқылы шығармашылық жұмыстарға қол жеткізу - мұғалімнің де шеберлігін талап ететін өнімді ізденіс. Қазақ тілінде жүргізілетін жазба жұмыстарының мақсатын профессор А.Жапбаров төмендегіше көрсетеді: «Жазу жұмыстарын жүргізудегі басты міндет - шәкірттерді кітаппен жұмыс істей алуға, өздігінен іздене білуге, өмірден көрген, тұшынған мәселелерге байланысты пікірін дұрыс жеткізіп, ой-түсінігін, сезімдік әсерлерін нақты тұжырымдап жаза алуға үйрету болуға тиіс».
Тілді оқытуда жүргізілетін жазба жұмыстары оқушылардың жазылым әрекетін қалыптастырады. Осы әрекетті орындау үшін жазба жұмыстарының бірнеше түрлері қолданылады. Жазба жұмыстарының түрлеріне жаттығулар, түрлі мәтіндер, диктант, мазмұндама, шығарма, т.б. жатады. Жазба жұмыстарының бұл түрлері өтілген әр тақырыптың ыңғайы мен мазмұнына сәйкес белгіленіп, оқушылардың теориялық білімдерін нығайту, шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында жүргізіледі, яғни, жазба жұмыстары бұрын өтілген грамматикалық материалдарды оқушылардың санасына тұрақтандырып, ақыл-ой әрекеттері арқылы тиянақты меңгеруге бағытталады.
Оқушылардың шығармашылық әрекеті мен танымдық қабілеттерін арттыруда мәтіннің алатын орыны ерекше. Мәтіндерді оқу, талдау барысында оқушылардың оқиғаға қатысты өз ойларын жеткізулеріне, әңгіме кейіпкерінің қылықтарын бағалай білуіне, автордың оқиғаға қатысы, көзқарасы қандай екендігін анықтай алуына назар аударылуы тиіс.
Жаттығулар мақсатына қарай тіл дамыту, тіл ұстарту, сөз мәдениеті құралдарын қолдану жаттығулары деп, ал тапсырмалар сипатына қарай ізденімдік, проблемалық және шығармашылық болып бөлінеді.
Проблемалық және шығармашылық тапсырмалар оқушылардың ойлау, танымдық, қатысымдық қабілеттерін дамытуға бағытталады. Бұл жұмыстарда мәтіндерді редакциялау, мәтін бойынша өзгеше нұсқа құру, эссе, шағын шығарма жаздыру секілді жұмыстармен қатар жоба жасау, проблемалық жағдаяттарды шешу, сөзжұмбақтар және т.б. әрекеттер қамтылады.
Жазба жұмыстарының ішінде оқушылардың өзіндік ойын, тілін қалыптастырудағы жұмыс түрі шығарма болып табылады. Ол - оқушылардың шығармашылық еңбегі.Оқушыға шығарма жазғызудағы мақсат - оның ойын, пікірін әдеби тілмен жатық, сауатты жаза білуге және шығармашылық ізденіске баулу, логикалық ой өрісін кеңейтуге машықтандыру.
Көркем мәтінді меңгертуде жиі қолданылатын жазу жұмыстарының бірі - мазмұндама. Мазмұндама жаздыру арқылы оқушылар оқыған мәтінді қабылдап, сол қабылдағандарын қайта жаңғыртуға тиіс және естерінде қалған мәліметтерді өз сөздерімен жазып беруге дағдыланады, сөз тіркесін құру, сөйлем құрау шеберлігіне жаттығады. Мазмұндама жазу арқылы бірқатар сөз тіркесі мен сөйлемдер, бейнелі сөздер оқушының есінде қалады, оқылған мәтінді қайта жаңғырту үшін сөздер мен сөйлемдерді бір — бірімен байланыстыруға жаттығады.
Мазмұндама жаздыру- оқушылардың тілдік материалдарды орынды қолдана білуге, жазбаша сөйлеудің ерекшелігі мен мәтіннің синтаксистік құрылысын меңгертуге, ең бастысы - қайта жасау қиялын дамытуға игі ықпал етеді. Осындай білім дағдыларын қалыптастыруда мазмұндаманың мынадай түрлерін жүргізуге болады: дайын мәтін бойынша мазмұндама, сурет бойынша мазмұндама, аяқталмаған мәтін бойынша мазмұндама. Жазба жұмыстары оқушылардың танымдық белсенділіктерін, ойлау жүйесін арттыруға көмектеседі. Жазба жұмыстарынан әр баланың өзіндік көзқарасы, эстетикалық және адамгершілік танымы, эмоциясы, пікірі, талдау, қорытындылау, салыстыра білу және одан қорытынды жасау қасиеттері байқалып тұруы қажет.
1.Шығарма жаздыру – дәстүрлі оқытуда да, тәжірибеде де ежелден келе жатқан әдіс. Оқытуды технологияландыру кезеңі оныњ тың жолдарынан, ұтымды әдістемесінен ізденуді талап етеді. Оқушылардың өз бетімен жұмысына негізделген шағын шығарма түрлері арқылы оқушының өз бетімен жұмыс жүргізуі – сол тың жолдардың бірі.
Оқушылардың өзіндік орындайтын жұмыстарының ішінде шығарма басты орын алады. Шығармадан оны жазған жеке оқушының өзіндік даралығы: жазып отырған тақырыбына көзқарасы, түсінігі, ой-пікірі, бұларды өзінше дәлелдеп жеткізу ерекшелігі айқын танылады. Оқушылардың өз бетінше жұмыстарында шығарма жұмыстары тақырыбы жағынан дұрыс таңдалып алынатын болса, оның оқушылар үшін білімдік те, тәрбиелік те маңызы зор.
Шығарма жазу оқушылардың шындыққа нақты қатысын қалыптастырады, еңбек үсінде өздерінің ой өрісін, тіл байлығын, шамаларын байқауына жағдай жасйды. Өз күшіне сенімін арттырады. Сонымен бірге шығарма мұғалімнің оқушының жеке басын: ерекшелігі мен икемділік қабілетін т.б. тануын да үлкен мүмкіндік береді.
2. Диктант жаздырту. Диктант дәстүрлі оқыту үрдісінде де ежелден келе жатқан жазба жұмыстардың бір саласына жатады. Диктанттың бірнеше түрі іс-тәжірибеде пайдаланылып келеді.
Олар: терме диктанты, бақылау диктанты, көру диктанты, түсіндірмелі диктант, сөздік диктанты, өздік диктанты, ескерту диктанты, ерікті диктант, шығармашылық диктант.
Диктанттарды жүргізудің басты мақсаты төмендегідей сараланады:
1) қазақ тілінен алған білімдерін тәжірибеде пайдалана білу дағдыларын жетілдіру;
2) сауаттылыққа, жазу мәдениетіне баулу;
3) көркем мәтін негізінде әдеби тілдерін ұстарту;
4) білімді өз ізденістері арқылы алу, өзін-өзі тану іс-әрекеттерін ұйымдастыру;
5) тіл дамытуға негізделген шығармашылық диктанттар технологиясын жетілдіру. [6,79]
Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту жұмыстарын қазақ тілі сабағында түрлі тапсырмалар, ойын түрлерін жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Сондай тапсырмалардың бірі «Сөйлемдерді толықтырып жазу». Бұл тапсырманы орындау үшін бір тақырып аясында бірнеше қысқа сөйлемдер беріледі. Сол сөйлемдерді толықтыру мақсатында бірнеше сұрақтар беріледі.