4. Дінтану ғылымы
Дін түрлері (Діндердің классификациялануы)
1. Дін Адам өмірге келгенде оны әке-шешесі, жақындары немесе өмір сүрген ортасы міндетті түрде бір сенім бойынша тәрбиелейді, өcіреді. Ол да өзінен кейінгі ұрпақтарын сол сенім бойынша тәрбиелеп, осылай дін ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады. Тарих бойында дін ауыстыратын қоғамдар да, адамдар да кездеседі, бірақ адам баласы діннен мүлдем қол үзіп кетпейді.
Адамзаттың өткен тарихына көз жіберсек, дінсіз, ғибадатханасыз (храм) не халық, не қауым, тіпті қоғам болмаған. Сондықтан ежелгі адамдардың дінсіз өмір сүрмегенін, өмірлерін бір сенім бойынша жалғастырғанын білеміз.
Қазіргі кездегі әлем халықтары түрлі діндерді ұстанады және діндерінің сенімдері, алға қойған мақсаттары әртүрлі. Осыған орай әлем діндерінде бір жүйелі сенім болмағандықтан, жалпылама дінге "адамның бір нәрсені қасиетті күш деп сенуі" деп анықтама беруге болады. Демек, дін дегеніміз - сенім. Себебі діндердегі ғұрыптар, рәсімдер, әмірлер мен тыйымдар осы сенімге бейімделеді.
Дін мәдениет, философия, психология, социология т.б. ғылымдармен тығыз байланысты. Тіпті ғылымдардың барлығы діннен шыққан десек те артық етпес. ¤йткені ежелгі дәуірлерде ғылым салалары адамзатқа беймәлім болғанда адамдар бір наныммен өмір сүрді. Ал бұл дін болып табылады. Виктор Кузин "барлық нәрсе діннен шыққан" деп осы пікірімізді қуаттайды.
Дiн – “жаза”, “сый”, “үкiм”, “есеп”, “бас ию”, “ғибадат”, “заң” және “жол” т.б. мағыналарға сәйкес келетiн араб тiлiнен енген сөз. Ал дiн ұғымына келер болсақ бүгiнгi күнге дейiн адам баласы бір тоқтамға келмеген. ¤йткені жер бетіндегі түрлі сенімдегі дін иелерінің (теолог) өз дініндегі сеніміне байланысты немесе діннің түрлі ғылымдармен тығыз байланысты болғандығынан түрлі ғылым иелері түрліше анықтама беріп келеді және дін жайлы анықтамалардың саны да өте көп.
Негізінде түрлі сенімдегі жер бетіндегі діндерге ортақ анықтама жасау үшін діннің қарастыратын аумағын анықтап алу керек. Оған тарих, философия, діндер тарихы сияқты ғылым салаларының тигізер пайдасы орасан зор. Сонымен қатар діни өмірдің күнделікті тұрмыстағы рөлі де дінге нақты анықтама жасауға көмектеседі. Діни өмірдің негізі адам түсінігінде түрлі сипатта кездесетін құдай сеніміне сүйенеді. Яғни, адамның бір дін бойынша өмір сүруі, оның қорқынышы мен дәрменсіздігінен немесе сенім арту мен сүйіспеншілігінен табиғат заңдылығынан тыс, шексіз құдірет иесі болған абсалютке, яғни құдайға байлануынан туындайды. Ал құдайға байлану - адамның рухани дүниесі мен жаратушысына бет бұруына, жаратушысына шексіз мойын ұсынуына және оған мән беруіне байланысты.
Дегенмен бүгінгі заманымыздағы батыстық дін зерттеушілерінің көпшілігі жеке адамды, оның діни дүниетанымын, діни сезімін, дiни әрекетiн немесе қоғамдағы діннің рөлін негізге ала отырып, діндерге былай анықтамалар берген:
Дін - қасиеттінің тәжірибесі. (Рудольф Отто) Діннің негізі шексіз сенім арту сезімінен тұрады. (Шлейермахер) Ал мұсылман оқымыстылары дінге Құран Кәрім мен ислам сенім негіздеріне сүйене отырып көптеген анықтамалар жасаған. Солардан мысал ретінде Сайд Шәриф Жүржанидің: "Дін ақыл иелерінің пайғамбарлардың баяндаған ақиқаттарын қабылдауға шақыратын илаћи заң", - деген анықтамасы мен Имам Ғазалидің: "Дін - Аллаћ пен адам арасындағы байланыс" - деген танымын айтуға болады.
Бүкіл діндерде бар ортақ элементтер: табиғат заңдылығынан тыс, адам құдіреті жетпейтін бір күшке сену (құдай, періште, жын, т.б.), қасиетті мен қасиеті жоқты ажырата білу (ғибадат, рәсім-ырымдар), қағазға түсірілген немесе ауызша тараған мәтіндер (қасиетті кітаптар, ахлақи (моральдық) қағидалар), сезімдер (қорқу, сенім арту, т.б.), адамзаттан тыс дүниемен байланыс жасау (уаһи, пайғамбар, дұға, жалбарыну, т.б.) өмір мен о дүние сенімі, ұйым құру (бауырластық, тариқат, т.б.).