4. Пайғамбарларға иман Пайғамбарларға иман - ислам дiнiндегi иман негiздерiнiң бiрi. Пайғамбарлар - Аллаћтың құлдары арасынан таңдап, оған елшілік міндетін жүктеген адамдары. Пайғамбарлар адамдарға хақ дінді уағыздауға және оны жалғастыруға мiндеттелген. ¦лы Аллаћ адамдарға қажет кезінде пайғамбарлар жіберген. Жіберген пайғамбарлары адамдарға тура жолды көрсетуге, адамдардың жақсы мен жаманды айыра білуіне және олардың жақсы мінез қалыптастыруына шақырған.
Пайғамбарларға иман ету - олардың әкелген дініне сену деген сөз. "Кiмде-кiм Аллаһқа және Оның перiштелерiне, кiтаптарына, пайғамбарларына және ақырет күнiне иман етпесе, қатты адасады…" (Ниса, 136), - дегенi сияқты мүміндер пайғамбарларды бөлмей, алаламай, барлық пайғамбарларға иман келтіреді.
Пайғамбарлар біз сияқты өмір сүреді, жейді, ішеді, ұйықтайды, жұмыс істейді және үйленеді. Бірақ олар пайғамбар болғандықтан, қарапайым адамнан “Сыдқ (туралық)”, “Әманат (сенiмдiлiк)”, “Исмәт (күнәсіз)”, “Фәтәнат (ақылды, зеректiк)” және “Тәблиғ (баяндау, жеткізу)” деген артықшылықтары да бар.
Алғашқы пайғамбар - Хазіреті Адам, соңғы пайғамбар - Хазіреті Мұхаммед. Аллаћ осы екі пайғамбардың арасында көптеген пайғамбарды жіберген. Алайда кейбірінің Құранда аты аталып, ал кейбірінің аты аталмайды.
Құран Кәрімде аты аталған 25 пайғамбардың аттары мынандай: Адам пайғамбар, Идрис, Нұх, Ћуд, Салих, Лұт, Ибраћим, Исмайл, Исхақ, Яқұб, Юсуф, Шұғайб, Ћарұн, Мұса, Дәуіт, Сүлеймен, Әйюб, Зүлкифл, Юнус, Илияс, Әлиаса, Зәкария, Иахия, Иса пайғамбар және соңғы ардақты пайғамбарымыз Хазiретi Мұхаммед (ғ.с.) саллаћу-алайћи уә сәлләм.
5. Ахырет күніне иман Дүние өмірі өліммен аяқталады. Міне, осы өліммен басталатын шексіз өмірді «ахирет» деп атайды. Осындай өмірдің бар екеніне иман ету – ислам сенім негіздерінің бірі.
Ахырет күні – Исрафил періштенің Аллаћтың бұйыруымен сүрді бір рет үрлеуі мен екінші рет үрлеуіне дейінгі және одан кейінгі жұмақ пен тозақ өмірін қамтиды. Сондай-ақ ахирет күніне иман қияметті, Исрафил періштенің сүрді үрлеуін адамдардың тірілуін, есеп, сырат, жұмақ пен тозақтың бар екеніне иман етуден тұрады. Ал осындай күннің туатынына сенбеген адам мұсылман бола алмайды.
Ахырет күні - нағыз әділеттің жүзеге асатын күні. Әрбір адам сеніміне, ғибадатына, ахлағына қарай жауапқа тартылады. Жақсы адамдардың (мүмін, мұсылман) жұмақта марапатталатыны, жаман адамдардың (кәпір, мұнафық, мүшірік) да тозақта жазаға тартылатыны даусыз.
Жоғарыда баяндалғаны сияқты Ахырет Исрафил періштенің сүрды үрлеуімен басталады. Оны “үлкен қиямет” деп атайды. Бірақ адамның өлімінен кейін басталатын “кіші қиямет” те бар. Адам өлімінен қайта тірілуге дейін жалғасатын кезеңді “қабір өмірі” немесе “берзах” деп атайды.
Жан тәсiлiм еткен адам қабірге қойылғанда оған “Мүнкәр-Нәкiр” деген екі періште келедi: “Раббың кім?”, “Пайғамбарың кім?”, “Дінің не?” деген сұрақпен жауапқа тартады. Иман еткендер мен жақсы амал еткендер бұл сұраққа оңай жауап береді. Сондықтан оларға жұмақ есігі ашылып, нығметтер (игіліктер) көрсетіледі. Ал кәпір мен мұнафықтар сұраққа жауап бере алмай, оларға тозақ есіктері ашылады және сол жерде азап көреді. Осы мәселеге байланысты Хазіреті Пайғамбарымыз бір хадисінде: “Қабір - жұмақ бақшаларының бір бақшасы немесе тозақ шұңқырының бір шұңқыры”, - деп айтқан.
Қиямет - әлем тәртібінің бұзылатын күні. Сол күнi дүниедегі болмыстардың барлығы жоғалады, жер мен аспанның реттік тәртібі бұзылады, ай, күн және жұлдыздар өз орындарынан шығады, айналаны қорқынышты дыбыстар қаптайды. Бұл кезде адамдар қашып құтылатын жер іздейді. Бірақ, Аллаћтан басқа сыйынатын және паналайтын еш нәрсе таба алмайды.
Қиямет болғаннан кейін сүр екінші рет үрленгенде барлық жандылар тіріледі. Жандылар қайта тірілген кезде жан мен тән бір бүтін болады және жандылар бір жерге жиналады. Есепке тартылу үшін жиналған бұл жиынды “хашр”, ал жиналған күнді “махшар” деп атайды. Сол күні барлық жандылар есепке тартылады. Барлық адамдардың қолдарына дүниеде жасаған істері жазылған амал дәптері беріледi және өздері оны оқиды. Адамның дене мүшелері мен жер беті оған куә болады.
Есеп күні болғаннан кейін, әркім өз әрекеттерінің жемісін көреді. Жақсы адамдар жұмақта сый көреді, ал күнәћар мұсылмандар, мұнафықтар мен кәпірлер тозақта отқа жанады.
50 хикмет
Бейiш тозақ таласар, таласуда мағына бар, Дозақ айтар: мен артық, менде перғауын әман бар. Бейiш айтар: не дерсiң, сөздi бiлмей айтарсың, Перғауын әман сенде дүр, менде Жүсiп Кинған бар. Дозақ айтар: мен артық, сараң құлдар менде бар, Сараңдардың бойында отты шынжыр, кiсен бар. Бейiш айтар: мен артық, пайғамбарлар менде бар, Пайғамбарлар алдында кәусар, хоры нөкер бар. Дозақ айтар: мен артық,тарса жөйiт менде менде бар, Жөйiт тарса алдында түрлi азап, сұрақ бар. Бейiш айтар: мен артық, сенетiн құлдар менде бар, Мүмiндердiң алдында алуан түрлi ырыс бар. Дозақ айтар: мен артық, залым құлдар менде бар, Залымдарға беруге заһар менен у да бар. Бейiш айтар: мен артық, ғалым құлдар менде бар, Ғалымдардың көңiлiнде аыт, хадис, Құран бар. Дозақ айтар: мен артық, ала аяқтар менде бар, Ала аяқтар мойнында оттан ескен кiсен бар. Бейiш айтар: мен артық, сопы құлдар менде бар, Сопылардың көңiлiнде зiкiр, пiкiр, сүбхан бар. Дозақ айтар: мен артық, бинамаздар менде бар, Бинамаздар мойнында жылан менен шаян бар, Бейiш айтар: мен артық, дидар көрмек менде бар, Дидарын көрсетуге Рахим атты Рахман бар. Дозақ сонда тiк тұрды, бейiш билiгiн айтты, Құл Қожа Ахмет не бiлдi, бiлдiрушi Аллаһ бар.