Лекция №19
Тақырыбы: Дүние жүзілік саясат және халықаралық қатынастар.
(1 сағат)
Жоспары:
1. Дүние жүзілік саясат ұғымы.
2. Халықаралық қатынастар жүйесі.
3. Халықаралық қатынастар субьектілері ( мемлекет, халықаралық ұйымдар ).
4. Халықаралық қатынастардағы қажеттіліктер мен мүдделер, нормалар және
құндылықтар.
5. Халықаралық қатынастардың типтері мен түрлері.
6. Геосаясат
7. Халықаралық, қатығыстардың себептері,олардың түрлері,салдарларды,алдын алу
және шешу тәсілдері.
8. Қазақстан Республикасы сыртқы саясаты, оның көпбағыттылық сипаты.
Лекцияның мақсаты:
Студенттерге дүние жүзілік саясат ұғымы, халықаралық қатынастар жүйесі, халықаралық қатынастар субьектілері ( мемлекет, халықаралық ұйымдар ), халықаралық қатынастардағы қажеттіліктер, мүдделер, нормалар, құндылықтар, халықаралық қатынастардың типтері,түрлері,геосаясат, халықаралық, қатығыстардың себептері,олардың түрлері,салдарлардыалдын алу, шешу тәсілдері, Қазақстан Республикасы сыртқы саясаты және оның көпбағыттылық сипаты туралы түсінік беру.
Лекция мәтіні:
1. Дүние жүзілік саясат ұғымы. Әлемдiк саясат деп мемлекеттердiң және басқа халықаралық субъектiлердiң әлемдiк саханадағы iс-әрекетiнiң жиынтығын айтамыз. Ол әлемдiк қауымдастықтың өмiрiне қатысты шешiмдердi шығару, қабылдау және оларды жүзеге асыруды, мемлекеттердiң түбегейлi мүдделерiне сәйкес ұстанымдар мен мақсаттарды қамтиды.
Халықаралық қатынастар тақырыбында жиi қолданатын ұғымдар- сыртқы саясат, халықаралық саясат, халықаралық қатынастар. Сыртқы саясатқа жеке мемлекеттердiң дүниежүзiлiк дәрежеде жүргiзген iс-әрекеттерi жатады. Халықаралық саясатқа мемлекеттiк не топтық мүдделердi жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттер, жеке адамдар және т.б. арасындағы қоғамдық қатынастар кiредi. Халықаралық қатынастар деп халықтар, мемлекеттер, мемлекеттiк жүйелер арасындағы дүниежүзiлiк деңгейде жүргiзiлген саяси, экономикалық, саяси күштер мен ұйымдардың өзара қатынастарының жиынтығын айтады.
Бұл ұғымда айырмашылықтары, бiрiншiден, халықаралық қатынас субъектiлерiнiң саны көбеюiне байланысты. Мысалы, сыртқы саясатты жеке мемлекеттер жүргiзедi. Ал, халықаралық саясатқа мемлекеттiк ұйымдармен бiрге саяси партиялар мен қозғалыстар, әлеуметтiк топтар мен жеке адамдар және т.б. мемлекеттiк емес ұйымдар қатысады. Екiншiден, халықаралық қатынастарда сыртқы және халықаралық саясаттардың негiзгi, түпкi бастамасы, принциптерi қаланады. Бұл бағыт, бағдарламалар сыртқы және халықаралық саясаттар арқылы нақтыланады және жүзеге асырылады.
Мемлекеттiң халықаралық қатынастардағы жағдайы, ондағы орны көптеген себептерге байланысты. Олардың iшiндегi ең маңыздысы- мемлекеттiң күшiнiң арақатынасы, арасалмағы. Көптеген жылдар бойы мемлекеттiң күшi оның әскери қуатында деп саналады. Сонымен бiрге, қазiргi таңда мемлкеттiң күшi көптеген көрсеткiштермен бағаланады. Оған мемлекеттiң жер көлемi, адам саны, табиғи байлықтары, өнеркәсiп және ауыл шаруашылық өндiрiсiнiң мөлшерi мен сапасы, мемлекет құрылысының сипаты, әлеуметтiк-саяси, ғылыми-техникалық, рухани, мәдени даму дәрежесi және т.б. кiредi.
Достарыңызбен бөлісу: |