Меңдігүл шындалиева



бет45/76
Дата08.12.2023
өлшемі0,52 Mb.
#135016
түріОқулық
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   76
Телешолу. Телевидениедегі журналистік мамандықтар тізімінде репортерден, комментатордан кейін шолушы тұрады. Осы қызметтің болуы телевидениеде бұл спецификалық жанрдың нығайғанын көрсетеді.
Шолу – сараптамалық публицистиканың тұрақталған, дәстүрлі түрлерінің бірі. Оны сипаттайтын негізгі ерекшеліктері: біріншіден, авторлық мақсатқа байланысты деректер топтастырылады; екіншіден, шолушы деректер арасындағы себептік қатынастарды ашып, олардың өзара әрекеттесуін қарастырады; үшіншіден, шолу зерттеу ауқымдылығымен ерекшеленеді; төртіншіден, шолу материалы хронологиямен шектеледі.
Осы жанрдың пәні – қоғамдық оқиғалар, ал мақсаты - себеп-салдарлық байланысты ашу арқылы, олардың мағынасын анықтап, болашақ дамуының тенденцияларын көрерменге ұсынады. Шолуда тек ақпараттың жедел материалын ғана қолданбай, авторлық ой логикасымен топтасатын мұрағаттық бейнематериалды қолданған жөн.
Шолу екіге бөлінеді: белгілі бір уақыт кезеңіндегі әр түрлі оқиғаларды қарастыратын жалпы шолу және нақты мәселе сферасымен (экономика, ғылым, өнер, спорт) шектелген тақырыптық шолу. Соңғы жылдары монологиялық сипаты бар шолудан басқа да шолу-диалогтар пайда болды. Шолушы әңгімелесушілермен бірге қоғамдық өмір аясының өзекті мәселесі жайлы әңгіме құрады. Бұл жерде телеэкранның бейнелік мүмкіндіктері қолданылады: документалды кадрлар, фотоқұжаттар, бейнебаяндар, бейнеқатар және т.б.
Музыкалық шолу, театр көрсетілімдеріне арналған шолу және соған ұқсас бағдарламалар жанрлық ерекшеліктері жағынан халықаралық немесе спорттық шолудан айырмашылығы жоқ. Бағдарлама тақырыбы, шолушы спецификасы ауысады, ал жанрдың сипаттық мәні сол қалпында қалады.


Мақала
Мақаланың негізінде не жатады? Дерек пен жекелеген оқиға жатады, олар кең ауқымды құбылыс ретінде қарастырылады. Нақты деректер, оның тууына негіз болған құбылыстармен байланысқа түседі. Мақалада деректер автордың ойын жеткізу құралы ретінде қолданылады. Автордың көзқарасы, оның түйіндері кең ауқымды орынға ие және нақты дерекке негізделген жалпылама жинақты құрайды.
Мақаланың ерекшелігі оның бір ғана нақты ойды дамыта түсуінде жатыр. Логикалық ой мен дәлелдердің мақсаттылығы, сөйлемдер мен түйіндердің нақтылығы басты назарда болады. Мақаланың мәні ассоциация мен түйіндерден құрылатын автордың ойында жатыр. Сатылай келе тезистердің көмегімен автор оқырманды өзекті мәселеге жақындата түседі. Содан кейін өзінің дәлелдерінің логикалық тізбегін келтіріп, автор оқырманды өз ойының дұрыстығына иландыруға тырысады. Алайда, автор тек қана дәлелдердің логикасына ғана мән беріп қоймайды. Ол эмоциональды әсердің құралын пайдаланады. Журналистика теориясында мақала жанрының бірнеше анықтамасы бар. Зерттеушілердің бірі Н.М.Хлынов: «Мақала ғылыми ақпарат, бас идеялардың насихатшысы мен оқиғаны зерттеудің негізгі үлгісі. Теориялық және практикалық негіз, түйін, басқа жанрларға қарағанда оның мақсаттылығы мақала жанрында түсініктілігімен, тілдің әсерлілігімен, стильдің көркемдігімен үндесіп жатады»[14,35-б],- дейді. Д.Г.Бекасов: «Мақала – публицистикалық жанр. Ол нақты анықталған бір ойдың дамуын қамтиды»[15,26-б],-дейді. В.Д.Пельт ұсынған анықтамада: «Мақала – маңызды әлеуметтік мәселеге байланысты туған деректі ойды танытатын публицистикалық жанр»[11,56-б],-деген тұжырым ұсынады. М.С.Черепахов бұл жанрға төмендегідей түсініктеме береді: «Мақала дегеніміз - публицистикалық жанрдың ерекше бір түрі. Ол мәселені оқырманға тарту ету, теориялық және жалпылама деректер мен құбылыстардың сараптамаларын беруімен сипатталады»[16,69-б].
Жоғарыдағы анықтамалар әртүрлі. Алайда, олардың түйісетін жері біреу. Мақала – публицистикалық зерттеудің пішіні. Сонымен қатар, зерттеушілер мақаланың түрлерін де әр қырынан қарастырған. Н.М.Хлынов мақалаларды: насихаттық, проблемалық, сахналық, жалпылама, сыни, ақпараттық, публицистикалық (публицистикалық комментарий, публицист заметкасы)деп бөлсе, В.Д.Пельт мақаланы мынадай түрлерге бөледі: насихаттық, проблемалық немесе сыни, публицистикалық, ақпараттық. А.А.Тертычный мақаланың тұрақты пішіндеріне тоқтала отырып, былай жіктейді:
1. Жалпы зерттеу мақаласы.
2. Тәжірибелік-сараптамалық мақала.
3. Полемикалық мақала.
Қазіргі газеттің басқа жанрлары сияқты мақала да үздіксіз дамып, жетіліп отырады. Газет публицистикасындағы мақалаға уақыт көп өзгеріс әкеліп, жаңа түр берген. Мақала сол түрленушіліктен кенде емес.
Газет публицистикасында мақалалардың мынадай түрлерін байқауға болады:

  1. Ақпараттық мақала.

  2. Проблемалық-сараптамалық мақала.

  3. Теориялық мақала.

  4. Публицистикалық мақала.

Мақаланың бұл түрлері зерттеушілердің бұрын да атап кеткен үлгісі екені рас. Бұл бұрын болған мақала түрлерінің уақыт өте жоғалып кетеді деген ойды білдірмейді. 1980 жылдардың екінші жартысында болған қайта құру кезеңінде газет беттерінен бас мақала жанры мүлдем түсіп қалды. Бас мақаланың орнына газет беттерінен «Публицист заметкасы», «Публицист комментарийі» сияқты айдарлар көріне бастады. Алайда, жанрдың бас мақала түрі жоғалғанымен, оның газеттен біржола кеткендігінің көрінісі емес. Яғни, бірнеше жылдар өтісімен бұл түрдің мерзімді басылым беттеріне қайта оралуы ықтимал. Сонымен, мақала өмірді зерттеудің публицистикалық үлгісінің бір пішіні. Ол журналистен нақты шеберлікті, соның ішінде зерттеу, қорыту, түйіндеу, авторлық ойдың дұрыстығын дәлелдеу сияқты қасиеттерді талап етеді. Сонымен қатар, автор мақаланың жанрлық-стилистикалық ерекшеліктерін жетік біліп, оның композициялық құрылымын шебер қолдануды меңгеруі керек.
Мақала сараптамалық жанрдың ең күрделі түрі. Қазіргі таңда ол сапалы мерзімді басылымдардың бетінен түспейтін құндылыққа айналған жанр. Нөмірдің «шегесі» де мақала болып есептеледі. Қорыта айтқанда, мақалада қоғамның маңызды, қиын мәселелерін зерттеп, қарастырып, оның шешімін табу жолына бағыттау жағы басым түсіп жатады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   41   42   43   44   45   46   47   48   ...   76




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет