трансферттермен; бюджеттік кредиттермен; 2) облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттер арасында:
трансферттермен; бюджеттік кредиттермен; кірістерді бөлу нормативтерімен реттеледі.
Трансферттер (нормативтік үлестік жәрдемқаржы) – бұл қайтарусыз және өтеусіз негізде нақтылы мақсаты көрсетілмей бюджеттік реттеу ретінде бір деңгейдің бюджеттерінен (жоғарғы) басқа деңгейдің бюджеттеріне (төменгі) бөлінетін қаражаттар.
Бюджеттер деңгейлері арасындағы трансферттер жалпы сипаттағы трансферттерге, ағымдағы нысаналы трансферттерге, нысаналы даму трансферттеріне бөлінеді.
Бюджеттік реттеудің отандық практикасында реттеу механизміне бюджеттік субвенциялар мен бюджеттік алынымдар жатады және олар жалпы сипаттағы трансферттер болып табылады.
Бюджеттік субвенциялар – жоғарғы бюджеттерден төменгі бюджеттерге республикалық немесе облыстық бюджетте бекітілген сомалар шегінде берілетін трансферттер. Бюджеттік алынымдар республикалық немесе облыстық бюджетте бекітілген сомалар шегінде төменгі бюджеттерден жоғарғы бюджеттерге берілетін трансферттері болып табылады.
Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі абсолюттік мәнімен жылдар бойынша бөліне отырып, үш жылдық кезеңге:
республикалық бюджет пен облыстық, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттерінің арасында – Қазақстан Республикасы заңымен;
облыстық бюджет пен аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттерінің арасында – облыстық мәслихаттың шешімімен белгіленеді.
Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемдері әрбір үш жыл сайын өзгертілуге жатады.
Жалпы сипаттағы трансферттер бюджеттің әрбір деңгейі үшін Салықтық кодексте бекітілген шығыстардың бағыттарына сәйкес мемлекет кепілдендірген қызметтерді ұсыну үшін өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілу деңгейін теңестіруге және тең фискалдық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау кезінде өңірдің салықтық әлуеті, өңірдегі мемлекеттік қызметтерді тұтынушылар саны, мемлекеттік қызметтердің бекітілген стандарттары және осы немесе өзге өңірдің өзіндік ерекшелігіне қарай мемлекеттік қызметтерді ұсыну бойынша шығыстарға әсер ететін факторлар ескеріледі.
Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі тиісті жергілікті бюджеттің кірістері (трансферттерді шегергенде) мен шығындарының болжамды көлемдері арасындағы айырма ретінде айқындалады.
Жалпы сипаттағы трансферттерді аудару тәртібі мен кезеңділігін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Нысаналы трансферттер ағымдағы нысаналы трансферттерге және нысаналы даму трансферттеріне бөлінеді.
Жалпы сипаттағы трансферттердің үш жылдық көлемінің қолданылуы кезеңінде республикалық немесе облыстық бюджеттерде бекітілген сома шегінде:
1) жоғарғы бюджеттер төменгі бюджеттерге беретін, жергілікті бюджеттер шығыстарының ұлғаюына және (немесе) кірістерінің азаюына әкеп соғатын, заңнамалық актілерді, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін қабылдаудан туындайтын төменгі бюджеттердің шығындарын өтеуге бағытталған;
2) төменгі бюджеттер жоғарғы бюджеттерге беретін, мемлекеттік органдар функцияларының мемлекеттік басқарудың төменгі деңгейінен жоғарғы деңгейіне берілуіне байланысты жоғарғы бюджет шығыстарының ұлғаюына әкеп соғатын, заңнамалық актілерді, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін қабылдаудан туындайтын жоғарғы бюджеттердің шығындарын өтеуге бағытталған трансферттер ағымдағы нысаналы трансферттер болып табылады.
Жоғарғы бюджеттер төменгі бюджеттерге жергілікті бюджеттік даму бағдарламаларын іске асыру үшін республикалық немесе жергілікті бюджетке бекітілген сомалар шегінде беретін трансферттер нысаналы даму трансферттері болып табылады.
Нысаналы даму трансферттерін бөлу тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Төменгі бюджеттерге Қазақстан Республикасы Үкіметінің және облыстық жергілікті атқарушы органының резервінен қаражат бөлу нысаналы трансферттер түрінде жүзеге асырылады.
Нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімді әзірлеу, нысаналы трансферттерді аудару, қол жеткізілген тура және түпкілікті нәтижелер туралы есепті жасау және беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
Республикалық бюджеттен және облыстық бюджеттерден бюджеттік кредиттер тиісінше облыстық бюджеттерге, республикалық маңызы бар қала, астана бюджеттеріне және аудандар (облыстық маңызы бар қалалар) бюджеттеріне қаржы жылы ішінде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға және қолма-қол ақшаның болжамды тапшылығы жағдайында берілуі мүмкін.
Бюджетаралық қатынастарда түрлі деңгейлер бюджеттерінің қаржы өкілеттіктерінің келісілмегендік және олардың өкілеттіктері мен кірістерін қамтамасыз ету проблемалары бар: аумақтық бюджеттердің нашар салық базасы; қайта бөлу саясатындағы тұрлаусыздық. Бюджетаралық қатынастар жоғарғы бюджеттердің төменгі деңгейдің бюджеттерін орталықтандырып нығайту негізінде құрылады. Мұндай саясат аумақтарды шығыстардың негұрлым жоғары нормативтерін қаққылауға бағдарлайды. Жоғарғы органдар «тағдырды шешушіге» айналады, бұл жемқорлыққа негіз қалайды. Бұл жағдаятта биліктің жергілікті органдарының құқықтарын кеңейту қажет,ол үшін олардың үш топтағы өздерінің салықтары болуы керек:
1) негізгі рөлді ойнайтын салықтар;
а) тура салықтар: мүлік, жер,көлік құралдары салықтары;
ә) жанама салықтар: сатып алуға салынатын салық, көпшілік тұтынатын тауарларға салынатын акциздер;
2) жергілікті органдардың аумақтарында жиналатын мемлекеттік салықтарға биліктің орталық органдары белгілі бір пайызбен белгілейтін салықтар;
3) басқадай жергілікті салықтар, алымдар және төлемдер, салықтық емес кірістер (жерді жалға беру және сату; орман массивтерін жалға беру; басқадай түсімдер).
Бюджеттік кодексте бюджеттер деңгейлері арасында түсімдер мен шығыстарды нақтылы бөлудің сызбасы анықталған.