Лекция № 14. Тақырыбы: Педагогиканы оқу барысында білім алушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру.
Лекция жоспары: 1.Өзіндік жұмыстар - оқу материалын меңгерудің қажетті шарттары
2.Оқу сабақтарында өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру.
Лекция мақсаты: Педагогиканы оқу барысында білім алушылардың өзіндік жұмыстарын ұйымдастыру, болашақ мамандар педагогикалық дағдылар мен іскерліктерді меңгерту.
Лекция мазмұны: Колледж және жоғары оқу орнындағы оқытудың басты міндеті – өз бетімен жұмыс жасау, шешім табу, ойлау іскерліктерін дамыту. Кредиттік жүйе бойынша өзіндік жұмыстарға бөлінетің сағат санының көбеюі, білім алушының танымдық өзбетілігін және олардың әдебиет көздерімен жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады.
Педагогикалық жүйе ретінде қалыптасқан студенттердің өздігінен орындайтын жұмыстары олардың танымдық белсенділігін, шығармашылық қабілетін арттырып, оларды тиянақтылыққа, ұстамдылыққа, бастаған істі аяғына дейін жеткізуге тәрбиелейді. Шебер оқытушы өзіндік ойдың пайда болуына жағдай жасап, оны қолдайды, ойдың зияткерлік құқығын сақтайды, әрбір нәрсеге өз күшімен, еңбегімен, белсенді іс-әрекетімен жету дағдысын дамытады. Кітаппен жұмыс, кітапханада жұмыс, пікірталастар, өздік тәжірибелер, проблемалық міндеттерді шешу, ғылыми әдебиетті, журналдарды оқу, пікір алмасу, өлең, мақала, шығарма, баяндама жазу – бұл білім алушылардың қабілеттерін дамытуды қамтамасыз ететін еңбек түрлері. Сондай оқытудың бір түрі – студенттердің өздік жұмысы (СӨЖ).
СӨЖ-н жекелеу. СӨЖ үшін жеке тапсырмалар жасауда адамдардың интеллектуалдық сапаларынан шығу керек. «Жай ойлайтындар» бар, «жылдам қабылдайтындар» бар, «идеяны тудырушылар» бар, «идеяны орындаушылар» бар. Біреулер жеке жұмысты таңдаса, басқалары – ұжымда жұмыстануға бейім болып келеді. СӨЖ орындауда студенттерге өз мінез-құлқындағы кемшіліктерді жоюға көмектесу керек. Төмендегі ұсыныстар оқытушыларға түрлі сипатты студенттермен жұмыстануда жекелеу тұрғысын қолдануға мүмкіндік береді:
аудиториялық сабақтарды өткізгенде ӨЖ-тың белгілі бір минимумын барлық студенттердің орындауын қамтамасыз етуі тиіс, ал жақсы дайындығы бар білім алушылар үшін күрделі тапсырмалар даярлаған жөн;
СӨЖ-ның орындалуын міндетті түрде белгіленген уақыты бойынша тексеру қажет және оқытушының жеке кеңес беруі жоспарланғаны жөн. Бұнда студенттердің оқытушымен педагогикалық қарым-қатынас жасауы ерекше орынға ие;
СӨЖ-ның дұрыс орындалуы үшін оны орындау бойынша нақты әдістемелік нұсқаулар беру қажет. Семестрдің басында оқытушы бірінші сабақтан-ақ студенттерді СӨЖ-ның мақсатымен, құралдарымен, қиындық деңгейімен, орындалу уақытымен, бақылау және өзін-өзі бақылау формаларымен таныстырғаны жөн. ӨЖ кестелері төменгі курстарда қажет, ал жоғары курстарда – студенттерді өз жұмысын жоспарлауға үйреткен жөн;
кез-келген пән бойынша пратикалық сабақтардың үй тапсырмалары жинағында болуы тиіс: бақылауда берілетін тапсырмалардың барлық типтері; жоспарланған іскерліктерді меңгеру үшін қажетті ұғымдар, фактілер, заңдар мен әдістер тізімі; олардың ішінен жатқа білуі тиіс ұғымдар көрсетіледі;
тапсырмалар жинағы семестр басында беріледі, оны тапсырудың уақыты белгіленеді;
СӨЖ-на тапсырмалар екі бөлімнен тұруы мүмкін – міндетті және факультативті. Факультативті бөлігі дайындығы жоғары студенттерге арналған, оалрдың орындалуы қорытынды тексеруде ескеріледі;
Практикалық сабақтар барысында тапсырмаларды дұрыс және жылдам орындайтын студенттерді анықтау оңай. Оларға күрделендірілген жеке тапсырмалар беруге, СҒЗЖ-на қатысуға, дайындығы төмен студенттерге кеңес беруге болады.
СӨЖ-ын белсендендіру. СӨЖ-ын белсендендірудің түрлі тәсілдері педагогикалық әдебиеттерде қарастырылған және практика жүзінде қолданылып келеді. Олардың көп таралған түрлері:
Студенттерді ӨЖ әдістеріне үйрету: уақытты жоспарлау дағдысын қалыптастыру үшін СӨЖ-ді орындауда уақытта бағдар беру; өзін-өзі талдау және өзін-өзі бағалауға қажетті рефлексивті білім беру.
Болашақ оқу және кәсіби әрекеті үшін дәрісте, әдістемелік нұсқауларда, оқу құралдарында берілетін оқу материалын меңгеру қажеттілігін сенімді түрде көрсету.
Ғылым мен техникада қолданылатын шынайы талқылаулардың типтік тәсілдерін көрсететін материалды проблемалық ұсыну.
Теория мен практиканың бірмәнді байланысын орнату мақсатында заңдар мен анықтамалардың операциялық формулировкаларын қолдану.
Белсенді оқыту әдістерін (нақты ситуацияларды талдау, пікірталас, топтық және жұптық жұмыс, қиын сұрақтарды ұжымдық талқылау, іскерілк ойын) қолдану.
Пәннің құрылымдық-логикалық сызбасын және оның элементтерін жасау және студенттерді онымен таныстыру; видеоқатарды пайдалану.
Төменгі курс студенттеріне жан-жақты алгоритмі берілген әдістемелік нұсқаулар беру. Студенттердің өз бетімен жұмыстану дағдысын қалыптастыру мақсатында курстан курсқа көшкен сайын түсіндірмелі бөлігі азая береді.
Теориялық материалды, әдістемелік нұсқауларды және тапсырмаларды жинақтаған кешенді оқу құралдарын жасау.
Пәнаралық сипаттағы оқу құралдарын жасау.
Үй тапсырмаларын және зертханалық жұмыстарды жекелеу, ал топтық жұмыста – оны топ мүшелері арасында дұрыс бөліп беру.
Типтік тапсырмаларды күрделендіру.
Әрбір дәріс соңында дәріс легіне бақылау сұрақтарын беріп отыру.
Оқытушы көмегімен алдын-ала даярланған дәріс бөлігін (15-20 минут) студенттердің оқуы.
Үлгерімі жоғары студенттерге барынша көмек жасай отырып, «студент-кеңесші» мәртебесін бекіту.
Ұжымдық, топтық, жұптық жұмыс жасау әдістерін өңдеу және енгізу.