Лекция. Әдебиеттегі «көркем образ» және «образдылық»


- лекция. Типтендіру түрлері.( 2 сағат)



бет3/14
Дата15.12.2023
өлшемі98,3 Kb.
#139532
түріЛекция
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
3- лекция. Типтендіру түрлері.( 2 сағат)
Жоспар:1. Типтендірудің түрлері.
2. Типтендірудің ерекшеліктері.
3. Типтілік пен олардың көркемдік шарттары.
4. Типтіліктің көркемдік-танымдық маңызы.
Шындықты көркем жинақтау жайлы әр тарап пікірлер бар. Жинақтау дегеннің өзі – әдеби тип жасау әрекеті. Ал типтендіру турасындағы пікірлер тіпті қым-қиғаш. Типтендіру деген суреткердің іс жүзінде өмір шындығын өз дүниетанымы тұрғысынан белгілі бір уақыт пен кеңістікке, әлеуметттік орта мен дәуірге сай талғап-тануы, таңдап іріктеуі және жинақтауы, сол арқылы өзі жасап отырған көркем бейнені сомдауы, тұлғаландыруы, даралауы болып табылады. Мұның өзі сайып келгенде, әдебиетшінің әдеттегі әрекеті, яки, творчестволық процесс.
Типтендіру – мөлшерлі «сфераға» енетін, өлшеулі «формулаға» көнетін әрекет емес, ақиқат өмірдегі тірі кісілерден әдеби шығармадағы жанды бейнелер туғызудың аса қиын, күрделі және әрқашан тың, тынымсыз харекеті. Суреткер өзі жасаған көркем бейненің құны мен қасиетін қасаң қағидаға қарап белгілемейді, оның өмірдегі жанды дерегіне қарап бағалайды. Жазушыға тип жасау әрекетінің үстінде керегі – типтілік туралы «қисын» емес, тірі мүсін протатип.
Жинақтау үшін суреткерге, бәрінен бұрын, талғампаздық керек. Әдебеттегі адамның психологиясы іс-әрекетінің әр алуан бұралаң иірімдерін ғана емес, сол көркем бейнені жасауға керек өмірлік материалдардың өзін жазушы сұрыптап, саралап пайдаланады. Бұл ретте, мәселен, Хемингуэй әдеби творчествоны айсбергке балайды. Айсбергтің су бетінде көрініп тұрған бөлегі – су астында жатқан бөлегінің тек жетіден бірі ғана болады екен. Сол секілді қаламгердің белгілі бір көркем шығармада жазып көрсеткен жайларынан көрсетпеген жайттары әлдеқайда артық, көп болғаны жақсы. Шығармаға қажеті шамалы, «алып тастауға болатын нәрсенің бәрін алып тастай берген жөн, – дейді Хемингуэй, – олар су астына кетеді де, біздің айсбергімізді орнықтырып, нық бекіте түседі».
Бұл, әрине шартты айтылған пікір, бірақ талғампаздық тұрғысынан өте дұрыс қойылған талап. 1957 жылы «Абай жолы» эпопеясын талқылаудың қорытындысында М.Әуезов те көркем жинақтау жайлы, жинақтауға қажет талғампаздық туралы, әдебиеттегі адам бейнесін жасауға қажет, дәуірлік шындықты суреттеуге қажет материалдарды сұрыптап пайдалану жөнінде айта келіп: «Төрт том «Абай жолы» үшін жинап, жинақтап, және сұрыптап пайдаланған материалымнан әлі де дәл осындай төрт кітапқа жететін материал пайдаланылмай, артық қалды», – деп еді. Бұдан илануға әбден болады. Мұндай талғампаздық жоқ жерде жинақтау жоқ, демек, типтендіру де жоқ.
Сонымен, әдебиеттегі шындықты, яки, адам образын жасауға қажет өмірлік материалдарды жинақтау тек типтендіру тәсілімен ғана жүзеге асады. Мұның өзі типтілік проблемасы – әдебиеттің жалпы мәні мен маңызына жағалай теліне беретін жадағай, жалаң уағыз емес, жаппай жапсырыла беретін жамау емес, терең творчестволық сипаттағы орасан күрделі мәселе екенін аңғартады.
Шындық құбылыстарды типтендіре жинақтау арқылы суреткер болашақ образдардың немесе типтің жалпы бітімін, тұлғасын қалыптастырумен қатар оның ішкі ерекшелігін ашып, мінезін даралайды. Әрбір әдеби тұлғаны өз ортасынан адам ретінде бөлек, оқшау танытып тұратын, оның тек өзіне ғана тән, өзгелерде жоқ және қайталанбайтын психикалық ерекшеліктері болуы шарт. Суреткердің өмір шындығын жинақтау әрекеті әрқашан оның адам мінезін даралау әрекетімен ұласып, ұштасып жату себебі де сондықтан деп білу керек.
Суреткер үшін керемет қиын нәрсе «адамның жаны мен жүрегіндегі көзге ілінбес көп иірімдерді» (Гоголь) табу, тану және жазу. Сезімнің тілі – бір түрлі, тілсіз тіл. Сол тілсіз сезімге тіл бітіргендей, қағаз бетін адамның ішкі күйінің суретіне, құбылысына, қимылына айналдыру – суреткерден қаншалықты нәзіктікті, шеберлікті қажет ететіні түсінікті болуға тиіс. Көркем бейне, яки әдеби қаһарман дейік, я болмаса шығарма геройы не кейіпкері немесе персонажы дейік, бәрібір, осылардың бәрі – бір-ақ ұғым – образ. Бейнелеу – образдылық болса, бейне – образ. Әдебиеттегі адам, сөздегі сурет, шығармада өмір шындығын жинақтау, адам мінезін даралау, сайып келгенде, осылапдың бәрінің сарқып құяр сағасы біреу, ол – образ. Образ жасау – тек таланттыға ғана тән әрекет.
Жазушының өмірдегі ұсақ-түйек кездейсоқ жайлардан аулақ биік талғамы арқылы жинақтау және даралау әрекетінен әдеби бейне туады. Әдеби бейненің өмірдегі модельдерін өзгерте, құбылта, құлпырта келгенде суреткердің шығармасындағы әр кейіпкердің болмыс-бітімінде бір адамның емес, бір алуан адамның сыр-сипаты жатады. Сонда бұл белгілі әлеуметтік ортадағы бір топ адамның өкілі ретінде танылады. Тп сыры осында.
Типтендіру проблемасы секілді типтің де өзі тым кесек әрі күрделі нәрсе.Неге десеңіз, мінез, бітім, әрекет, ұғым, рух, парасат жағынан байыптап қарасақ, нағыз суреткердің қолынан туған әрбір әдеби тип – әрі әбден жинақталған, сондықтан өзі секілділердің бәріне ұқсайтын жалпы тұлға, әрі әбден дараланған, сондықтан өзінен өзге ешкімге ұқсамайтын жалқы тұлға. Демек, типтің түрі мен мазмұнында «жалпы» мен «жалқының» бірлігі жатыр. Оның көркем образ ретіндегі кесектігі де, күрделігі де осындай деп білу керек.
М.Әуезовтің «Абай жолында» ондаған, жүздеген кейіпкер бар; көбі – тип. Мысалға бір ғана Құнанбайдың өзі аса күрделі бейне. Әбден дараланған, бүкіл ішкі-тысқы бітімі өзінене өзге ешкімге ұқсамайды. Мінезі де ақыл-парасаты да ерекше, бірегей, бөлек. Бұл ретте Құнанбай – жалқы тұлға. Сонымен қатар, ол әбден жинақталған, бір Құнанбайда сол дәуірде өмір кешкен күллі құнанбайлардың бәріне ортақ мінез, бітім әрекет бар. Бұл ретте Құнанбай – жалпы тұлға, бүтін бір әлеуметтік ортаның әр қилы өзгешеліктерінің жиынтығы.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет