Холдингтік компания немесе холдинг – бақылау не бірыңғай экономикалық және қаржылық саясат жүргізу үшін басқа компаниялардың қызметін бағыттап отыру мақсатында олардың акцияларының бақылау пакеттерін иеленуші басты компания.
Экономикада едәуір орынды мемлекеттік сектор алады. Бұл секторда кәсіпорындардың мынадай түрлері жұмыс істейді:
1) шаруашылық жүргізу құқығына негізделген кәсіпорындар;
2) жедел басқару құқығына негізделген (қазыналық кәсіпорын) кәсіпорындар.
Бұл құқық қазыналық кәсіпорынның меншік иесінен алған және өз қызметінің мақсатына, меншік иесінің тапсырмалары мен мүліктің мақсатына сәйкес заңнамалық актілерде белгіленген шекте сол мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асыратын заттай құқық болып табылады.
Мемлекеттік меншіктің түріне қарай кәсіпорындар:
1) республика меншігіндегі кәсіпорындар – республикалық мемлекеттік кәсіпорындар; 2) коммуналдық меншіктегі кәсіпорындар – коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар болып бөлінеді; Басқа мемлекеттік кәсіпорын құрған мемлекеттік кәсіпорын еншілес мемлекеттік кәсіпорын болып табылады.
Мемлекеттік кәсіпорын міндетті түрде мемлекет тапсырысын орындайды. Мемлекеттік тапсырыс – бюджеттердің немесе мемлекеттік бюджеттен тыс қорлардың қаражаттары есебінен тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді жеткізіліміне берілетін мемлекеттік басқару органдарының тапсырысы (яғни қорытындыланған және лайықты түрде ресімделген қажеттілік, мұқтаж). Мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік көтере сатып алу арқылы іске асырылады. Мемлекеттік сатып алулар – мемлекеттің мұқтаждары үшін тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер сатып алу. Мемлекеттік мұқтаждар – мемлекеттік басқару органдарының бір нәрсеге және бұл органдардың нысаналы функциялар мен міндеттерді орындауымен байланысты қажеттіліктері, олар салық төлеушілердің тиісті бюджеттер мен бюджеттен тыс қорларда шоғырландырылған қаражаттары есебінен қанағаттандырылады.
Мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің арналымы: қоғам мен .мемлекеттің қажеттіліктерімен айқындалатын мынадай әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу:
1) мемлекеттің қорғаныс қабілетін материалдық жағынан қамтамасыз ету және қоғам мүддесін қорғау;
2) экономиканың жекеменшіктік секторы қамтыған немесе жеткіліксіз қамтылған қоғамдық өндірістің сфералары мен салаларында бірінші қажеттіктегі тауарларды (жүмыстарды , қызметтерді) өндіру;
3) мемлекеттік монополияға жатқызылған немесе мемлекеттің функциясы болып табылатын сфералардағы қызметті жүзеге асыру.
Қазақстанда, мемлекеттік секторда ірі ұлттық компаниялар жұмыс істейді, олар арқылы елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін экономиканың стратегиялық маңызды секторларында мемлекеттің ықпалы мен үлесі сақталынады.
Экономиканың мемлекеттік секторын басқаруды жетілдіру мақсатында Қазақстанда заңнамалық түрде «ұлттық компания» (соның ішінде мұнайлық операцияларды жүргізу бойынша ұлттық компания, жер қойнауын пайдалану бойынша ұлттық компания, поштаның ұлттық операторы, ұлттық темір жол компаниясы), «ұлттық холдинг», «ұлттық басқарушы компания», «дамудың ұлттық институттары» ұғымдары анықталған.
Ұлттық компания – Үкімет шешімімен құрылған акционерлік қоғам, оның акцияларының бақылау пакеті мемлекетке немесе ұлттық холдингке жатады және Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда ұлттық экономиканың негізін құрайтын стратегиялық маңызды салаларда қызметін жүзеге асырады.
Ұлттық басқарушы компания – құрылтайшысы мен бірден бір акционері Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам, қызметінің негізгі мақсаты оған меншік құқығында жататын дамудың ұлттық институттары мен басқа заңи тұлғалардың акциялар пакеттерін (қатысу үлестерін) басқару болып табылады.
Ұлттық холдинг – құрылтайшысы мен бірден бір акционері Қазақстан Республикасы болып табылатын акционерлік қоғам, меншік құқығында оған қарасты ұлттық компаниялар мен өзге акционерлік қоғамдардың акциялар пакеттерін тиімді басқару үшін құрылған.
Мемлекеттік корпоративтік басқару институты – ұлттық холдинг және ұлттық басқарушы компаниялар сияқты институттарын ендіру корпоративтік басқару деңгейін және компаниялар арасында үйлестіруді едәуір жақсартуға, сілкіністі жобаларды ойдағыдай іске асыруға және Қазақстанда қор рыногының дамуын ынталандыруға жағдай жасайды.
2005 жылы «Самрұқ» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Қазақстандық холдинг акционерлік қоғамы мен «Қазына» орнықты даму қоры құрылды. «Самрұқ» холдингін құрудың негізгі мақсаты – корпоративтік басқаруды жетілдіру арқылы ұлттық компаниялардың құндылығын көбейту. «Қазына» АҚ-ның мақсаты Қазақстан экономикасының барлық секторларында инвестициялық және инновациялық белсенділікті арттыру және ынталандыру болып анықталған.
Бұл ретте ұлттық холдинг пен ұлттық басқарушы компания қызметінің негізгі қағидаттары мыналар болып табылады: компаниялардың бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық белсенділігін арттыру; компанияларды корпоративтік басқарудың жақсы әлемдік практикасын енгізу; компанияларды дамыту жөніндегі мақсаттарға жетуге Үкіметке жәрдемдесу. Белгіленгенді іске асыру акционер мен директорлар кеңестеріндегі өкілдіктің функцияларын жүзеге асыру арқылы ұлттық компаниялар мен даму институттарын дамытуда «Самрұқ» холдингі АҚ-ы мен «Қазына» АҚ-ның белсенді қатысуы жолымен жүзеге асырылатын болады. «Самрұқ» «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ, «Қазпошта» АҚ, «КЕГОК» АҚ, «Қазтелеком» АҚ, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ акцияларының мемлекеттік пакеттерін біріктірді. «Қазына» орнықты қорына «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, Ұлттық инновациялық қор АҚ, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтық корпорациясы» АҚ, «Маркетингтік талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ және «Казинвест» шаруашылық жүргізуші субъектілері акцияларының мемлекеттік пакеттері жинақталған.
2008 жылы холдинг және Қор «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» атымен біріктірілді.
Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру бойынша бірлескен іс-қимылдардың жоспарына сәйкес «Самрұқ-Қазына» оны іске асыру жөніндегі негізгі оператор болып айқындалған. Қор осы жоспардың барлық бағыттары бойынша іс-шараларды іске асыруға қатысады.
Егер халықаралық тәжірибеге назар аударатын болсақ, осы бағыттағы алғашқы жоба Сингапурда жүзеге асырылған екен. Онда қызмет бағыты біздің «Самрұққа» ұқсас «Темасек» атты холдинг бірінші болып құрылған. Бұл тәжірибе іле-шала Малайзияда, Норвегияда, Ұлыбританияда және Қытайда қолдау тапқан.
Корпоративтік басқарудың толыққанды теориясы өткен ғасырдың 80-жылдары қалыптаса бастады. Ол компания басқармасының (менеджментінің, әкімшілігінің), оның директорлар кеңесінің, акционерлері мен басқа да мүдделі тұлғаларының арасындағы қатынастарды камти отырып, экономикалық тиімділікті арттырудың негізгі элементтерінің бірі болып табылады.
«Самрұқ-Қазына» қорының құрылуы мемлекет қатысатын компанияларды біріктіре отырып, отандық капитал мен қызметтердің, өндірістердің тиімділігін арттыруға, әлемдік инвесторлар үшін Қазақстан экономикасының ашықтығы мен тартымдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бірінші бағыт – қаржы секторын тұрақтандыру. Бұл бағыттағы негізгі мақсат банк секторының қаржылық жай-күйін жақсарту. Осы мақсаттарға Қор тура инвестицияларды бағыттайды және елдің жүйе құрушы банктерінің жай акцияларын сатып алады, сондай-ақ банктерге бағынышты қарыз бен артықшылықты акцияларды сатып алуды береді. Қор екінші деңгей банктерінің сыртқы борыштарын қайта құрылымдау бойынша шараларға кіріседі.
Екінші бағыт – жылжымайтын рынокта проблемаларды шешу – Астана мен Алматы қалаларындағы салынып бітпеген объектілердің ең жоғары санын аяқтау азаматтарды арзан бағамен жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету, сонымен қатар ипотекалық кредиттері бар азаматтардың проблемаларын шешу. Қор екінші деңгей банктерінде жеңілдікті мөлшерлеме бойынша 15 жылға бірқатар кредиттік желілер ашады. Өз кезегінде, екінші деңгей банктері 10,5%-12,5%-бен 15 жылға дейін ерте өтеу құқығында қарыз алушылардың әр түрлі топтарына ипотекалық кредиттер беретін болады.
Мынадай кредиттік желілер ашылады:
1. Алматы мен Астана қалаларында салынып жатқан объектілерде тұрғын үй сатып алуға 10,5%-дан жоғары емес түпкілікті мөлшерлемелер бойынша ипотекалық кредиттер.
2. Соңғы 3 жылда алынған қолданыстағы ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру.
3. Әлеуметтік және бюджеттік сфера қызметкерлеріне арналған қолданыстағы ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру.
Үшінші бағыт – шағын және орта бизнесті қолдау. Бұл бағыт шеңберіндегі нәтижелер – елдің барлық өңірлеріндегі кәсіпкерлердің көпшілігін қаржылық қолдаумен қамту және осының есебінен жұмыс істеп тұрған бизнесті қолдау, сондай-ақ жаңа өндіріс және жұмыс орындарын құру. Бұл қаражаттар шағын және орта бизнес субъектілеріне екінші деңгей банктері арқылы 14%-дан аспайтын тиімді мөлшерлемелер бойынша 7 жыл мерзімге берілетін болады. Кепілдер проблемасын шешу және кәсіпкерлерге арналған кредиттік қаражаттардың қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры шағын және орта бизнеске берілетін кредиттерді кепілдендіру механизмін енгізетін болады. Шағын және орта бизнес тұрақты өтілімдермен қамтамасыз ету үшін «Самрұқ-Қазына» қоры жергілікті қоюшыларды дамыту бойынша іс-шараларды жандандырады.
Төртінші бағыт – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту. Бұл бағыт бойынша іс-шаралардың негізгі операторы «КазАгро» ұлттық холдингі болып табылады.
Бесінші бағыт – индустриялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Бұл бағыт бойынша нәтижелері – жаңа өндіріс пен инфрақұрылымның объектілерін, сондай-ақ жұмыс орындарын құру.
Қазақстанда экономикалық дамудың өзгеше өңірлік «локомотивтері» ретінде әлеуметтік даму мен кәсіпкерліктің өңірлік корпарациялары – тауарлар мен қызметтерді өндіріп, оларды сатудан пайда алу мақсатымен өзінің қызметін жүзеге асырушы орнықты бизнес-құрылымдар болып табылатын әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) құрылды. ӘКК-нің коммерциялық корпорациялардан негізгі айырмашылығы сол, алынған пайданы ӘКК мүдделеріне құрылған өңір халқының әлеуметтік, экономикалық немесе мәдени мақсаттарын іске асыру үшін қайта инвестициялау болып табылады. ӘКК әл-ауқат Ұлттық қорының өңірлік өкілдіктері бола отырып, олардың көмегімен жергілікті жерлердегі инвестициялық жобаларды үйлестіру жүзеге асырылды. ӘКК оларға коммуналдық меншікті, жерді пайдасыз, бірақ жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды (олар жаңа бизнес құру үшін пайданылады) беру жолымен әр түрлі өңірлерде қалыптасты. Қазір Қазақстанның өңірлерінде 9 ӘКК жұмыс істейді.
Әрбір ӘКК өзінше дамудың өңірлік институты болды және елдің тиісті өңірінде мемлекеттік активтерді басқаратын холдингтік компания болып есептелді. Бұл компаниялардың қызметі жаңа жобаларды тартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, кооперацияларды күшейтуге бағытталған.
Кейін, басқару тәжірибесінің жинақталуына және капиталдандыру деңгейінің артуына қарай, ӘКК өңірлік және халықаралық рыноктарға шығуды қоса, ӘКК кеңейіп, олардың жауапкершілік сферасы әртараптандырылды.
Әртараптандырудың өзегі кәсіпкерлік болып табылатындықтан екі-үш өңірді біріктірген ӘКК таратылып олар жергілікті атқарушы органдарға берілді. Бизнесті дамыту жөніндегі өңірлік корпорациялар құрылады. Оларды қаржыландыру бөлек бюджеттік бағдарлама есебінен жүргізілетін болады. Бұл бағдарламаның мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, бәрінен бұрын шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болады.
Шаруашылық жүргізуші субъектілерді ұйымдастырудың басқа нысандарын қысқаша қарастыра кетейік.