Лекция жоспары: 1.Оқыту құралдары ұғымы және олардың жіктелуі
2. Оқулық оқу-әдістемелік кешеннің негізгі компоненті ретінде, оның дидактикалық қызметтері.
Лекция мақсаты: Педагогиканы оқыту құралдарын жіктеп талдау білімді меңгерту, білімгерлердің білімін жетілдіру, қызығушылығын арттыру.
Лекция мазмұны: Әдіс-тәсілдер мен оқыту құралдары тікелей байланысты. Оқыту құралдары – білім алудың, іскерліктерді қалыптастырудың көзі, сонымен қатар оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға арнайы әзірленген материалдық заттар, құралдар, құрылғылар.
Педагогиканы оқыту құралдары іс-әрекет субьектісіне, нысандар құрамына, оқу ақпаратына, оқытушы қызметін алмастыра алу мен оқушы әрекетін автоматтандыру мүмкіндігіне және т.б. негіздерге байланысты жіктеледі.
Іс-әрекет субьектісіне байланысты оқыту құралдары оқыту және оқу құралдары деп екіге бөлінеді.
Оқыту құралдарына: көрнекіліктің әр түрі, демонстрациялау құрылғылары, оқытудың ақпараттық құралдары, компьютер, электронды тақталар, жазу құралдары (бор, компьютерлік бұйрықтар, жарық сәулесі және т.б.) жатады.
Оқыту құралының бірі – оқытушы сөзі. Оқытушының сөйлеген сөзіне, ең маңыздысын баса айтып көрсетуіне, әр түрлі түсініктерді қалай беруіне байланысты студенттің материалды сапалы игеруі қатысты болады. Педагогика сабағында педагогика мазмұнының өзі қызықты ақпараттарға, фактілерге толы, оқытушы оны студенттерге эмоционалды боямалы түрде, мақал-мәтелдермен, теңеулермен қызықты етіп жеткізе білу қажет.
Оқытушының сөйлеуіне грамматикалық сауаттылық, нақтылық, әсерлілік, қысқалық, эмоциялық реңк секілді талаптар қойылады.
Оқу құралдарына оқулықтар, жұмыс дәптерлері, қалам, дидактикалық үлестірмелі материалдар, карточкалар, сызбалар, тірек коспектілер, зертханалық құрылғылар, дербес компьютер, жеке оқытудың ақпараттық құралдары, ғаламтордың оқу бағдарламалары, оқу-зертханалық жабдықтар, кестелер, модельдер, жиһаз, бұйымдар және т.б. жатады.
Нысандар құрамына қарай оқытудың материалдық және мұраттық (идеалдық) оқыту құралдарын жатқызамыз. Материалдық құралдарға: оқулықтар мен құралдар, кестелер, модельдер, макеттер, ақпараттық құралдар, компьютер, оқу-техникалық құралдар (ОТҚ), зертханалық жабдықтар, оқу орны, жиһаз, сабақ кестесі және т.б жатады.
Материалдық құралдар құрамында көрнекі құралдар ерекше орын алады. Олар үш топқа жіктеледі:
-көлемдік құралдар: модельдер, коллекциялар, құрылғылар, аппараттар және т.б.;
-баспа құралдары: суреттер, кестелер, портреттер, диаграммалар және т.б.;
-проекциялық материалдар: дискілер, кинофильмдер, бейнефильмдер және т.б.
Педагогика бойынша жаңа тақырыпты өту барысында әр түрлі үлгілер мен коллекцияларды қолдану мақсатқа сай келеді, оларды үш топқа бөлеміз:
-табиғи-заттық (нақтылы заттар, әр түрлі нысан макеттері, фотосуреттер, суреттер және т.б.);
-шартты графикалық бейнелер (сызбалар, проекция түріндегі көрнекілік бейнелер, эскиздер және т.б.);
-белгілік (таңбалық) (графика, диаграмма, символдар және басқа да белгілік жүйелер).
Мұраттық (идеалдық) оқыту құралдары – оқытушы мен студенттердің жаңа білімдерді меңгеру үшін қолданылатын бұрын меңгерілген білім мен біліктері болып табылады. Ойлау мұраттық (идеалдық) оқыту құралына жатады.
Поляк дидакты В. Оконь оқыту құралдарын оқытушының іс-әрекетін ауыстыру мен білім алушылардың әрекетін автоматтандыру мүмкіндігінің өсуіне байланысты жіктейді. Осыған сәйкес, оқыту құралдары екі топқа бөлінеді: жай және күрделі.
Жай құралдар:
сөздік: оқулықтар және басқа да мәтіндер;
қарапайым визуалды құралдар: нақтылы заттар, модельдер, суреттер және т.б.
Күрделі құралдар:
механикалық визуалды құралдар: кодоскоп, диапроектор және т.б.;
аудио құралдар: магнитофон, радио, музыка ойнатқыш;
аудиовизуалды: дыбысты фильм, ТВ, бейнежазба;
оқыту үдерісін автоматтандыру құралдары: мультимедиялық кабинет, компьютерлер, ақпараттық жүйе, телекоммуникациялық жүйе.
Оқыту құралдары компенсаторлық, адаптивтік, ақпараттық, интеграциялық және инструментальды деген бірнеше қызмет атқарады.
Компенсаторлық қызмет оқыту үдерісін жеңілдетеді, мақсатқа білім алушылардың ең аз күші мен уақытын шығындау арқылы жетуге болатынын көмектеседі.
Адаптивтік қызмет – педагогиканы оқыту үдерісінің қолайлы жағдайларда жүзеге асуын қамтамасыз етеді, демонстрациялауды, өзіндік жұмысты, оқып жатқан мазмұнды білім алушылардың жас ерекшеліктеріне сай ұйымдастырады, білімнің сабақтастығын жүзеге асырады.
Ақпараттық қызмет – педагогиканы оқытудың кейбір құралдары тікелей білім көзі болса, кейбірі жанама түрде берілуін қамтамасыз етеді (мысалы, проекциялық құрылғылар және т.б.).
Интеграциялық қызмет – педагогикалық құбылыстарды жеке және тұтастай қарастыруға және оқыту құралдарын, ақпараттық технологияны кешенді түрде қолдануда жүзеге асады.
Инструментальды қызмет белгілі бір іс-әрекет түрлерін қамтуға, алға қойған әдістемелік мақсатқа жетуге бағытталған. Ол техникалық қауіпсіздікті сақтауға және педагог пен білім алушылардың әрекеттерінің тең болуына, еңбек мәдениетінің тәрбиеге бағытталуына негізделген.
Оқыту құралдарына жіктеу жасаудың деңгейлік амалын көрсеткен С.А. Смирнов болды. Педагогиканы оқытудың мұраттық және материалдық құралдары педагогиканы оқытудың бүкіл жүйесінде, педагогика пәні аясында, педагогика бойынша оқу сабағының аясында кешенді түрде қарастырылады.
Педагогиканы оқыту құралдарына жекелей тоқталайық.