8-лекция Орта мектепте геометрияны оқытудың жалпы әдістемелік мәселелері
Жосрары: 1.Геометрияны оқыту мақсаттары және кезеңдері
2. Геометрия сабағына қойылатын талаптар
3. Мектептегі геометрия курсының логикалық құрылымы
4. Математикалық сөйлемдерді оқып үйрену
5. Бастауыш сыныптардағы геометрия элементтері және оны оқыту.
6. 5-6 сыныптарда геометрия элементтерін оқыту
7. Геометрия курсында есеп шығаруға үйретудің мәні
8. Есептеуге берілген есептер шығару әдістері.
9. Дәлелдеуге берілген есептер.
Әдебиеттер: 1. Рахымбек Д., Кенеш Ә.С.Мектеп геометрия (планиметрия) курсын оқыту әдістемесі: Оқу құралы. / Д. Рахымбек, Ә.С.Кенеш –Алматы: Эверо,2015. – 320 б.
2. Мектеп оқулықтары
3. Мұғалімге арналған оқу-әдістемелік құралдар
1. Геометрияны оқыту мақсаттары және оқыту кезеңдері Математикалық білім беруде геометрия курсы ерекше орын алады. Мектепте оқытылатын бүкіл математика курсының үштен бір бөлігі геометрияны оқытуға жұмсалады және бірінші сыныптан бітіруші сыныпқа дейін үзбей оқытылады.
Геометрияны оқытудың басты мақсаты – геометрия ғылымның негіздерін оқушыға меңгерту және оларды практикада қолдану дағдыларын қалыптастыру. Геометрияны оқытудыңміндеттері: Оқушылардың кеңістіктік түсінігі мен кеңістікті елестететуін қалыптастыру, логикалық ойлауын дамыту, тұжырымды ойқорытуы мен дәлелдеу қабілетін жетілдіру, ойды дәл және анық жеткізе алу, қоршаған ортаны геометриялық тұрғыдан «көре білу», т.б.
Осындай мақсат пен міндеттерді жүзеге асыру үшін мектепте геометрия үш кезеңмен оқытылады. Оның екеуі алдын ала дайындық (пропедевтикалық) кезең делінеді. Бірінші дайындық кезеңде, бaстауыш сынып оқушыларының алғашқы геометриялық түсініктері жинақталады, қарапайым геометриялық фигуралардың аталымдары - терминдермен танысады және олар дамытылады. Мұнда жүйелі түрде жүргізілетін сызу, қиып алу және қайта кұрастыру, өлшеу, салыстыру т.б. практикалық жұмыстар арқылы, геометриялық фигураларды индуктивті-көрнекі түрде танып біледі және тәжірибе мен бақылау нәтижелерінің жалпылануы ретінде олардың кейбір қасиеттерімен танысады. Бастауыш сыныптарда геометриялық фигуралар оқу-білу объектісі бола отырып, сонымен қатар арифметикалық материалдарды игерудегі көрнекі құрал міндетін де атқарады.
Дайындық кезеңінің екіншісі, негізгі мектептің 5-6 сыныптарында геометриялық фигуралармен және олардың кейбір қасиеттерімен көрнекі-индуктивті түрде таныстыру одан әрі жалғасады. Бірақ бұл кезеңде геометриялық фигуралардың кейбіреулеріне анықтыма беріліп, қасиеттері жүйелі түрде тұжырымдала бастайды, қарапайым ойқорытулар жасалынып, дедуктивті дәлелдеудің элементтері кездеседі. Сондықтан бұл кезең геметрияны оқытудың индуктивтіден дедуктивтілікке біртіндеп өту кезеңі делінеді.
Үшінші геометрияны жүйелі оқыту кезеңі делінеді және ол екі бөлімнен тұрады: 1) жазытықтағы геометрия (планиметрия) - негізгі мектептің 7-9 (7-10) сыныптарында түзулердің өзара орналасуы; үшбұрыштардың, төртбұрыштардың, көпбұрыштардың және шеңбердің қасиеттері, теңдік және ұқсастық қатынастары, ұзындықты, бұрышты, ауданды өлшеу оқып үйреніледі; 2) кеңістіктегі геометрия (стереометрия) – орта мектептің жоғарғы 10-11 (11-12) сыныптарында түзулер мен жазықтықтардың өзара орналасуы; көпжақтар, айналу денелері және олардың бетінің ауданы мен көлемі оқытылады.
Қазіргі мектеп геометрия курсы үшбұрыштардың теңдік және ұқсастық белгілер әдісі, тригонометриялық және алгебралық әдісітер сияқты дәстүрлі әдістерді қолданумен бірге, аксиоматикалық әдісті, геометриалық түрлендірулер әдісін, координаталық және векторлық әдісті, математикалық талдау әдісінің элементтерін де пайдаланады.