Құмар ойын бизнесі сферасындағы қызметті жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтін құмар ойын бизнесі салығы 2007 жылғы қаңтардың 12-сінде енгізілген. Салықтың мемлекеттік бюджеттің кірістеріндегі үлес салмағы азғантай – 0,12% (2010 ж.). Казино, ойын автоматтарының залы, тотализатор, букмекерлік кеңсе қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер мен заңи тұлғалар ойын бизнесі салығын төлеушілерболып табылады.
Құмар ойын бизнесі сферасындағы қызметті жүзеге асыру кезінде ойын үстелі, ойын автоматы, тотализатор кассасы,тотализатордың электрондық кассасы, букмекер кеңсесінің кассасы, букмекер кеңсесінің электрондық кассасы кұмар ойын бизнесіне салық салу объектілері болып есептеледі.
Салық салу объектінің бірлігінен кұмар ойын бизнесіне салық мөлшерлемесі айына АЕК-нің 30-дан 830 еселенген мөлшерін құрайды. Салық мөлшерлемесі Республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және салық кезеңінің бірінші күні қолданыста болған АЕК мөлшері негізге алына отырып айқындалады.
Құмар ойын бизнесі үшін салық кезеңі күнтізбелік тоқсан болып табылады. Құмар ойын бизнесі салығын есептеу әрбір салық салу объектіне тиісті салық мөлшерлемесін қолдану арқылы жүргізіледі.
Салық салу объектілері айдың 15-ін қоса алғанға дейін пайдалануға берілген кезде, құмар ойын бизнесі салығы белгіленген мөлшерлеме бойынша, 15-інен кейін белгіленген мөлшерлеменің ½ мөлшеріне есептеледі, ал олар айдың 15-іне дейін шығып қалған кезде, құмар ойын бизнесі салығы белгіленген мөлшерлеменің ½ мөлшерінде, 15-інен кейін белгіленген мөлшерлеме бойынша есептеледі.
Құмар ойын бизнесі салығы есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-нен кешіктірілмей салық салу объектілерінің тіркелген орны бойынша бюджетке төленуге жатады.
Құмар ойын бизнесі салығын төлеушілердің қосымша төлемі белгіленген. Қосымша төлем құмар ойын бизнесі сферасындағы қызметтен алынған табыстың сомасы белгіленген табыстың шекті сомасынан асып түскен жағдайда есептеледі. Қосымша төлем табыстың шекті мөлшерінен асып түсетін сомаға белгіленген мөлшерлемені қолдану арқылы есептеледі және ол есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей төленуге жатады.
Құмар ойын бизнесі салығын төлеушілер үшін салық кезеңі ішіндегі табыстың шекті мөлшері объект бірлігінен АЕК-нің 2000-нан 135000 еселенген мөлшерін құрайды.
Құмар ойын бизнесі салығын төлеуші құмар ойын бизнесі саласындағы қызметтің бірнеше түрін жүзеге асырған кезде қосымша төлем осы саладағы әрбір қызмет түрінен алған табыстан бөлек есептеледі.Құмар ойын бизнесі саласына жатпайтын кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерін жүзеге асыру кезінде құмар ойын бизнесі салық төлеушілер қызметтің көрсетілген түрлері бойынша кірістер мен шығыстардың бөлек есебін жүргізуге және жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте бюджетпен есеп айырысу жүргізуге міндетті.
Салық төлеушілер құмар ойын бизнесі салығы бойынша мағлұмдаманы жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде тіркеу есебі бойынша салық органына есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей табыс етеді.