Лекция тезистері Синтаксис туралы түсінік


Көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер



бет63/66
Дата25.11.2023
өлшемі0,62 Mb.
#127912
түріЛекция
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   66

Көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдер


Құрамында екі не одан да көп бағыныңқысы, бір басыңқысы бар сабақтастың түрі көп бағыныңқылы сабақтас деп аталады. Көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдерге тән басты ерекшелік бір-бірімен ұласа байланысқан жай сөйлемдік үлгілердің соңғысынан басқасы тиянақсыз тұлғада тұрады. Тиянақсыз тұлғалы сыңардың кемі екеу болып келуі де басты нысан.
Екіншіден, құрам сыңарларының бағыныңқы немесе басыңқы сипатта болуы жеке предикативтілік бөліктердің тиянақсыз немесе тиянақты түрде тұлғалануына тәуелді емес, яғни тиянақсыз тұлғалы сыңар да басыңқылық қызмет атқарады. Кеш батып, үй іші қараңғы болса да, Ділдә от жақпапты ( Әуезов).
Үшіншіден, мұндай сөйлем құрылымдарында грамматикалық мағынаның сақталуы тиіс, яғни жеке предикативтілік бөліктердің қарым-қатынасында синтаксистік те, мағыналық та байланыс түзілім құрғаны жөн. Мысалы: Күндізгі жауап сонымен бітіп, Амантайды қайта апарып қамағанда, үйде отырғандардан ол не айтып, не қойғанын жасырған жоқ ( Мұқанов).
Төртіншіден, тиянақсыз тұлғалы сыңарлар соңғы тиянақты тұлғалы сыңармен осы баяндалған өлшеммен ғана байланыспайды. Кейде әр тиянақсыз тұлғалы сыңардың соңғы бөлікке байланысы ерекше болып келуі ықтимал. Қамаған үйдің терезелері темірмен құрсауланып, есігіне жуан темірден баспа істелініп, ол баспаға үлкен құлыптар салынып, маңайына мықты күзет қойылды ( Мұқанов).
Көп бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемдердің құрамындағы тиянақсыз тұлғалы бөліктерінің басыңқы бөлікпен байланысы жарыспалы және сатылы ыңғайда болады. Оның жарыспалы бағыныңқылы түрінде басыңқымен болатын байланыс еркін болады, кез келген тиянақсыз тұлға басыңқымен грамматикалық мағына құрайды. Асқар Көкшеге көзін салса, ызғар жалаған бергі жақ қабағы қорғасын тәрізді сұрланып, күн сәулесі шағылысқан төбесіндегі қар аппақ күмістей жарқырап тұр екен ( Мұқанов).


Мәтін

  1. Мәтін – құрылымдық синтаксис пен қатысым синтаксисінің негізгі бірлігі

  2. Мәтіннің белгілері

  3. Сөйлеммен ара қатынасы

  4. Күрделі синтаксистік тұтастық

Тіл дамуының кейінгі даму кезеңдерінің нәтижесінде мәтін синтаксисі қалыптасып, көптеген күрделі жаңа мәселелер қолға алынды. Осы мәтін синтаксисіне қатысты маңызды мәселенің бірі – күрделі синтаксистік тұтастық. Күрделі ситнаксистік тұтастық мәселесін зерттеудің түп негізі орыс тіл білімінде жатыр. Орыс ғалымдары Ф.И.Буслаев, А.А.Потебнялар назар аударып, қарастырып өтсе, А.М.Пешковский күрделі синтаксистік тұтастықтың негізін салды. Күрделі синтаксистік тұтастық категориясын “абзац” деп атап, негізгі белгілерін айқындап берді.


В.В.Бабайцева “Күрделі синтаксистік тұтастық” деп атап, оған мынадай анықтама берді: “Это сочетание предложений объединенные семантическими и грамматическими отношениями, которые выражены лексическими, лексико-грамматичесими и грамматическими средствами. Компонентами связного текста могут быть как простые, так и сложные предложения”.
Сондай-ақ қазақ тіл білімінде бұл мәселені қозғап, сөз етіп жүрген ғалымдар – М.Серғалиев, Б. Шалбай, Б.Мүсірепова.
Сөйлем мен сөз тіркестері – синтаксистің ең негізгі бөлшектері. Сондықтан сөйлемдердің өзара мағыналық және құрылымдық жағынан тығыз байланысқан күрделі топтарын зерттеудің маңызы аса зор екендігін М. Серғалиев, Б. Мүсіреповалар өте орынды көрсетеді. Сонымен қатар ол жеке сөйлемдерге қарағанда ойдың дамуын неғұрлым толық бере алатын, мағыналық және синтаксистік жағынан өзара тығыз байланысты сөйлемдер тобы екендігін айтады. Авторлар өз еңбегінде күрделі синтаксистік тұтастықтың тізбекті және параллельді деп аталатын екі түрін береді. Тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықты ғылыми стильге тән екендігін көрсетеді, ғылыми мәтінде ой бір-біріне қатаң тәртіппен сабақтаса байланысып отыратын себебін де көрсетеді. “Сондықтан ондағы әрбір сөйлем өзінің алдындағы сөйлемнің заңды жалғасы болып табылады. Ал теңбе-тең байланысу түріне құрылған күрделі синтаксистік тұтастықтарда санамалылық, салыстыру, қарама-қарсы қою қарым-қатынастары орын алады. Параллельді күрделі синтаксистік тұтастық пен тізбекті күрделі синтаксистік тұтастықтың айырмашылығы – олардың байланысу түрінде”.
Б.Шалабай “Қазіргі қазақ тіліндегі күрделі синтаксистік тұтастық” атты мақаласында бұл мәселені жан-жақты ашып берген. “Күрделі синтаксистік тұтастық деп бірнеше сөйлемдердің тізбегінен жасалып, мағыналық және құрылымдық жағынан тұйықталған, белгілі бір күрделі ойды білдіретін сөйлемнен ірі синтаксистік бірлікті айтамыз”,- деп анықтама берген.
Сонымен, күрделі синтаксистік тұтастық мәселесі – қазақ тіл білімінде ден қоя зерттеуді қажет ететін, өзекті тақырып. Оның құрылымындағы синтаксистік сөз тіркесі, сөйлем туралы ілімдеріне жаңа мән, жаңаша сипат берсе, екінші жағынан стилистика саласымен де тығыз байланысты. Бүгінгі таңда осы тақырып төңірегінде көптеген зерттеулер жүргізілуде.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   58   59   60   61   62   63   64   65   66




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет